Тағдырларды талқандаған тәркілеу (Жалғасы) | arainews.kz

Тағдырларды талқандаған тәркілеу (Жалғасы)

259

(Жалғасы)

Құнарлы жерлерге келімсектер ие болды

Облыстық архивтің 778-қорында 1928 жылдың 27 та­­мыз күні округтік атқару комитетінің жоғарыға жолдаған хатын­­да тәркілеуге жататын байлардың тізімдері берілген.
Орайы келгенде оқырмандардың назарын мына мәселеге аударғым келеді. 1928 жылы «ірі қазақ байлары», нақтырақ айтқанда «феодалдар мен жартылай феодалдар тәркіленсе», одан кейін орта шаруа мен жағдайы одан төмендердің де малы мен мүлкі алынған. 1928 жылы тәркіленген байлардың тізімінде Жамбыл облысының Мойынқұм ауданынан нақты деректер келтіре алмағанымызды айтқым келеді. Себебі, Мойынқұм ауданы жаңадан құрылып жатқан. Сондықтан да ауданға қарасты елді мекендер Шу, Сарысу аудандарының аумақтарында болатын. Ал, қазіргі Жуалы ауданы сол кезде Түлкібас ауданының құрамында болды. Тарихи құжат бойынша Түлкібас ауданынан Жорабек Шорабеков деген бір ғана кісі ІІ санат бойынша тәркіленген. Ол қазіргі Түркістан облысы өңірінің азаматы. Нақтылап айтатын болсақ, Жуалы ауданында өзге өңірлермен салыстырғанда мыңғырған мал айдаған байлар өте аз болған. Себебі, құнарлы жерлердің барлығына келімсектер ие болған еді. Көп мал өсіруге келімсектердің егіншілікпен айналысуы кедергі жасағаны анық. Сондықтан да 1929-1930 жылдары тәркіленген орта шаруалардың дені өзге ұлт өкілдері болды. Ол кезде қазіргі Жамбыл мен Байзақ, Меркі мен Тұрар Рысқұлов аудандары сияқты Түлкібас пен Жуалының аражігі бөлінбеген еді.
Қазір Жамбыл облысына кіретін аудандар аймағында жүргізілген тәркілеу науқанының толыққанды деректерін жинау мақсатында біз Қазақстан Республикасы Орталық және Алматы, Түркістан облыстарының мемлекеттік архивтерінің құжаттарын ақтаруға тура келді. Себебі, қазіргі Жамбыл облысының өңірі Сырдария және Жетісу губернияларына қарасты болған. 1928 жылы қазіргі Шу, Қордай аудандары аумақтарында Шоқпар, Қордай аудандары құрылған. Сол жылдың соңында губерниялар округ болып қайта құрылғанын да естеріңізге салғым келеді.
1928 жылдың 27 тамызында Қазақ Советтік Социалистік Автономиялық Республикасының ірі байларды тәркілеу туралы декреті қабылданысымен 5 қыркүйекте Алматы округтік советі атқару комитетінің Президиумының отырысында Орталық атқару комитетінің қаулысымен Халық Комиссарлары советінің декретін жүзеге асыру туралы мәселе қарап, тиісті қаулы қабылдаған. Алматы округінен де Сырдария округі сияқты 100-дің айналасында ірі қазақ байы тәркіленген. Алғаш 300 байдың шаруашылығын тәркілеу көзделген. Округтік комиссия үш рет електен өткізгеннен кейін 83 бай шаруашылығының малы мен мүлкін алуды жоспарлайды. Оның он бесінің иесі бірден қамаққа алынады. Өлкелік комиссия алғаш 83 шаруашылықтың жетпіс біріне тәркілеу жұмысын жүргізуді белгілеп, кейін қосымша тағы он шаруашылықтың малы мен дүние-мүлкін мемлекет иелігіне алуды тапсырады.
Алматы облысының мемлекеттік архивінің 591-қорының, 1-тізімдемесінің 1-бумасындағы 9-ісінде Алматы округтік атқару комитетінің жанындағы байлардың шаруашылығын тәркілеу туралы округтік комиссияның жиналыстарының хаттамалары сақтаулы. Осы хаттамада қабылданған қаулы бойынша Алматы округтік тәркілеу комиссиясының төрағасы болып Абдрахманов тағайындалады. Осы жиында байларды тәркілеуге атқарылатын жұмыстар белгіленіп, алынған малды қайда, қалай жұмсау керектігі нақтыланды. Тәркіленетін дүние-мүлік және мал ірі қара есебімен қатталатындығы айтылды.
Қордай және Шоқпар аудандары жартылай көшпелі аудандар болып есептелінді. Округтік комиссияның Қордай ауданындағы уәкілі болып Гатауллин, Шоқпар ауданына Айтхожин бекітілді. Бір күннен кейін өткен тәркілеу жөніндегі губерниялық комиссияның отырысында комиссияның атқарар жұмысы тағы да нақтыланып, міндеттер айқындалған.
Қордай ауданы бойынша тәркіленгендер туралы биліктің қағазға түсірген деректеріне назар аударсақ, көп жайтқа қанығуға болады.
Тәркілеу комиссиясы 5 қыркүйектен 2 желтоқсанға дейін 25 жиын өткізіп, барлық мәселелерді талқылаған. Оның бәрін айтып жатудың қажеті шамалы. Ол зерттеуші­лердің еншісінде. 18 қыркүйекте өткен комиссияның отырысында тәркіленетін байлардың тізімі көрсетілген. Алғаш округ бойынша тәркіленетін 64 байдың есімдері аталса, одан кейін өткен отырыстарда олардың қатарының өсе түскенін байқауға болады. Мәселен, 18 қыркүйекте өткен отырыста Шоқпар ауданынан төрт адамның, Қордайдан бір байдың тәркіленетіндігі айтылған. Көп уақыт өтпей-ақ тәркіленетін байлардың қатары өзгеріп отырған. Мәселен, жоғарыда айтқандай алғаш Қордай ауданынан екінші топтағы байлар бойынша Мүсәпір Хожамбердиев қана тәркіленетіндігі айтылса, одан кейін оның қатарына Сейдахмет Телтаевты, Құлажан Ақатаевты қосу ұсынылған. Мұнан соң комиссияның отырысында Қордай ауданы бойынша тәркіленетін байлардың қатарына Уәли Алғабаевты енгізу туралы қаулы қабылданған. Комиссияның хаттамаларынан саяси науқан кезінде болған текетірестерден қысқаша болса да хабардар болуға болады.
Алматы облысының мемлекеттік архивінің 591-қордың 1-тізімдемесінің 4-бумасындағы 33-ісінде байларды тәркілеу туралы комиссиясының республика прокуратурасына жолдаған хаттары қатталған. Осы хаттамадан да тәркілеудің қалай жүргізілгенін, ұйымдастырылғанын жан-жақты білуге болады.
25 қыркүйекке дейін ауданда 39 жиын өтіп, оған 182 комсомол мүшесінің, 361 әйелдің, 256 қосшы мүшесінің, 1 816 жалшының, 244 орта шаруаның, тағы басқалардың қатысқандығы жөнінде жолданған жеделхатта Мүсәпір Хожамбердиевтің тұтқынға алынғаны да айтылған. Мүсәпір Хожамбердиев қамаққа алынған күні оның дүние-мүлкі мен малы тәркіленген. Гатауллиннің Қаракемер ауылынан округтік комиссияға жолдаған хатында тәркілеу кезінде оның отбасы мүшелерінің саны алты адам екендігін, қорасынан 8 қой, 4 ешкі, 1 құлынды бие, 1 тай табылып, кішкентай шошаласынан төсек-орын, тамақ ішетін ыдыс-аяқ табылмағанын айтады. Сонда «бай» деп тәркілегендерінің бай болмай шыққаны қалай?! Бұл сауалға Мүсәпірдің ұлдары Әлімқұл мен Қасымалының жазған арыздарынан жауап табуға болады. Олар әкелерінің екі әйел алғанын, балаларының бәрі көп жыл бұрын енші алып кеткендігін айтқан. Өздерінің, әкесінің, шешелерінің малдарын санамалап көрсеткен. Тізілген аз малда сыртта жүрген бауырлары Дәулетхан мен Әуесханның да үлестері болғанымен, барлығының малын жинағанда тәркілеу ережесіне сай келмейтіндігін жеткізген. Алайда, билік Мүсәпірдің елдің арасында өте беделді екендігін алға тарта отырып, оны қалайда тәркілеп, жер аудару қажет дейді. Бұдан тәркілеудің саяси қуғын-сүргінге ұласқанын аңғарасыз.
Алматы облысының мемлекеттік архивінің 591-қорының, 1-тізімдемесінің 1-бумасындағы 6-істе Қордай ауданынан кімдер тәркіленгені және кімдер туралы сөз қозғалғаны жөнінде нақты деректер келтірілген. 1928 жылы ірі байлардың қатарына Қордай ауданынан 2 адам іліккен. Олар Мүсәпір Хожамбердиев және Құлажан Ақатаев.
Архив құжаттарында Құлажан Ақатаевты Қасық ауылындағы түрмеден босату туралы адвокаттың округ прокурорына жазған арызында оның патша билігінен ешқандай марапат алмағанын, оның он сегіз жасында болыс болуы кездейсоқ екені айтылған. Тіпті, мәжбүрлеп болыс қойғандығын дәлелдегісі келген.
Ауданда 22 қыркүйекте басталып, 10 қазанда аяқталған тәркілеуде жоғарыда аталған байлардан 158 ірі қара және жалпы құны 7 500 рубль болатын дүние-мүлік тәркіленген. Жоғарыға жолданған ақпарда тәркілеу және алынған малды бөліп беру жұмыстарының үйлесімді жүргізілгені айтылады. Олар малды негізінен Шығыс-Жаныс, Батыс-Жаныс және Құлболды ауылдарының тұрғындарына бөліп берген. Келешекте бұл ауылдарда үлгі боларлық істер жүзеге асатындығына сенім білдірген.
Қордай ауданында жүргізілген тәркілеу науқаны туралы құжаттарды ақтарған сайын биліктің адамдарды бір-біріне айдап салу әдісін өте тиімді пайдаланғанын аңғарасыз. Жоғарыға жолданған ақпаратта жекелеген адамдардың конфискация туралы және кімдерді тәркілеу жайлы пікірлері қоса жолданған. Сол құжаттарды оқыған сайын ұнамаған адамдарды тәркілеп, жер аударудың ереже талаптарына жауап бермейтіндігін аңғарасыз. Тәркілеу Сырдария губерниясында да, Жетісуда да, Алматыда да бір сөзбен айтқанда, барлық жерде бір ретпен өткен. Жоғарыға жолдаған ақпарлар да, жеке адамдар туралы жинастырған мәліметтері де бірдей.

Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын

Алматы округінің Қордай ауданында жүргізілген тәркілеу қорытындылары туралы баяндамада көптеген деректер мен дәйектер бар. Мұнда да тәркілеуге дайындық жұмысы, жүргізілуі, қоғамдық ұйымдардың қатысуы, жасалынған қорытынды жайлы жалпылама болса да айтылған. Бір қызығы, округтік тәркілеу жөніндегі комиссияның Қордай ауданындағы уәкілі Гатауллиннің баяндамасында аудандық милицияның бастығын тұрмысы жоғары кулактың баласы ретінде Мүсәпір Хожамбердиевпен тығыз байланыста болғаны үшін қызметінен босату туралы ұсыныс жасаған. Неге екені бізге беймәлім, М. Хожамбердиевтің айналасында сөз де, әңгіме де көп болған…
Қордай ауданында жүргізілген конфискация туралы архив құжаттарында «тәркіленуге тиіс» деп көрсетілген өзге де азаматтардың есімдері айтылып, олардың отбасы және дүние-мүлкі туралы сипаттама берілген. Есімдері ауылдарда тәркілеу комиссиялары өткізген жиындарда аталған. Тіпті, соның негізінде оларды тәркілеу туралы қосымша тізімге енгізу жөнінде сұраныс та жасаған. 1928 жылдың 9 қазанында Алматыға Қордай ауданының орталығы Георгиевскіден тәркілеу жөніндегі комиссияның уәкілі Гатауллин жолдаған жеделхатта «тәркіленуге тиіс» деген азаматтардың аттары аталған.
Тәркілеу жөніндегі комиссия төрағасы олардың әрқайсысына сипаттама бере келіп, оларды арнаулы қаулы бойынша Қордай ауданынан жер аудару қажет екендігін айтады. Байқағанымыздай, бұл шын мәнінде тәркілеу емес, саяси қуғын-сүргін. Біздің бұл ойымызды Уәли Алғабаевтың ұлы Асқардың округтік комиссияға жолдаған арызы дәлелдей түседі. Ол арызында әкесінің болыстықтың бір жыл ғана старшинасы болғанын жазады. 1916 жылғы көтеріліске шыққандарды жазалауға оның қатыспағанын дәлелдейді. Көтерілісшілерді басуға Бішкектен шыққан жазалаушы отрядтың келе жатқанын ауылға хабарлап, көппен бірге қашып, тығылған. Жерлесі Оспан Әуелбеков екеуін жазалаушы отряд ұстап алып, олардың жол көрсетуін талап етеді. Олар өз еріктерімен жазалаушы отрядқа қосылған емес. Оның байлығы да жоқ. Қорасында 10 қой, 2 жылқы, 1 сиыры ғана бар. Осындай мәліметтерді айта келіп, Алғабаевтың ұлы әкесін босатуды өтінеді. Тіпті, оның 1918 жылдары Қызыл Армияның қатарында қызмет істеп, әскерге қажетті ат табуға көмектескенін де жазған.
Жоғарыда тәркіленген Құлажан Ақатаев пен Мүсәпір Хожамбердиевтен басқа архив құжаттарында жоғарыда аты аталған азаматтардың есімдері де айтылады. Олар тәркілеудің бірінші легінде қара тізімге ілінбегенімен, одан кейінгі тәркілеуге іліккен болуы керек. Алайда, біз олар туралы нақты деректерді кездестіре алмадық. Бірақ, 1929 жылы басталған тәркілеудің екінші кезеңінде малы барлардың барлығы бай деп саналғаны анық. Сондықтан да олардың сол тізімге еніп кетуі әбден мүмкін.
Сондай-ақ, арагідік болса да тәркілеуге жатпайтындар туралы да деректер бар. Мәселен, аудандық мемлекеттік атқару комитетінің жауапты хатшысы Қордай аудандық тәркілеу жөніндегі комиссияға жолдаған хатында Нұркен Ардабаевтың, Бекетай Қожағұловтың, Сәлімбай Батамбаевтың және Тымбай Серкебаевтың тәркіленбейтіндігі жөнінде оларға ескертулері қажет екені жөнінде хат жолдаған.
Орталық және Алматы облысының мемлекеттік архивтерін зерделеу кезінде Шоқпар ауданы бойынша тәркіленген байлардың аты-жөндерін анықтадық. Оқырманның назарын аударатын бір мәселе – 1928 жылдан 1930 жылға дейін болған Шоқпар ауданының құрамына қазіргі Шу ауданының елді мекендері мен бірге Алматы облысының кейбір ауылдары енген.
Архив құжаттарын оқыған сайын тағы да тәркілеу реті барлық жерде бірдей болғанын аңғарасыз. Тәркілеуге дейін атқарылатын үгіт-насихат жұмыстары, тәркілеу комиссиясын қолдауды ұйымдастыру, тағы да басқа көп жұмыс Шоқпар ауданында да атқарылған. Тәркілеу кезінде асыра сілтеушілік болғанын арыз-шағымдардан байқау қиын емес. Дегенмен де биліктің айтқанынан қайтпай, өз білгенін істегенін де құжаттардан оқуға болады. Сондықтан, оның бәрін қайталап айтуды артық санадық. 1928 жылы Шоқпар ауданынан кімдердің тәркіленгені жөніндегі мәліметтерді ғана ұсынамыз. Ал, тәркілеудің Шоқпар ауданында қалай болғанын толық білгісі келген азамат архив құжаттарына жүгінгені жөн.

Билік бұқараны бір-біріне айдап салды

Осы мақаланы дайындау кезінде Жуалы ауданы бойынша 1928 жылы ірі байлардың қатарында ешкімнің болмағанын білсек, Мойынқұм ауданынан тәркіленгендер туралы құжаттарды таба алмадық. Себебі, қазіргі Мойынқұмның елді мекендері 1928 жылға дейін бірнеше аудандардың құрамында болатын. Тәркілеу басталған сәтте аудан жаңадан ғана құрылып жатқан. Байларды тәркілеу үшін аудандарды «Көшпелі», «Жартылай көшпелі», «Отырықшы» деп бөлгенде де Мойынқұм, Шу аудандарының аты аталмайды. Өйткені, олар орналасқан өңірлер алдымен Жетісу, одан кейін Алматы губерниялары мен округтеріне қарасты болған.
Тарихи құжаттарда аудандарға жағрапиялық сипаттама беріліп, тәркіленетін байларды бақуаттылығына қарай топтарға бөлген. Мәселен:
Көшпелі аудандар қатарына – Қызылқұм мен Созақ;
Жартылай көшпелі аудандар –Талас, Меркі, Қарааспан, Жаңақорған, Түлкібас, Әулиеата, Шаян;
Отырықшы аудандар – Түркістан, Келес, Бадам, Қаратал, Ержар (қазіргі Жетісай мен Шардара өңірі).
Осы аудандар бойынша бірінші топта 80, екінші топта 9 байдың тәркіленетіндігі жазылған. Тәркіленетін байлардың саны жағынан Сырдария округінде Меркі ауданы бірінші, Қызылқұм ауданы екінші орында. Меркі ауданында алғаш бірінші топқа 25 бай жатқызылса, кейін – 23 болған, Қызылқұм ауданында бұл көрсеткіш –22. Тәркіленетін байлар тізіміне ең аз ілінгендер Талас пен Түлкібас аудандарында болыпты. Бұл аудандарда бір-бірден ғана ауқатты тәркілеу тізіміне енді. Есесіне одан кейін жүргізілген тәркілеу кезінде билік ешкімді аямаған.
Осындай деректерге қаныққан уәкілдер 1928 жылдың 5 қыркүйегінде аудандарда байларды тәркілеуді түсіндіруді мақсат еткен партия конференцияларға қатысты. Байларды тәркілеу жөніндегі аудандық комиссиялар құрылып, тыныш жатқан елге шоқ тастаған шешімдер қабылданды.
Байларды тәркілеуде алдарына нақты мақсат қойған билік малы болсын-болмасын сол ауылдағы беделді ақсақалдарды көгендеп ұстауға, құжатты оқыған сайын оларды да залымдықпен байлардың қатарына қосуға ұмтылғанын аңғарасыз. Мұның бәрі қазақтардың ішкі қарым-қатынасының тұнығын лайлауға, түптеп келгенде, қазақтарды салт-дәстүрінен айыруға бағытталған патшалық Ресей тұсындағы әдістерді жаңғыртты. Солардың ішінде рулар арасында іріткі салып, бір-біріне қарсы қою әдісінің тиімді екенін білді.
Мұрағат құжаттарында бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін округтік комиссияның кадр таңдау жұмысын аса ыждағаттылықпен қызу жүргізгені көрсетілген. Тіпті, олардың қару-жарақты пайдалана білуі де назарға алынды. Нәтижесінде барлық аудандарға округтік тәркілеу комиссияның өкілдері жіберілді.
Тарихи құжатта конференцияларда жергілікті жерлерден өкілдер ретінде 30 бен 50 аралығындағы қатысқан делегаттардың алдын ала іріктеліп, таңдалғаны да айтылған.
Өкіметтің тәркілеу туралы декретін түсіндірудің нәтижесінде жекелеген жерлерде кедейлердің тарапынан белсенділіктің артқандығы тілге тиек етілді. Әсіресе, тәркілеуге жатпайтын орта шаруалар осы конференцияларды ұйымдастыруға, тіпті, уәкілдерді үйлеріне жатқызып, қонақ етуде айрықша көзге түскен. Олардың белсенділігінің нәтижесінде тізімге енбей қалған жекелеген байлардың малын тауып, көрсеткен. Мәселен, Әулиеата ауданының Құмарық болысының кедейлері №12 ауылда тұратын бай Бүркітовтің (құжатта Буркетов), осы ауданның Талас болыстығының №9 ауылында тұратын Мойнақовтың қосымша тізімге енгізілуі жөніндегі ұсынысты бір ауыздан қолдап, оларды жер аудару туралы шешім қабылдаған. Сол сияқты осы болыстықтың №10 ауылында тұратын бай Бұралқы Сұлтанбеков туралы алғашқыда ауыз ашпай, кейін уәкілдің жалшыларды қорғап-қолдайтындығын жеткізгеннен кейін, бір жалшы байдың өктемдігі мен көрсеткен қорлығы жөнінде айтып берген. Оның сөзі байды отбасымен жер аударуға шешім қабылдауына жетеледі. Ал, осы ауданның Кеңес болыстығының №7 ауылының кедейлері мен жалшылары тәркілеу туралы уәкілдің келер алдында өздері жиналыс өткізіп, бай Дербіс Қалабаевты жер аудару туралы шешім қабылдап, оның он алты жыл бойы болыс болғандығын, бір баласының жалғандықпен партия қатарына өтіп кеткендігін жайып салған.

Ұжымдастыру қалай жүргізілді?

Бай шаруашылықтарын тәркілеу жөнінде жоғарыға жолданған есептік баяндамада уәкілдердің түсіндіру жұмыстарын жүргізуге кедей жалшыларды өздерінің қатарына тарта алмағандығы жөнінде де деректер айтылған. Яғни, кедейлердің бір бөлігі совет өкіметінің өктемдік саясатын қолдамаған. Бұған округтік комиссия уәкілдерді кінәлаған. Мәселен, Талас ауданы бойынша тәркілеу жөніндегі уәкілге екі-ақ рет жиналыс өткізген деп айып таққан. Анығын айтқанда, бұл ауданда байларды тәркілеу туралы жиналыс өткізудің қажеті шамалы болатын. Себебі, ауданда тәркілеу тізіміне бір-ақ адам енген. Сондықтан да уәкіл жоғары жаққа «Біздің өңірде бай жоқ, өткен жылдың қысында жұтқа ұшырап, барлық мал қырылып қалған» деп ақпар берген. Сөйтіп, ол жергілікті жерде жүргізетін жұмысты аудандық комиссияға жүктеп, округ орталығына кетіп қалған. Ал, Меркі ауданында жұмыс істеген уәкілдер Егінбаев пен Ахметов ауылдық жиналыстарда өкіметтің қарарларын түсіндіруде үлкен кемшіліктерге жол берді. Олар конференция кезінде тәркілеуге ұшырайтындардың тізімін бүкіл халықтың алдында жайып салған. Бұл хабарды бай тыңшылары өздерінің қожайындарына жеткізіп, келеңсіз жағдайдың орын алуына жетеледі. Арандатудың салдарынан 400-600 қой-ешкісі бар адамдар орта шаруалардың тізімдеріне еніп кеткен. Орта шаруаларды ірі байлардың қатарына енгізу дәйегі де орын алды. Соның салдарынан байлар орта шаруаларды өздерінің жақтастары етуге тырысты. Осының бәрі кедей мен жалшылардың өкіметке деген сенімсіздігін туғызды деген қорытынды да жасаған.
1929-1930 жылдары малы барлардың бәрі тәркілеуге жатқызылғандығын, құжаттарды сараласаңыз анық түсінесіз. 1928 жылдан бастап колхоздастыру барлық жерде, әсіресе, қазақ ауылдарында үлкен қарқынмен жүргізілуі керек болатын. Оған 1930 жылдың ақпан айында орталықтан барлық аудандық партия комитеттеріне жіберілген құпия хат дәлел бола алады. Хат Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің 11 П-қорының, 1- тізімдемесінің, 4-бумасының, 46-ісінде сақтаулы. Осы хатта кулактар мен байларды тап ретінде жоюда ұстанатын бағыт-бағдарлар нақтыланған. Ең бірінші тармақта кулактар мен байлардың шаруашылығын жою – ұжымдастырудың құрамдас бір бөлігі ретінде қаралуы керек екендігі атап көрсетілген. Жалшылар мен кедейлердің және орта шаруалардың ұжымдық шаруашылығы ретінде құрылатын колхоздар шын мәнінде кулактар мен байлардың шаруашылығын жою деп қарастырған жөн.
Құрылымдық өзгерістің соңы ашаршылыққа ұласты.
Сырдария округінде жаппай ұжымдастыруға жататын аудандар мыналар: Ержар, Келес, Жуалы және Беловод. Тап ретінде жойылатын кулактар мен байлардың шаруашылығы шын мәнінде жаңадан құрылатын колхоздарға көшетіндігі туралы атап көрсеткен. Осы хатта астын сызып тұрып, ерекше айтылған мәселе мынадай: кулактар мен байларды тап ретінде жою негізінде құрылатын кедейлер мен орта шаруалардың ұжымдасқан шаруашылықтары ірі әрі егін алқабы көп, түсімі мен сапасы артық болуы керек.
Жоғарыда атап көрсетілген 4 ауданда кулак пен байды тап ретінде жою жедел түрде жүзеге асырылуы қажеттілігі ескертілген. Жоюға жататын кулактар мен байлардың шаруашылықтары мынандай үш топқа бөлінген:
Бірінші топқа революцияға қарсы бай-кулактар жатқызылады, олар концлагерьлерге жіберіледі.
Екінші топқа белсенді кулактар, байлар, жартылай феодалдар, жартылай помещиктер енеді. Олар ОГПУ-дің нұсқауы бойынша округтен тысқары жерлерге жер аударылуы қажет.
Үшінші топқа басқа бай-кулактар жатқызылады. Олар сол колхоздың аумағынан көшіріліп, ауданның жері нашар өңірлеріне орналастырылуы керек.
Бірінші және екінші топқа жатқызылған кулактар мен байлардың шаруашылықтары және құрал-жабдықтары, малы, ғимараттары, өндірістері, жем-шөп және тұқым қоры тәркіленіп, олардың меншігіне тек қана күн сайын пайдаланатын үй шаруасына қажетті дүниелері мен 500 рубльге дейінгі қаржысы қалдырылуы керектігі де айтылған. Үшінші топқа жатқызылғандардың аз ғана шаруашылығы қалдырылса болды дейді.
Осы құжатта кімдерді қалай тәркілеу реті, жер аудару мәселелері нақтыланған. Сондай-ақ, осы және басқа да құжаттардан 1930 жылды билік табысты жылға айналдыру­ды көздегені анық байқалады. Сол жылы «социалистік жарыс» деген термин өмірге енді. Алайда, шаруашылық жүргізу барлық жерде ақсап жатты. Алынған мал өлім-жітімге ұшырап, талан-тараж болды. Мәскеуден келіп колхоз бастықтары болып тағайындалған жұмысшылар жағдайды былықтырып, қиындатып жіберді. Соның сал­дары­нан елдің арасында наразылық туындап, колхоздан жаппай шығу белең алды. Бұл туралы Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің 11 П-қорының 1-тізімдемесінің, 4-бумасындағы 70-ісіндегі 6-бетінде нақты айтылған. Жоғарыға жолданған «Әулиеата ауданында көктемгі дала жұмыстары туралы ақпараттық хабарда» кулактар мен байлардың үгіт-насихаты күшейіп, колхоздардан шығу, жаңа дақылдарды егуге қарсылық білдіру күш алғандығы нақты жазылған. Мәселен, Гродиков және Ақбұлым ауылдарында кедейлердің бірінші жиналысы өтпей қалды. Байлар бұл өңірге темекіні егу пайдалы емес екендігін насихаттаумен болған. Соның салдарынан темекі егуге қарсылық күшейіп, №41,42,47,48 және 26 ауылдарда колхоздардағы малды сату, ұрлау белең алғандығы айтылады. Мұндай мысалдарды осы құжаттан көптеп келтіруге болады. Соған қарамастан ауданда ұжымдастыру жоспарының артығымен орындалғандығы хабарланған. 1930 жылдың басында ауданда 7 500 ұжымдасқан шаруашылық жұмыс істеген. Тек қаңтар айында жаңадан 30 ұжымдық шаруашылық құрылған. Сонымен бірге, ұжымдасқан шаруашылықтарға байлардың, құқықтары жойылғандардың, саудагерлердің, қашқындардың, билердің ұрпақтары кіріп кетпеуі қатаң бақылауға алынғандығы да жазылған.
Бір сөзбен айтқанда, тәркілеуге байланысты құжаттар сол уақыттың лебін сезінуге бастайды. Бұл қорда Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінен алынған құжаттар да жинақталды. Олар көп емес. Жекелеген азаматтарды тәркілеу құжаттарымен бірге, Әулиеата және Жуалы аудандарының сол кездегі толық сипаттамасы назар аударарлық. Бұл құжаттардың арасында Шоқпар, Қордай аудандарынан тәркіленген бірнеше бай туралы қысқаша деректер бар. Сонымен бірге, сол байлардың отбасынан және өзінің тарапынан жазылған арыздар да осында. Деректерден осы өңірлерден жазылған арыздардың өте сауатты екенін аңғару қиын емес. Тәркіленген байлар мен олардың ұрпақтары арызды Фрунзе (Бішкек) қаласындағы заңгерлерге жаздырған. Бір жаманы, олар арыздарында «Мен неге тәркіленемін, анау неге тәркіленбеген?» деген сынды өзгені көрсету белең алған.
Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасы Орталық және Түркістан облысы мемлекеттік архивінің құжаттары негізінде жасақталған 778-қор өте маңызды тарихи деректерге толы. Осы қордағы құжаттар арқылы қазақ еліне түскен ауыртпалықты білуге болады. Советтер билік құрылымын өзгерткен сайын халық күйзеліске тап болған. Оған мысал жеткілікті. 1930 жылдың 25 шіл­десінде КСРО Орталық атқару комитетінің Президиумы округтік, әкімшілік-аумақтық жүйесін тарату туралы, сөйтіп, аудандық советтерді нығайту жөнінде қаулы қабылдады. Осы қаулының негізінде 1930 жылы 8 тамызда Қазақ АССР Орталық атқару комитеті республикада округтерды тарату туралы шешім қабылдады.Құжат қабылданғаннан кейін он жеті күннен соң Сырдария округі таратылды. Облыстық билік орнықты. Осы құрылымдық өзгерістің соңы 1932 жылдың ашаршылығына ұласты…
ТҮЙІН: Шындықты орнықтыру үшін барлық тарих қажет. Конфискация–тәркілеу қазақтың басына түскен аса бір ауыр қасірет. Әрнәрсенің атын айту керек болса, бұл-қылмыс! Тұтас халықты жер бетінен жойып жіберуге бағытталған саяси залым әрекет! Оны ешқашан да ақтауға болмайды! Халықтың қаймағын қалқып, ноқтаға басын тығып, оған сыймағандарын атып немесе тамырынан үзіп, жер аударуды қылмыс демегенде не дейсіз?!
Архив құжаттарынан азаматтықты да, пендешілікті де кездестірдік. Азаматтық танытқан адамды ардақтасақ та, пендешілік көрсеткенге күйінбеген жөн сияқты. Одан тәлім алумен бірге сабағын ұмытпаған жөн.

Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.