Жұбан ақын жазғандай, «мың өліп, мың тірілген» қазақ елі өз тарихында талай «тар жол, тайғақ кешулерді» бастан өткерді. Солардың қатарында осыдан 90 жыл бұрын басталған тәркілеудің әкелген қасыреті аз болмады. Мұны бүгінгі ұрпақ ұмытпауы тиіс. Осыған орай оның Ұлы даламызға әкелген зорлық-зобалаңы, қайғысы мен қасіреті және биліктің зымиян саясатының салдары туралы жазушы-мұрағаттанушы Мақұлбек Рысдәулеттің архивтерден жинастырған тарихи деректер мен дәйектер негізінде жазған мақаласын ықшамдап беріп отырмыз.
Нәубет неден басталды?
1928 жылы 27 тамызда Қазақстан Өкіметінің аса ірі байларды тәркілеу туралы декреті жарияланғаны белгілі. Құжат «Байлардың шаруашылығы мен жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару туралы» деп аталды. Ал, 30 тамызда «Қазақ АССР Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Советінің бай шаруашылықтарын тәркілеу туралы қаулысын қолдану жөніндегі Ережесі» қабылданды. 17 қазанда Қазақ АССР Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Советінің «Жартылай феодал ірі байлардың тәркілеу мен жер аударуға қарсылығы үшін қылмыстық жауапкершілігі туралы» қаулысы бекітілді. Бұл шешімдердің бәрі қазақ ауылына, қоғамдық қарым-қатынасты қалыптастырып, дамытып отырған оның белсенді тобын жоюға бағытталған шабуылы болатын. Билік Қазақ АССР-ның Адай округі мен Жетісу және Сырдария губернияларының, Қарақалпақ автономиялық облысының мақта өсіретін аудандарынан басқа өңірлерде тұрғылықты байларды тәркілеу арқылы ауылдарды советтендіру мәселесін шешуге ұмтылды. Яғни, бір сөзбен айтқанда, бұл қаулыда таптық күресті бұрыннан да тегеурінді, қауырт әрі батыл жүргізу міндеттелді. Бұл шешім көкірегі ояу зиялы қауым үшін өте ауыр болды. Қазақтың басына зобалаң әкелетінін білді. Соның алдын алу және оның ауыртпалығын жеңілдету үшін советтердің солақай шешімін жергілікті жерлерге жеткізуді өздерінің міндеті санады.
Билік болса тәркілеу тәртібі мен саясатын барынша қазақтардан жасыруға ұмтылды. Сондықтан да, көзі ашық азаматтар биліктің тәркілеу туралы қаулысын малы бар, жалшы жалдап отырған байлар тереңірек түсінуге, одан қиналмай шығудың жолдарын алдын ала табуларына көмектесуге ұмтылды. Ауыл-ауылды аралап жүрген зиялы азаматтардың ақылымен малын ағайын-туысқандарға бөліп берді, алыстағы жайылымдарға айдады, басқа да жолдарын қарастырды. Бір сөзбен айтқанда, малын жасырып, тықты. Сонымен бірге, олар басқа да іс-шараларды жүзеге асырды. Яғни, конфискацияға ілінбеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады.
Голощекиндіктер мұндай жағдай болатынын да болжаған. Қазақ байларында қанша мал бар екенін алдын ала 1926-1927 жылдары санап қойған еді. Билік жүргізілген санақтың нәтижесінде қазақта «бай» деп танылғандардың басым көпшілігінің ұсақ малы 500-ден аспайтындығын да білді. Сол себепті, тәркілеуге ілігуге тиістілердің малының санын төмен белгіледі. Бұған қоса, билік жергілікті белсенділерге орта шаруаны да байлар қатарына қосуға тапсырма берді. Тапсырманың астарында халықты жік-жікке бөліп, бір-біріне қарсы қою амалы жатты. Бұл залым саясаттың түп-төркінін көзі ашық қазақтар бірден түсінді. Сол «көзі ашықтардың» көпшілігі тәркілеу комиссияларына енген еді. Осыны пайдаланып, ағайын-туыстарына биліктің тәркілеу ретін айтып, хабар жеткізген.
1928 жылдың 3 желтоқсанында округтік комиссияның бай шаруашылықтарын тәркілеу жөніндегі есебінде немесе хабарламасында назар аударарлық деректер мен дәйектер көп. «Конфискация басталар алдында байлар басқа да қулықтарды ойлап тапты» деп жазылған хабарламада. Бірі кәмелетке толмаған балаларын үйлендіріп, оларға малын бөліп берген. Көп жар сүйген байлар әйелдерімен ЗАГС арқылы ажырасып, малы мен мүлкі бөлінді. Әулиеата ауданының Кеңес болысының №7 ауылының тұрғыны, ұзақ жылдар болыс болған Дербіс Қалабаев партия және комсомол мүшесі болып табылатын ұлдарына малын алдын ала бөліп беріп, тәркіленуден аман қалудың жолын тапқандай болғанын мысалға келтіреді. Сондай-ақ, жұт кезінде малының көп бөлігі қырылып қалғандығын ауылдық совет айғақтаған жиырмаға жуық анықтама алған. Алайда, уәкілдер ол құжаттарға сенбеді. Шын мәнінде, дәл тәркілеу басталған сәтте ол байлардың қатарына енбейтін еді. Мұндай мысалдарды қор құжаттарынан көптеп кездестіруге болады. Ауылдық советтер берген құжаттарды жаратпай, малының жұтта қырылғанына сенбей, түрлі себептер тауып, көздеген мақсаттарына қандай жолмен жетсе де өздерінің әрекеттерін «дұрыс» деп шешті. Мәселен, Әулиеата ауданының №11 ауылының байы Байелі Бейсевтің малын тәркілеуге келген уәкіл оның қорасынан көп малды таба алмаған соң, «көп мөлшерде пара беріп, анықтаманы сатып алғансың» деп айыптаған. Төрт түлігін тәркілеп қана қоймай, оны «ауыл белсенділерін қорқытқансың» деген қорытынды жасаған. Мұндай астыртын жұмыстар Меркі ауданында ерекше қарқынмен жүргізілді дейді құжаттарда. Әрине, сол кезде билік дайындаған құжаттарға сене беруге болмайтындығы бесенеден белгілі. Алайда, сол құжаттардан заманның соққан желін, аз болсада нақты бағыт-бағдарды аңғаруға болады. Бізге архив құжаттары сонысымен құнды.
Округтен жоғарыға жолдаған құпия құжатта уәкілдердің тарапынан бассыздық, тіпті, заңбұзушылық белең алғандығы да айтылған. Мәселен, Меркі ауылына келген уәкіл №9 және №10 ауылдарда тәркілеуді жергілікті жерлерде қолдау жөніндегі комиссия мүшелерін сайлап алғаннан кейін, оларға нақты заңсыз міндеттер қойған. «Егер сендер тәркілеу тізіміне байларды аз көрсетсеңдер, онда өздерің совет өкіметіне қас болғандарың, байлардың қатарын көбейтіңдер» деп өзі үлгі көрсетіп, қой-ешкісі 150-ден аспайтын екі орта шаруаны байлардың қатарына қосып, «олардың әрқайсысында 600-ден малы бар» деп жазып, тәркілеген. Ауылдық комиссияның мүшелері уәкілдің бұл бассыздығына наразылығын білдіргенде, ол: «Сендер совет заңына қарсы бас көтерсеңдер, жазаға тартыласыңдар. Мен сендермен бірге жұмыс істемеймін» – деп кетіп қалған. Уәкілді қолдау комиссиясының мүшелері оны қуып жетіп, айтқанының бәрін істейтіндігін мәлімдеген. Соның салдарынан орта шаруалар да байлардың қатарына еніп кеткендігі жөнінде құжаттар айғақтайды.
Келеңсіз осындай талай оқиғалар болған. Уәкілдер мен билік тарапынан орын алған бассыздыққа төзбеген комиссия мүшелерінің тәркілеуге қарсы болған сәттері де кездескен. Уәкілдер арасында адалдықты ту еткендер де болды. Оларға билік қара күйе жағып, жала жапты. Мұндай жағдайлар Меркі ауданының №5, №14, №1, тағы да басқа ауылдарында көрініс тапты. Уәкілге көмектесетін, қолдау көрсететен ауылдық комиссия мүшелері көпшіліктің қатысуымен орта шаруаны «бай» деп тәркілеуге және оны жер аударуға болмайтындығы жөнінде қаулы қабылдаған.
Жоғарыдан «Байларды тауып, тәркілеңдер» деген нұсқау келген соң, жергілікті жерлерде ірі байларды қолдан жасағаны жөнінде де айғақтар бар. Талас ауданында 1928 жылы 6 қыркүйекте аудандық тәркілеу комиссиясы құрылады. Осы комиссия ауыл-ауылды аралап жүріп, шын мәнінде мал-мүлкі тәркілеуге болатын байды таба алмайды. Соған қарамастан Жарас Өтеуұлы деген азаматты үш ұлының дүние-мүлкін қосып тәркілейді. Бұл жөнінде прокуратураға оның балаларынан арыз түседі. Сонымен бірге Талас аудандық тәркілеу комиссиясының мүшесі, аудандық атқару комитетінің төрағасы Палманов Сырдария округтік тәркілеу комиссиясына хат жазып, өздерінің істеген ісінің ақ-қарасын ажыратып беруді сұрайды. Араб әрпімен жазылған хатта былай делінген: «Өтеуұлы Жарастың үш баласын да кәмпіскілеп, олардың бәрін де әкесімен бірге жер аударуға ұйғардық. Осы дұрыс па? Соған жауап берулеріңізді сұраймын». 778-қорда сақтаулы бұл құжаттан басқа да деректер келтіруге болады. Алайда, мәселе түсінікті болғандықтан, оны соза берудің қажеті шамалы.
Кейбір жерлерде жалшылардың белсенділігі өте жоғары болғанын да аңғаруға болады. Мәселен, Меркі ауданының №7 ауылында уәкіл өткізген жиында бір жалшы жалындап сөйлеп, байлардың көрсеткен қорлықтары мен зорлықтарын айта келіп, ауылдағы бақуатты Зәуірбеков деген кісінің малын тәркілеп, өзін жер аудару туралы қаулының қабылдануына бар жан-тәнімен кіріскендігін дәлелдеуге ұмтылған құжат бар. Жиналысқа қатысушылардың оның ұсынысын қабылдауына тура келгендігі де жазылған. Әулиеата ауданының №3 ауылында өткен жиналыста жалшылар ұрандатып: «Совет өкіметі байлардың малын тартып алып, кедейлерге таратады. Олар біреудің еңбегін қанау арқылы байыған. Оларға кешірім жоқ» деген сөздер айтты» деп билікте масаттану да бар. Мұндай белсенділік Талас ауданының тұрғындарынан да байқалған. Олар байларды тәркілеу жөніндегі ауылдық комиссияларға белсене көмектесіп, оларға бақуаттылар туралы көптеген мәліметтер бергенін жазады. Солай болды ма, болмады ма, нақты дерек жоқ. Алайда, билік осылай деп ақпар берген. Ауданның №5, 6, 7, 9 және 14 ауылдарының кедейлері бірігіп, тәркілеу науқанын қолдау ретінде бәйге ұйымдастырған. Меркі ауданының №3 ауылының кедейлері мен жалшылары, коммунистері мен комсомол мүшелері, барлығы 174 адам қатысқан жиналыста байдың тыным таптырмай жұмыс істеткенін айта келіп, тәркілеу науқанын жүргізу дұрыс деген шешім қабылдаған.
Осыған ұқсас мысалдарды оқыған сайын округтік комиссия жоғарғы органның алдында тәркілеудің ұйымдасқан түрде өткенін дәлелдегісі келгенін аңғарасыз. Алайда, барлық жерлерде тәркілеу өте қиын, ауыр жағдайда өтті. Ғасырлар бойы ауыл экономикасын жүргізудің өзіндік әдіс-әрекеттерін қалыптастырған қазақтардың арасында жүргізілген бұл саяси науқан олардың шаруашылық жүргізудегі ерекшеліктерінің тамырына балта шабу болып табылды. Соның салдарынан мал қырылды, оның ақыры халықтың аштыққа ұрынуына әкеп соқты. Орныға бастаған билікке қарсы көтерілістердің дүмпуі де байқалып қалды. Архив құжатында мұндай жағдай Меркі және Шаян аудандарында орын алғандығы айтылады. Өкінішке қарай, билік бұл оқиғаларды хаттамаған, болған деректі жасырғысы келген.
Мыңғырған малдың иелері кімдер?
Сонымен 1928 жылы Әулиеата өңірінен тәркіленген қазақтың ірі байлары кімдер? Осы жерде тәркіленгендердің аты-жөнін атаудың еш артықтығы жоқ.
Меркі ауданы бойынша:
Биғазы Қонысбаев, Дәулетқазы Егізбаев, Шолпанқұл Мәдеров, Нұрғазы Қонысбаев, Сегізбай Қонысбаев, Егізбай Қонысбаев, Үсенбек Бектепов, Сейітжаппар Ибраимов, Бектен Медеров, Нысанбай Медеров, Мақай Шолпанқұлов, Сұлтанқұл Медеров, Нәметқазы Егізбаев, Әбдібай Рысбаев, Молдағали Қазақбаев, Елубай Көкталов, Темірбек Құсбеков, Жылысбай Сәрсенбиев, Қайсарбай Жексенбиев, Құлбай Көкталов, Қадырбек Құсбеков, Қарабай Әділбеков, Беделбай Әділбеков.
Талас ауданы бойынша:
Жарас Өтеуұлы.
Әулиеата ауданы бойынша:
Байелі Бейсеев, Тұрғынбек Зәуірбеков, Дербіс Қалабаев, Бошай Мойнақов, Бұралқы Сұлтанбеков.
Сарысу ауданы бойынша:
Қақу Арғынбаев, Түсіпбек (Джусип) Ықыласов, Өксікбай Арғынбаев, Сыздық Отыншиев, Жүсіп (Юсуп) Шоқаев, Әліп Кәукенов (Али Кунанов), Әуесбек Қожантаев, Иманбек Қожантаев, Төленбек (Тошлибек) Жәнібеков, Ақберген Кеңгөзов.
Қордай ауданы бойынша:
Мүсәпір Хожамбердиев, Құлажан Ақатаев.
Шоқпар ауданы бойынша:
Сапарбай Меркінов, Әлімбай Меркінов, Қарабай Тәжиев, Әтіш Тілеужанов, Мешітбай Өмірбеков.
Көшпелі аудандарда тәркілеуге түскен бірінші топтағы 25 байдан 3 579 ірі қара және 81 400 қой алынған. Ал, осы аудандардағы екінші топқа енген 4 байдан 332 ірі қара және 3 200 қой тәркіленді.
Жартылай көшпелі аудандардағы бірінші топтағы 41 байдың 9 545 ірі қара және 94 864 ұсақ малы тәркіленсе, екінші топтағы екі байдан 200 ірі қара және 150 қой-ешкі алынған.
Отырықшы аудандардағы бірінші топтағы 14 бай шаруашылығынан 2 684 ірі қара, 61 080 ұсақ мал тәркіленсе, екінші топтағы 3 байдан 45 ірі қара алынған.
Сырдария округі бойынша 80 бай шаруашылығы, сонымен бірге 9 ру ақсақалдары, Қоқан хандығы тұсында билік құрған датқалардың ұрпақтары, бұрынғы болыстардың мал-мүлкі тәркіленді. Олардан 16 385 ірі қара, 240 694 ұсақ мал алынды.
Асыра сілтеп, аша тұяқ қалдырмаған уәкілдер мен биліктің бассыздығына қарсы наразылық барлық жерде болды. Басқаны айтпағанда, архив құжаттарында ауылдық советтің төрағалары, коммунистер, бір сөзбен айтқанда атқамінерлер, белсенділер тәркілеудің дұрыс жүргізілмей жатқанына қарсылық білдірумен бірге байларды қорғаштағандығы туралы нақты деректер келтіріледі. Шын мәнінде олар байларды ғана емес, ұлттық құндылықтарды жоюға да қарсылық көрсеткен еді. Құжатта оларды маскүнем, жауапсыз, пара алған деп кінәлайды. Сол сияқты, Меркі аудандық партия комитетінің хатшысы (аты аталмайды) байдың үйіне барып, арақ ішіп, байдың хаттамамен мөрлеп, құлыптап қойған үйін ашқызып, оны тәркілеуге қатысқан адамдардың бәрін жазаға тартуды талап етіп, Әділбековті тергеуден босату жөнінде тапсырма береді. Жоғары билік уәкілдің іс-әрекетін қаралауға тырысқанын аңғару қиын емес. Мүмкін ол әділдіктің салтанат құруы үшін талап еткен болар.
Байлардың малын тәркілеу кезінде малдың орынсыз талан-таражға түсуі де орын алғандығы айтылады. Малмен бірге байлардың ауыл шаруашылық техникаларын, басқа да керек-жарақтарын тартып алу фактілері белең алды. Округ бойынша тәркіленген 105 байдан ірі қараға шаққанда 24 736 мал алынды. Мұның сыртында Сарысу ауданында тәркіленуге тиісті 8 байдың малы дәл осы кезде есепке алынбаған еді. Себебі, сарысулықтардың малын Бетпақдалаға асырғандығы назарға алынған. Уәкілдер Бетпақдалаға 1928 жылы жете алмады. Сондықтан да, Сарысу ауданындағы ірі байларды тәркілеу мерзімін ұзартуды сұрап жоғарыға жолдаған хаты да сақтаулы.
Архив құжатында байлардың жер аударылудан өздерін сақтап қалу үшін бастарын сауғалап жан-жаққа қашып, көшкендігі де жазылған. Мәселен, бір ғана Меркі ауданының байлары Биғазы Қонысбаев, Сейітжаппар Ибрагимов, Қойбай Көкталов, Қарабай Әділбеков, Қадырбек Құсбеков, Әулиеата ауданынан Бұралқы Сұлтанбековтердің басқа жаққа қашып кеткендігі айтылады. Олардың кейбіреуі отбасымен бірге қашса, кейбіреуі өздері ғана кеткен. Билік олардың отбасын қамақта ұстағаны жөнінде де деректер бар. Қашқындарды ұстап, жазаға тарту деректері де кездеседі. Ал, оларды тәркілеп, жер аударған кезде бүкіл ауыл-аймақ болып, байларға құрмет көрсетіп, шығарып салуға кедейлердің де, коммунистердің де, барлық белсенділердің қатысқаны жөнінде айтылады. Мысалы, Әулиеата ауданының байлары Зәуірбековті, Мойнақовты және Қалабаевты жер аудару кезінде теміржол стансасына олармен бірге 70 адамның ілесіп келгендігін билік қынжыла жазады. Олардың арасында ауылдық советтердің төрағалары да болған. Жер аударылып бара жатқандарға мың рубльден жеті мың рубльге дейін қаржы жинап берген. Ал, Меркі ауданының халықтық судьясы жер аударылып бара жатқандарға мемлекет есебінен билет сатып әперуді байларды тәркілеу жөніндегі комиссиядан талап еткен. Бір сөзбен айтқанда, байларға деген таптық көзқарастың болмауы салдарынан алдын-ала белгіленген мал түгел жиналмаған деп қорытынды жасайды округтік комиссия.
Жоғарыда айтылғандай, тәркіленген малдың талан-таражға ұшырауына қажеттілікке жұмсау да ықпал жасады. Округ бойынша 603 ірі қара (бес қой-ешкі бір ірі қара малы болып есептелінген) осындай мақсаттарға жұмсалған. Оның ішінде 500-ге жуығы байлардың бірыңғай ауыл шаруашылық салығын төлеуге жұмсалса, жалшылардың еңбекақысына да мал берілген. Сонымен бірге жиналған малдан 52 ірі қара жоғалған, ұрланған, өлген. Құжатта мұндай келеңсіз оқиғалардың бәрінің орын алуының басты себебі – ауылдық жерлерде коммунистердің аз болуынан деп қорытынды жасайды.
1928 жылдың 3 желтоқсанында дайындалған округтік комиссияның бай шаруашылықтарын тәркілеу жөніндегі осы есебінде келтірілген деректер мен дәйектерге назар аударалық. Оның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін ажырату қиындау, әрине. Бұл жерде биліктің көздеген мақсат-мүддесін аңғаруға болады. Округтің қазақ ауылдарында туысқандық қарым-қатынастың беріктігі, жалшылардың байларға қарсы шығуына жол бермей отырғанын айтудың өзі көп нәрсені байқатады. Алдымен халықтың иманды екенін, ауылды жерлерде ескі көзқарастың берік орныққанын білдіреді. Ақсақалдардың кеңесімен Меркі және Шаян аудандарында билік саясатына қарсылық білдірген толқулардың орын алғандығы да жазылған. Сонымен қатар, алғашқы кезде орта шаруалар бай жағында болса, кейін өздері тәркіленбейтіні анық болған соң кедейлер жағына шықты дейді. Осындай тұжырымдарды айта келіп, округтік комиссия мүшелері ауылда жүргізілген науқан кедейлер арасынан жаңа кадрларды даярлауға, оларды алда болатын сайлауға, партияның және Қосшы одақтарының қатарын тазалауға пайдалануға болатындығын, сөйтіп ауылдарда партия, совет жұмысын жақсартуға жол ашқандығын мақтана айтқан. Округтік комиссия есебінің соңғы қорытындысында былай делінген: «По размерам достигнутных результатов, компания по конфискация – крупнейшее из революционных мероприятий в казакском ауле». Осылай болғаны рас. Шын мәнінде бұл шара қазақ ауылын ашаршылыққа, құрдымға бастады.
(Жалғасы бар)