Түркілер табанының табы қалған | arainews.kz

Түркілер табанының табы қалған

1 338

Меркі-Жайсан түрік ғибадатханасы – ерте ортағасырлық түркілердің Меркі-Шу аудандарында орналасқан мәдени-ғұрыптық кешені. Бұл аймақтағы кешенді ескерткіштер тобын  жерлеу орындары – қорғандар, қорғандардың маңында кездесетін ғұрыптық қоршаулар, балбал тастар, жартастардағы суреттер мен руникалық таңбалар және қойтастарда кездесетін ойма жазулар құрайды. Ғұрыптық қоршаулардың әрқайсысының орта тұсында жарым-жартылай сындырылған, беттері шығысқа қаратылған балбалдармен стелалар орнатылған. Тас мүсіннің мойнында ірі тастардан алқа бейнеленген, сонымен қатар сырт киімінің жағасы мен кең келген жеңі, шығыс үлгісінде малдас құрып отырған бейнесі салынған. Оң қолында кубок үлгісіндегі ыдыс көрсетілген.

Меркі-Жайсан ғұрыптық тобын – жерлеу орындары – қорғандар, қорғандардың маңында кездесетін ғұрыптық қоршаулар, тас мүсіндер, балбал тастар, жартастардағы суреттер мен рулық таңбалар және қойтастарда кездесетін ойма жазулар құрайды.

Тас мүсіндер таулы өлкелердің жазық алаңдарында, өзен-судың (Талас, Шу өзендері) бойында кездеседі. Тау мен су көшпелі қауым үшін қасиетті ұғымды білдірді, сонымен қатар, тау баурайында мүсін жасауға тау-тас керек болады. Расында да, зерттеу жұмысымыздың барысында, ғұрыптық кешендер негізінен тау не¬месе шатқал баурайында,  өзен немесе терең арық бойында, ат шаптырып, ас беруге қолайлы жазық алаңқайда орналасатындығын аңғаруға болады.

Түрік қағандығы кезінде орнатылған ескерткіштер тас шарбақтар мен  тас мүсіндерден тұрады. Түрік дәуірінің көшпелі қауым өкілдері өздерінің байырғы ата-бабаларының жатқан жерін білуі, ата-бабалары жатқан жерге өздерінің де жерленуін қалауынан жинақталған. Жоғарыда атап өтілгендей, табиғаттың тамаша жер¬лері қасиетті ретінде балануынан бөлек, аруақтар мекені болғандықтан да ғұрыптық кешен орналасқан жердің киелі орын ретінде ұлықталуы заңды құбылыс.

Тас мүсіндер қашан да болсын таулы бұйраттардың шығысқа қарай көсіліп жатқан жазық алаңында немесе өзен аңғарларының тау жақ етегінде кездеседі. Мұндай алаңдар ежелгі мал өсіруші тайпалардың қызықтап әуестеген жерлері болған. Халықтың ұлы мерекесі, өлген адамына ас беру, ат шаптыру, балуан күрестіру қашан да сондай жазық алаңда өткізілетін болған. Сондықтан, ондай жерлер халық аңызынан белгілі орын алып, ел есінде сақталатын, тарихи – шарбақ тас, мүсін тастар тұрғызылып отырған.

Әлкей Марғұланның айтуынша,  түрік дәуірінен қалған тас мүсіндердің ерекшелігі, олар қашанда әскери қарулармен (қылыш, қанжар, жорық белбеу), құты сауытпен бірге суреттеліп отырады. Қолбасы алыптар не батырлар құты сауытын әдетте оң қолымен көтеріп, сол қолымен белбеуіне сүйеніп не қылыштың сабын ұстап тұрады. Хан, бек, биге арнаған мүсіндерді шеберліктің бір талай жоғарғы сатысына жеткізіп, олардың айбынды, байсалды сазығыр түрін жақсылап келтірген. Оларға тән ерекшелік басындағы алтын айдары, құлағындағы сырғасы, қолын¬дағы аса таяғы, беліндегі кісесі. Көне дәуірдің безеушілері бұл айтқан тәптіштерді аса қадағалап, көңіл күйінің шалқуымен келістіре безеген.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.