Жамбыл облыстық ҚАЖД қарасты ЖД-158/4 мекемесінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – әрбір азаматтың міндеті» тақырыбында кездесу өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті превенция басқармасының бас маманы Айбек Әжібаев мекеме қызметкерлеріне осы бағыттағы заңнамаларға енгізілген бірқатар өзгерістермен таныстырды. Мәселен, 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына қатысты жемқорлықпен күрес аясында жаңа шектеулер енгізілсе, сонымен бірге құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазаны қатайту тұрғысынан Қылмыстық кодекске де өзгерістер енгізіліп отыр. Қызметкері парамен ұсталған басшының отставкаға ұсыным беру институты да қарастырылған. Айбек Итқараұлы әр мәселе әдеп жөніндегі кеңес отырысында жеке қаралып, кеңес ұсынысы жоғары тұрған органға ұсыныс ретінде жолданатынын атап өтті. Отставканы қабылдау, қабылдамау жоғары тұрған орган құзіретіне кіреді. Тағы бір енгізілген өзгеріс — бұдан былай сыбайлас жемқорлыққа қатысты ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайтын болды. Ал сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдар заң жүзінде қорғалмақ. Жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын шектеу қойылып отыр. Кездесуде сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған бірқатар өзгерістер таныстырылды. Лауазымды тұлғалар тарапынан ақша қаражатын бопсалау, жымқыру, өкілеттілігін асыра пайдалануға тап болған кез-келген азамат Агенттіктің CALL-орталығына «1424» телефоны арқылы хабарлауды немесе Тараз қаласы, Айтиев көшесі, 40 мекен-жайы бойынша орналасқан Жамбыл облысының Департаментіне хабарласа алады. Анонимділікке кепілдік беріледі. Сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзгеше түрде жәрдем көрсететін адамдар үшін көтермелеу бір реттік ақшалай сыйақы түрінде белгіленген. Ал бұрынғы жемқорларды жұмысқа қабылдағаны үшін басшыларға 300 мың теңгеге дейін айыппұл салынбақ. Агенттік өкілі түзеу мекемесінің қызметкерлерімен кездесуде осы және өзге де құнды ақпараттармен бөлісіп, оларды жемқорлық әрекеттерді болдырмауға, сыбайластықпен бірге күресуге шақырды.