Жастар қай кезде де алғырлығымен, жігерлілігімен, белсенділігімен ерекшеленіп тұратын толқын. Ел экономикасының ілгерілеп, әлеуметтің дамуына да олардың қосар үлесі сүбелі. Мемлекет тарапынан жастарға жан-жақты жағдай жасалуда. Оқу орындарында да жастардың жұмысын үйлестіретін құрылымдардың қалыптасып келе жатқандығы қуантады. Мысалы, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде әр факультеттің білім алушыларының басын біріктіріп, жұмысын жүйелейтін студенттік декан тағайындалған. Оларға оқу орны тарапынан арнайы стипендия да бөлінеді. Ал, олардың атқаратын қызметі мен міндеті қандай, бүгінге дейін нендей жетістікке қол жеткізе алды? Осы сауалдар төңірегінде Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің «Білім» факультетінің студенттік деканы Асылбек Байғазиевпен әңгімелескен едік.
– Асылбек Нәсіпқалиұлы, үлкен бір университетте студенттік декан қызметін атқарып жүрсіз. Бұл жұмыс қандай міндет жүктейді?
– Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті осыдан 10 жыл бұрын, яғни, 2008 жылы ашылды. Осы уақыт аралығында жастарды 3 факультетке топтастырып, кәсіби білім беріп келеді. Соның ішінде гуманитарлық-педагогикалық бағыттағы мамандықтар «Білім» факультетіне біріктірілген. Міне, осы факультеттің студенттерінің жай-күйін бақылап, олардың түрлі мәселелерін зерттеп, оңтайлы шешімін табуына көмектесу мақсатында студенттік декан сайланған. Кез келген оқу орнында студенттік құрылым болады. Сол секілді біздің университеттің суденттік деканы да ішкі тәртіптің сақталуы мен студенттердің жағдайын қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істейді. Мәселен, оқуға жаңадан түскен студенттердің әлеуметтік жағдайын зерттеп, егер аз қамтылған отбасынан шыққан немесе ата-ана қамқорлығынан айырылған болса, университет басшылығына барлық жағдайын дәлелді түрде жеткізіп, оқу ақысына жеңілдік алуына жәрдемдесеміз.
Студенттік декан болып сайланғаныма жарты жылдың жүзі болды. 2016 жылы осында оқуға түсіп, содан бері мәдени, қоғамдық шараларға белсене қатысып, ұстаздарымның көзіне түссем керек, осы қызметті атқара алады деген сенім артты. Қазір мүмкіндігімше үдеден шығуға тырысып, еңбектенудемін. Дегенмен, кейбір әріптестерім студенттік деканды галстук тағып, әдемі киініп жүру деп түсінеді. Бұл – өте қате түсінік.
– Тараз қалалық жастар ресурстық орталығында да жұмыс істейтіндігіңізді байқадық…
– Ол жерде «Темірқазық» жастар қозғалысының жетекшілігін ерікті ретінде атқарамын. Темірқазық ең жарық жұлдыздардың бірі болғандықтан, біздің де осы қозғалысымыз елге пайдалы істерімен жан-жағына жарық сәулесін шашып жүретін, яғни, көпшіліктің игілігіне жарайтын топ болсын деген ниетпен құрылған. Осы мақсаттың аясында жұмыс істеп келеміз. Атап айтсам, жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу шараларын ұйымдастырамыз. Әрине, «өтірік айтпа, зиянды іске барма» дегендей ақыл айтқаннан, құр даңғазадан нәтиже болмасы анық. Сол себепті, біз жастардың ортасында әлеуметтік сауалнама жүргізіп немесе басқаша әдістермен психологияларын, күнделікті тыныс-тіршіліктерін зерттейміз. Соған қарай әрекет етеміз.
– Сіздің пайымыңызша, еріктілер деген кімдер?
– Жалпылама түсінікті тілмен айтсақ, еріктілер қызметіне ешқандай ақы талап етпейтін, тек еліне, туған жеріне деген патриоттық ниетпен көпшілік мүддесіндегі қоғамдық жұмыстарды жүзеге асыратын адамдар. Ал, ғылыми тұрғыда айтсақ, латынның «voluntarius» сөзінен шыққан, адамның өз еркімен қоғамдық жұмыстарға белсенді араласушы деген сөз. Дәл бүгінгі таңда біздің елде ерікті жастардың күші қоғамның мүддесіне өте ұтымды пайдаланылып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен 1985 жылдан бері 5 желтоқсан Халықаралық еріктілер күні ретінде аталып өтіледі. Ресми деректерге сүйенсек, БҰҰ жылда 8 000-ға жуық кәсіби жоғары білімді мамандарды әлемнің 140 дамушы мемлекеттеріне көмекке жіберіп отырады. Біздің елге де шетелдерден келуші еріктілер көп. Қорыта айтқанда, еріктілер – қоғамға ең пайдалы, елдің дамуына үлесі үлкен адамдар.
– Бүгінгі уақытта мемлекетіміздің білім іздеп, еңбектенуге ниеттенген жастарға деген қамқорлығы ауыз толтырып айтарлықтай. Осындай мүмкіндіктерді сіз қолдана алып жүрсіз бе?
– Мен қазір 3 курс студентімін. Ешқандай мемлекеттік бағдарламаларға әлі қатысып көрген жоқпын. Дегенмен, университет тарапынан алған жеңілдіктерім, оқу орнымнан көрген қамқорлықтарым мемлекетімнің маған жасаған мүмкіндіктері деп білемін. Қазір мен «Мемлекетімнен не аламын?» деп емес, «Отаныма не бере аламын?» деген ойда жүрмін. Қолымнан келгенінше елімнің дамуына перзенттік үлесімді қоссам деймін.
Университетке түскелі бері ономастика саласы бойынша ғылыми зерттеумен айналысып жүрмін. Сол ғылыми еңбегіме байланысты Алматыда өткен халықаралық конференцияға қатысқан едім. Сол жерде Түркия елінің Анкара университетінен келген ғалым-оқытушылармен танысып, біраз кеңесін алғанмын.
Алдағы уақытта осы оқуымды тәмамдаған соң Анкара университетінде магистрлік білім алып, оқуымды жалғастырсам деген жоспарым бар. Мүмкін сол кезде мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, бағымды сынап көрермін. Тіпті, ешқандай мемлекеттік бағдарламамен тегін оқуға түсе алмасам да білімімді толықтырғаннан кейін өзім өскен елге қызмет етемін. Өзге елде үлкен мүмкіндіктерге жетіп жатсам да білім алып болған соң өз еліме қайтып ораламын. Себебі, менің өмірлік ұстанымым – «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол».
– Ғылыми зерттеуіңізге неліктен ономастиканы таңдадыңыз?
– Ономастика тіл білімінің жалқы есімдерін зерттейтін сала. Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» кітабын оқығанымда ондағы кейіпкерлердің есімдері, жер-су атаулары қызықтырды. Жетекшім, ТИГУ-дің доценті Қаракөз Танабаева да осы саланы зерттеуімді құптады. Осы зерттеуімде «Ай мен Айшадағы» жалқы есімдердің сырына үңілдім. Мысалы, Қаратау деген жер атауын қара түсті тау болғандықтан солай атады ма? Әлде басқаша тарихи оқиғасы бар ма? Сол секілді Талас өзенінің атауын алсақ, сөзді буын-буынымен бөліп қарастырсақ, «тал-ас», яғни, «талдан асып өт» деген мағына береді. Бұл ұғым ондағы судың талдан асатын ағынына қатысты айтылды ма? Әрине, оның байыбына үңілу үшін көп іздену керек. Сондай-ақ, кітап кейіпкерлері Айша, Барысхан, Батырхан, Мұртаза секілді есімдердің де әрбірінің астарында үлкен мән жатыр. Міне, осы жақтарын зерттеудемін. Болашақта бұдан да жоғары білім алғанда, зерттеу еңбегімнің аясы да кеңейіп, елдің ертеңіне қажетті дүние бере алатыныма сенемін. Қандай іспен айналыссам да ең бастысы, туған елімнің игілігіне жарасам деймін, менің түпкілікті мақсатым – осы.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Қамар Қарасаева