Сенаторлар ішкі істер органдарын реформалаудың 3 негізгі бағытын атады | arainews.kz

Сенаторлар ішкі істер органдарын реформалаудың 3 негізгі бағытын атады

155

Елбасы тапсырмасына орай Алматы қаласы Ішкі істер департаменті  басшылығының мәжіліс залында Парламент Сенатының депутаттарымен кездесу өтті.

Полицейлер алдында сот жүйесі мен құқық қорғау органдарының конституциялық заңнама комитетінің хатшысы Дулат Құсдәулетов, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Төлеубек Мұқашев және Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Динар Нүкетаева сөз сөйледі.

«Азаматтардың қауіпсіздігі өмір сапасының ажырамас бөлігі болып табылады. Ішкі істер органдарының қызметкерлері өз өмірлерін қатерге тігіп, қылмыстармен күреседі. Сонымен бірге, қоғам құқық қорғау органдарының, бірінші кезекте полиция жұмысының түбегейлі жақсарғанын күтеді. Мемлекет басшысы Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірге «Ішкі істер органдарын жаңғырту жол картасын» қабылдауды тапсырды. Бұл реформа 2019 жылдың 1 қаңтарынан басталуы керек», — деді Дулат Құсдәулетов.

Сенат депутаттары ішкі істер органдарын реформалаудың 3 негізгі бағытын атап өтті.

«Біріншіден, полицияның тиімсіз функцияларын алып тастау мақсатында ІІМ-нің штаттағы қызметкерлері оңтайландырылады. Екіншіден, полицейдің жаңа стандартына сәйкес, мансаптық өсу жүйесі, сондай-ақ полиция академиялары арқылы кадрларды дайындау және іріктеу жүйесі өзгертіледі. Үшіншіден, халықпен жұмыс жасаудың қазіргі заманғы жаңа форматын енгізу және полицияны бағалау критерийлерінің түбегейлі өзгеруі жоспарлануда», — деді Сенат депутаты Тілеубек Мұқашев.

«Елбасының айтуынша, полицияның жұмысы қызметтік үлгіге ауысу керек, яғни қалалық және аудандық полиция бөлімдерінде ХҚКО базасындағыдай азаматтарды қабылдау үшін қолайлы жағдайлар жасалатын болады. Қазақстанның барлық қалалары қоғамдық қауіпсіздікті бақылау жүйелерімен цифрланады. Полицияның жұмысын бағалау өлшемі — халықтың сенімділігі мен халық арасындағы қауіпсіздік сезімі болуы тиіс», — деді депутат Динар Нүкетаева.

Басқосу барысында полиция басшылығы өндірістегі жаңа заңдардың қолданылуына қатысты сұрақтар қойды және болашақта Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарын реформалау мәселелерін талқылады.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.