Жамбыл облысы ғана емес елімізге танымал өнер және әдебиет қайраткерлері Спандияр Мұқышев, Серік Томанов, Телғара Үсенбаев, Болат Бекжан, Көсемәлі Сәттібаев секілді танымал тұлғалардың ұстазы Жақсылық Сағынбеков ағамыз Аманкелді сегізжылдық мектебінде қазақ әдебиеті мен қазақ тілінен сабақ беретін. Шағын ауылдағы мерекелерде мектеп сахнасында мұғалімдер мен ауыл жастарының күшімен қойылатын концерттерде Жақсылық ағайдың орындауындағы «Сайра, бұлбұл» мен жеңгеміз Бегімкүлдің орындауындаға Абайдың әндері ауыл тұрғындарының көңілінен шығып разылығын тудырып жататын. 15 мамыр күні «Баласағұн» концертзалында ҚР Мәдениет саласының үздігі, әнші Мадина Сағынбекованың сахнада 25 жылдық мерейтойына арналған «Сайра бұлбұл» атты ән кеші туралы хабар осындай сағынышты сәттерді еске салды.
Мәдина Жақсылыққызы Сағынбекова, Жамбыл облысы, Талас ауданы, Тамабек ауылында 1977 жылы 24 наурызда дүниеге келген, бала кезінен өнерге деген қызығушылы артып, мектеп қабырғасынан-ақ түрлі байқаулар мен фестивальдерге қатыса бастаған.
1992 жылы 9 жылдық мектепті үздік аяқтап, Жамбыл мәдениет және өнер колледжіне оқуға түскен Мадина колледж қабырғасында домбыра, гитара, баян аспаптарын жетік меңгеріп, қалалық, облыстық іс-шараларға белсене араласып жүрді. Алғаш рет Мұхтар Шахановтың «Қазақы дастархан» әнімен сахнаға шыққан, «Ән-саз» факультетінде ұстаздары белгілі әнші Дүйсенбек Өмірәлиев және термеші Есенбек Сәтбаевтан дәріс алған Мадина 1995 жылы колледжді үздік аяқтап, сол жылы ТарМУ-дың «Ән және музыка» факультетіне оқуға қабылданды.
Дәл осы жылы өнер ордасы – Алматы қаласында өткен «Үкілі Үміт» әншілер байқауына қатысып, Аман Малдыбаевтың «Нәзік сезім» атты әнін орындайды. Сондай-ақ, 1995 жылы Тараз қаласында өткен Шәмші Қалдаяқов атындағы республикалық конкурста «Сыған серенадасы» әнін орындап бас жүлдеге ие болуы жас әншінің өнер айдынында өз ізін қалдыратынын айқындағандай болып еді.
Айтқандай-ақ, 1996 жылы «Жас қанат» республикалық жас әншілер байқауында С.Мешітбаевтың «Ықылас сазы» әнімен сынға түсіп, лауреат атанды.
1997 жылы Ашхабад қаласында өткен «Дүние жүзілік студенттер мен жастар» фестивалінде халық әні «Аққұм Дариға» әнін орындап, лауреат атанды. Осылардың бәрі кәсібіи біліктілік пен үлкен еңбектің жемісі болатын.
Студенттік жылдарынде болған бір оқиға Мадинаның есінен кетпейді. Бірде кезекті жұмыс сапарымен келген Таразға келген Президент Н.Ә.Назарбаевтың алдында концерттік бағдарламамен ән орындау құрметіне ие болғаны бар. Сахнаға шығатын кезегін күтіп тұрғанда, кенеттен жарық сөніп қалады. Сонда үлкен ағалары: «Мәдина, тезірек шығып ән айта тұр, біз жарықты қосып алайық», – деп өтініш білдіреді. Сөйтіп, ойламаған жерден Мадина, Шәмші, Нұрғиса аталарының әндерінен бастап Елбасы жақсы көреді-ау деген бірнеше әнді тірі дауыспен орындап шығады. Ең бастысы Нұрсұлтан Әбішұлы да оған қосылып шырқайды. Шамамен 20 минуттан соң жарық беріліп, разы болған Елбасы Мадинаның тапқырлығына ризашылығын білдіреді.
2001 жылдың қаңтар айынан бастап қасиетті шаңырақ Жамбыл облыстық филармониясы оның шығармашылық ордасына айналды. Осы жерде керемет әндер жазылды.
2008 жылы ең алғашқы ән кешінде орындалған ақиық ақын М.Мақатаевтың сөзіне жазылған Т.Досымовтың «Ұнатамын мен сені» әні оны халыққа кеңінен танытты. Алматы қаласында атақты бард әнші Табылды Досымовтың құрметіне осы әнге түсірілген бейнебаян әнсүйер қауымның кәдесіне жарағаны анық.
Ғ.Мәтебаевпен бірге орындаған Ш. Сариевтің «Ақ қар» әніне жазылған бейнебаян да оның шығармашылық жолымдағы жетістіктерінің бірі де бірегейі.
2013 жылы 17 әннен құралған, «Ұнатамын мен сені» атты ән жинағы, елге белгілі өнер адамдарының ыстық ықласы мен жоғары бағасына ие болды.
Әншінің еңбегі елеусіз қалып жатқан жоқ 2015 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Құрмет» грамотасымен марапатталған, ҚР Мәдениет саласының үздігі, әнші Мадина Сағынбекованың алар асулары әлі алда. Өнер жолындағы өмірлік серігі Айдармен бірге үш қыз тәрбиелеп отырған асыл ана Мадинаның арманы қазақ өнері, оның ішінде сырбаз сазды ән өнерінің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосу.
Әбиірбек Қонысбаев