Сәулеттік құрылыстың жинақы әрі мінсіз үлгісі | arainews.kz

Сәулеттік құрылыстың жинақы әрі мінсіз үлгісі

307

Бабаджа Хатун кесенесі (ХІ ғ.) Айша бибі кесенесінің маңына, биіктеу жерде орналасқан. Кесене өзінің композициясы мен құрылымы жағынан өте қарапайым да қатаң. Құрылыс күйдірілген кірпіштен салынған. Қабырғаларында сәндік безендірулер жоқ, бірақ сәулеттік құрылыстың жинақы әрі қарапайым ою-өрнектері үйлесім тапқан. Кесененің салыну тарихына және Бабаджа Хатунның өз басына байланысты құжаттық мәліметтер жоқтың қасы. Ескерткішке археологиялық қазба жұмысы жүргізілмеген.

Кесене күйдірілген кірпіштерден қаланып тұрғызылған. Оның күмбезінен басқа бөліктері жақсы сақталған. Күмбездің тек қырлы барабаны мен қырлы шатыр жабуының бөліктері аман қалған. Күмбез 1979 жылы қалпына келтірілді. Ескерткіш жобасында онша үлкен емес, ішкі жақтарының ұзындығы 4,5 м болып келген шаршы тұрпатты құрылыс. Ол кезінде көп қырлы жұлдызды барабанға тіркелген ішкі жағы бүрмелі, сырлы қырлы шатыр күмбезбен жабылған. Құрылыстың архитектуралық келбетінің көріктілігі қарапайым тәсілмен іске асырылған.Онда терракотты ойма “насх” әдісімен жазылған мәтіннің бөлігі сақталған: Қасбетінде: «Бұл Бабаджа Хатун қабірі… Оны салушы» деген жазулар бөлігі сақталған. Шебердің аты-жөні сақталмаған. Эпитафияның бір бөлігі құрылысты салу барысында жоғалып кетсе керек. Кіретін жер – шығыс жағында.
Кесененің көркемдік пен сымбаттылық беретін призмалық барабанға орналасқан 16 қырлы конус жабыны – Қазақстан күмбездерінің ішіндегі ең ерекшесі.
Аңыз бойынша, кесене Айша арудың күтушісі болған, кейіннен бибісі өмірден өткен соң жас қабірдің өмір бойғы шырақшысы міндетін атқарған парыз адамы – Бабаджа Хатунның жер бесігі үстіне орнатылған.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.