«Сауатсыз дәрігер жаналғыштан да қауіпті» | arainews.kz

«Сауатсыз дәрігер жаналғыштан да қауіпті»

511

«Оқшау ой» айдарының бүгінгі қонағы – жоғары санатты дәрігер-хирург, Қазақстанның денсаулық сақтау ісінің үздігі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Ордабеков.

– Сағындық аға, сіз облыстық аурухананың белді дәрігерісіз. Алайда, былайғы жұртшылық баспасөз беттерінде жиі жарияланып жататын мақалаларыңыз арқылы жақсы таниды. Дәрігерлік пен журналистиканың қайсысы жаныңызға жақын?
– Әрине, мен алдымен дәрігермін. Хирург мамандығын меңгеріп, қолыма қандауыр ұстағаныма, шүкір, биыл 43 жыл толыпты. Бұл жылдарымның босқа өтпегеніне қуанамын. Қабілетім жеткенше жүздеген ауруларға ота жасап, денсаулықтарын жақсартуға өз үлесімді қостым. Көптің батасын, ризашылығын алдым. 20 жылға жуық облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі бола жүріп, күн-түн демей санитарлық авиацияның тапсырмасымен аудандық ауруханаларға барып, жедел хирургиялық ота жасап, қажетті жәрдемімді көрсеткен кездерім де естен кете қойған жоқ. Соңғы 5-6 жыл облыстық аурухананың бас дәрігерінің хирургия жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Бұл қызметте де абыройсыз болмадым. Қазір зейнет жасына жеткеннен соң аурухана басшысы еңбегімді орынды бағалап, ота жасау бөлімінің меңгерушісі қызметін ұсынды. Айтуға оңай, әйтпесе дерті асқынып, алдыңа қиналып келген немесе ес-түссіз жеткізілген науқасқа дер кезінде диагноз қойып, уақыт оздырмай оған қажетті ота жасау жеңіл жұмыс емес. Әрдайым жауапкершілік жүгі жадыңда тұрады. Тіпті, ота үстінде күтпеген оқиғаларға, жылдам шешім қабылдауды талап ететін ситуацияға тап боласың. Сол сәттерде бойыңдағы бар біліміңді сарқып, қолыңның шеберлігін пайдалана отырып, қиын сәттен жол табуға міндеттісің. Адам өмірі сенің қолыңда екенін ұғып, ойыңды жинап, тастай түйіліп, барынша күш-қуатыңды, біліктілігіңді жұмсайсың. Кейбір ауыр, күрделі ота сәттерінде қара терге малынып, аяқ-қолымыз дірілдеп, сыққан шүберектей болып шығатынымыз рас. Мұны амбулаториялық хирургтерден басқа оташылардың әрқайсысы бастан кешіп жүр. Ота кезінде болған стресс, одан кейінгі байқалатын асқынулар ізсіз қалмайды. «Дәрігерлер адамның өліміне көзі үйреніп кеткен. Олар селт етпейді, барлығына енжар қарайды» деген қаңқу сөз. Тірі пендеге адам өлімі қалайша әсер етпесін? Мысығың, итің өлсе де жүрегің ауырады ғой. Дәрігер де тірі пенде. Міндетті түрде олар да марқұмдардың жақындарымен бірге қайғырып, жүрегі сыздап, сана-сезіміне салмақ түседі. Жүйкесі жұқарады. Мазасы қашып, түнгі ұйқысы бұзылады. Оташы қызметінің ауырлығынан, аса жауапкершілігінің салмақтылығынан болар, біраз хирургтер зейнет жасына жетпей жүрек инфарктына, инсультке, қант диабетіне ұшырап, мүгедектікке шығып, тіпті, мезгілсіз көз жұмып жататыны өкінішті. Базбір мәліметтер бойынша, жақсы дамыған мемлекеттердің өзінде, мысалы, америкалық оташылардың 50 пайызы зейнет жасына жетпей о дүниелік болады екен. Бұл дәрігер-хирургтердің жұмысының жеңіл еместігін көрсетеді. Сонда да өзім таңдап алған мамандығымды қадірлеймін, мақтан тұтамын. Хирург ретінде елге танылдым, сый-құрметке бөлендім. Еңбек ете жүріп, ғылыммен айналыстым. Басқалар сияқты арнайы аспирантура, докторантурада оқымай-ақ, негізгі жұмысымнан қол үзбей Мәскеуде кандидаттық, одан кейін Алматыда докторлық диссертация қорғадым. Оңтүстік өңірде жиі кездесетін паразиттік ауру – эхинококкоз ауруының проблемаларымен айналысып, бірнеше ғылыми-практикалық ұсыныстар жасадым. Көптеген мақалалар мен монографиялар жаздым. Конференция мен конгресстерде баяндама жасадым. Белді ғалым-профессорлармен танысып, байланыс жасап, тонның ішкі бауындай сыйласып, тіпті, біразымен жақын досқа айналдық. Әрине, олардың барлығы ізденістің, талпынудың, таза еңбектің, маңдай тердің арқасы. Қазақтың «Ізденген жетер мұратқа» дегені рас. Ол үшін алдыңа нақты мақсат қойып, оған жету жолында кездесетін кедергілерді жеңе білу керек. Сонда ғана еңбегің жанып, ел сені сыйлайды, қадірлейді, санасады.
Журналистиканы екінші мамандығым деуге толық хақым бар. Мектеп жасында жүріп, аудандық газетке шағын мақалалар жазып машықтандым. Кейін Алматыда мединститутта оқыған жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Вечерний Алматы» және де басқа газеттер мен журналдарға мақалаларымды жариялап жүрдім. Сол қабілетімді байқаған институт басшылығы «Медик» газетінің редакциялық алқа мүшелігіне тағайындап, сенім артты. Ол тәжірибемді молайтуға серпін берді. Жалпы саны 10-нан астам публицистикалық, әңгіме жинақтарым кітап болып шықты. Монографияларым мен әзірлеген оқулықтарым да жарық көрді. Көпшілік оларды жылы қабылдады. Сөйтіп, қаламды қандауырмен қатар ұстап республикалық, облыстық газеттерге мақалалар жазып, баспасөз ісіне жақын араласқанымнан болар, көпшілік мені дәрігер ретінде ғана білмейді, қаламгер-журналист ретінде де таниды.
–Дәрігерлік қызметіңіз ота жасайтындығымен де үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сөйте тұра қолға қалам алып, қоғамдық ой қозғайтын мақалалар жазуға уақыт табасыз. Бұл сізге қаншалықты қажет? Жазған дүниелеріңізден не күтесіз?
– Әр адамның өзінің өмірлік дүниетанымы, азаматтық позициясы болады емес пе? Қолым негізгі жұмысымнан қалт еткен сәттерде қазіргі қоғамның саналы мүшесі ретінде, ортамызда орын алып жатқан өзгерістерді ой сүзгісінен өткізбеу мүмкін емес екен. Сол үрдіспен жанымда жүрген үлгілі әріптестерім жайлы, көңілді толғандырған тақырыптар мен пікірлерімді қағазға түсіретін әдет таптым. Ондағы басты мақсат – атымды шығару емес, керісінше басқа еңбегі адал замандастарымның бар екенін көпке жеткізу, өзгелерге үлгі ету. Мына дүрбелеңге толы, қызылды-жасылды сайқымазақ өмірде кездескен, көрген, білгенімді қоғам талқысына салсам деймін. Басқалар да ой қорытса, жақсыдан үлгі алсақ, жаманнан жиренсек, өмірді жарқын етуге ықпалы тиер деймін. Кейде келеңсіз жайттарды сынға аламын. Алайда, сынды көтере алмайтын басшылар көп. Өткен жолы, қазіргі қоғамда қалыптаса бастаған бастықтарға жалпақтау, оларды өтірік мақтап-мадақтау, белең алған әділетсіздік пен екіжүзділік, өтірік мәлімет беру, негізсіз наградаға ұсыну туралы көлемді мақалам республикалық «Жас алаш» газетінде жарияланды. Содан кейін-ақ, біраз уақыт гу-гу әңгіме өршіп, тіпті, біреулер теріс қарады. Әрине, көз алдыңдағыны көрмегендей, құлақ шалғанды елемей жүре беруге әбден болар еді. Бірақ шындық, әділет бәрінен жоғары тұру керек. Көз жұмып, үндемей жүру азамат атына үлкен сын. Барды – бар, ақты – ақ деп әділ сөйлеу әркімнің қанында болғаны жөн.
Баспасөздің басты мақсатының бірі – адам тәрбиесі. Тек жақсымен мақтана бермей, көлеңкелі тұстардың да себеп-салдарын тарқатып, батыл айтқан да жөн. Өмір тақтайдай теп-тегіс емес екенін адамдарға жеткізу керек. Санасының саңылауы бар, түйсік көзі ашық кісі қоғамдағы құбылыстарға немқұрайды қарамай, өз үнін қосып жүруі тиіс деп ойлаймын. Сол мақсатты ұстағандықтан ба, көңіліме түйген толғаныстарымды, ой-пікірімді баспасөз арқылы басқалармен бөлісіп отырамын. «Шындықты айтам деп ағайыныңа жақпайсың» дегендей, теріс қарайтындармен қоса телефон шалып, пікірін білдіретіндер де бар.
– Бұрынырақта қалалық газет бетінде бел­гі­лі журналист Мейрамбай Сатыбалдиевпен алма-кезек жазысқан хаттарыңызды оқыған­быз. Ел өміріндегі өзекті мәселелерді талқыға салып, пайымды пікір білдірдіңіздер. Бұл идея неден туды? Тағы қандай қаламгер­лермен руха­ни сырлассыз?
– Ол кезде Мейрамбай Сатыбалдиев облыстық денсаулық сақтау басқармасында баспасөз хатшысы, әрі аудармашы қызметін атқаратын. Мен бас хирург болып еңбек ететінмін. Қолымыз қалт еткенде бірімізді-біріміз іздеп тауып, газеттерде жарияланған кейбір қызықты мақалаларды талдап, іштегі ойды тарқататынбыз. Марқұм Мейрамбай­дың ой-өрісі кең еді. Көп оқығандығы терең білімінен көрініп тұратын. Әдебиет, театр, кинофильмдер, қоғамдағы істер туралы ой бөлісіп, ұзын сонар әңгіме-дүкен құрамыз. Сөйтіп жүргенде «Жамбыл-Тараз» газетінің бас редакторы Эльмира Мырза-Ғалидан «Әңгіме-сұбхаттарыңызды газет бетіне жариялайық» деген ұсыныс түсті. Сол себеп болып, бірімізге-біріміз жолдаған хаттарымыз біраз уақыт газет бетіне жарияланды. Оған үн қосқандар да аз болмады. Одан бері қанша уақыт өтсе де, кездесе қалған оқырмандар сол хаттарымызды есімізге салады. Ойлап отырсақ, ол да бір қызықты дәурен екен ғой!
Баспасөз қызметімен қоян-қолтық аралас­қан­нан кейін, журналистердің ортасынан да пікірлестердің пайда болуы заңдылық. Облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетінің 60 жылдығында, сол кездегі Бас редакторы Баттал Жаңабаев бастаған журналистер ұсыныс жасап, 1982 жылы ҚазССР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталғаным бар. Ол жылдары небір тарлан журналистер (М.Қуанышбаев, Б.Әбілдаев, А.Бекбосын, А.Әлиев, Е.Әлімжан және т.б) газетте еңбек ететін, олардан ақыл-кеңес алып, талайының жақсылығын көрдім. Сардар журналист Болат Мәуленовпен отбасылық досқа айналып, әлі күнге дейін араласамыз. Республикалық «Түркістан» газетінің қызметкері, жазушы Көлбай Адырбекұлымен де хабарласып, ой бөлісіп тұрамыз. Оның ұлтымыздың дара тұлғалары жайлы жазған тың еңбектерін қызыға оқимын. Еңбекқор, ізденімпаз қаламгер. Мақалаларының барлығы мұрағат материалдарына сүйеніп жазылған. Журналист Қасымхан Әзімханмен де байланысымыз үзілмеген, пікірлес азаматтармыз. Жазушы, драматург Елен Әлімжанмен де рухани бірлігіміз бар. Республикалық «Жамбыл» журналының директор-Бас редакторы, көрнекті жазушы Несіпбек Дәутаймен жиі кездесіп, әдебиет және бүгінгі орта жайында сырласамыз. Оның барлығы орынсыз жалпылдаудан емес, басты мақсат – ішкі дүниеңді байытып, рухани көкжиегіңіді кеңейту. Өз басым журналист ағайындармен араздасып көрмеппін. Олардың арасында талай білімді, ойы түзу, пікірі оңды, қаламы қуатты алғыр азаматтар бар. Журналист қоғамның барометрі болуы керек.
– Көп жағдайда мамандық таңдауға балалық шақтағы әсерлі сәттердің түрткі болып жататыны бар. Сіздің балалығыңыз қандай ортада өтті?
– Менің кіндік қаным тамған жер Қаратаудың бойындағы Көкжон өңіріндегі алақандай ғана Үшбас ауылы. Балалардың саны жетпеуінен
5-сыныптан бастап совхоз орталығындағы орта мектеп жанындағы интернатта жатып білім алдық. Интернат маңында 25 төсектік ауылдық аурухана болатын. Жас кезімнен медицина қызметкерлерінің ауылда аса құрметті екенін көріп, шағаладай аппақ, кіршіксіз халаттарына, крахмалданған қалпақтарына, тазалыққа сүйсіне қарап, «Өскенде дәрігер боламын» деп армандадым. Мақсатыңа барынша берілсең, Жаратушы да қолдайды екен. Институтқа қиналмай түсіп, хирург мамандығын алып шықтым. Сол мамандығымның қызығын да, суығын да көріп келемін. Өкініш жоқ. Ұлым Ербол да менің жолымды қуып, хирург мамандығын меңгерді. Қазір Тараз қалалық №1 аурухананың бас дәрігерінің орынбасары қызметін абыроймен атқарып жүр.
– Ота жасаудың ең қиыны – адам денесіне пышақ салу, буырқанған қанды көру. Осындай сәттерде бойдағы үрейді немен жеңесіз?
– Алғашқы жеңіл-желпі оталарды мен 3-курстан бастап жасадым. Алматы қаласындағы клиникалық жедел жәрдем ауруханасының хирургия бөлімінде түнгі кезекшілікті өткізетін ұстаздарымыздан рұқсат сұрап, қастарында бірге жүреміз. Ұзақ уақыт қатар тұрып, көз ілмей ота жасауға қатысамыз. 4-5-курстарда батылдықпен қандауырды меңгеріп, жарақатты тіктік. Уақыт келе көз де, қол да үйренді. Еңбекке араласқан кездегі алғашқы түнгі кезекшіліктерде қиындықтар болмады деу орынсыз болар. Қиналдық. Білмегенімізді кітаптардан оқыдық, тәжірибесі мол әріптестерден үйрендік. Қазір енді өзіміз де жас хирургтерге ұстаз болып, білгенімізді үйретіп жүрміз. Сірә, ұрпақтар сабақтастығы деген осы болу керек. Дәрігер адам жанын ажалдан арашалайтындықтан өмір бойы оқумен, ізденумен өтеді. Уақыт озған сайын медицина бір орында тұрмай алға жылжып, өзгерістер, жаңа технологиялар батыл енгізілуде. Тоқырап, тоқтап қалуға ешбір хақың жоқ, жаңару заманы өңмеңдеп тұр. Оқымасаң, ізденбесең, меңгермесең, шетке мезгілсіз шығып қаласың. Бұл – қазіргі өмір заңдылығы. Жақсы маман жерде қалмайды. Сірә, осындай принциптерім үрейге ерік бермейтін шығар.
– Әрине, барлық адамның түпкі мақсаты – еліне адал қызмет етіп, халықтың алғысына бөлену. Дегенмен, тағдырдың барлық кезде күліп қарай бермейтіні тағы бар. Біреу түңілдірсе немесе өзіңіз әлдекімді ренжітсеңіз, арадағы салқындықты қалай сейілтесіз? Сондай-ақ, көптің қошеметін қалай қабылдайсыз?
– Көптің қошеметін кім жек көрсін! Адам өз ортасында сыйлы, құрметті болғысы келеді. Оған жақсы маман ретінде қол жеткізуге болады. Бірақ, ол оңай емес. Үлкен қажыр-қайратты қажет ететін еңбекпен келеді. Соңғы кезде көпшілікке жабысқан жаман әдет – бастықтарын көздерін бақырайтып қойып көпшілік алдында орынды, орынсыз мақтап-мадақтау, жалпақтау. Қошемет те шектен шықпау керек емес пе? Былай шыға бере оны қаралап жамандайды. Қызметінен кетсе оны, тіпті, көк есекке теріс мінгізетіндер де жоқ емес. Бұл – екіжүзділік, барып тұрған арсыздық, сатқындық. Ондай адамдарды суқаным сүймейді. Мақтаудың да жөні бар емес пе? Біреудің алдында маймыл болып құбылып, жылтыр сөз айту кімге болса да жараспайды.
Барлық өмірім керемет, жұмақ деу орынсыз болар. Менің де өмірімде ауысқан күн мен түндей жағдайлар кездесіп келеді. Ата-бабаларымыз айтқандай, өмірдің аштығы да, тоқтығы да болады. Оларды орынды қабылдап, санаса білу – көргенділік. Желдиірменмен айқасқан Дон Кихот болу міндетті емес. Біле білсек, өмірдің қиындығымен күресе білудің өзі – өнер. Сондықтан, қолдан келгенше қиындықтарды жеңуге талпынамын және жеңіп те жүрмін. Американдықтардың «Лимоннан лимонад жасай білейік» деген сөзін өзіме ту етіп ұстаймын. Алла қиындықтарды жеңуге күш-қуат, денсаулық берсін! Қолымнан келсе жақсылық жасауға асығып тұрамын. Табиғат берген мінезді өзгерту мүмкін емес. Орынсыз ренжіткен, сатқындық көрсетіп, көңілімді қалдырған кісіні сыйламайтын, кек сақтап қалатын теріс мінезім бар. Ондайлардың жасаған жамандығын ұмыта алмаймын, көңілім жылымайды. Бұл – менің басымдағы басты кемшілігім болар. «Кең болсаң, кем болмайсың», «Жақсының реніші шай орамал кепкенше», «Жаман кісі кекшіл, жақсы кісі көпшіл» деген бабалар өсиетін білсем де, көңілге түскен сызат оңайлықпен жазылмайды.
– Жасыратыны жоқ, медицина саласына көп сын айтылып жатады. Елбасының тапсыр­ма­сымен дәрігерлерді қағазбастылықтан арылту үшін «Қағазсыз аурухана» жобасы қолға алынуда. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі де енгізілді, бірақ қолданылуы кейін­ге қалдырылды. Бірқатар емханалар да сенім­гер­лік басқаруға жекеменшікке беріліп жатыр. Осын­дай жаңа өзгерістер қарапайым халыққа нен­дей пайда бермек?
– Қазіргі кезде сынға алынбай жатқан сала кемде-кем. Медицина саласы төңірегінде де түрлі пікірлер айтылып жатады. Оның салдары – бүкіл әлемде болып жатқан экономикалық дағдарыспен тікелей байланысты. Көп мәселе қаржыға тіреліп тұр. «Қол қысқа, белбеу бос» болып тұрған мына ауыр кезеңде бар дүниені барынша үнемдеп, тиімді пайдаланғанымыз жөн. Саусақ бірікпей, ине ілікпейді. Түсіністік болмаса, жұмыс алға баспайды. Сол себепті, бүгіндері біраз қабылданған реформалар іске асырылуда. Мысалы, ауруханаларды біріктіріп, ірілендіріп, онда бар диагностикалық-емдік аппараттарды, құралдарды тиімді пайдалану, әкімшілік қызметкерлердің санын азайту мәселелері өзекті. Сол игілікті шараларды жер-жерде қолдап, дұрыс түсіне білсек, орынды болар еді.
Ал, цифрландыру – бүкіл әлемге тән қазіргі құбылыс. Жаңа технологиялар батыл енгізіліп жатқан кезеңде жұртта қалғанымыз орынсыз. Сондықтан, алға қойған мақсатымызды қолдай­мын. Қазіргі қиындықтар уақытша дүние. Барлы­ғы өз орнына келеді. Дәрігерлер арасында әзірше түсінбеушілік, көңіл толмаушылық басым. Келе-келе олар жаңа технологияны меңгеріп, жұмыстарын жеңілдететініне еш күмән келтірмеймін.
Міндетті медициналық сақтандыру ісінің жырға айналғанына бәріміз куәміз. Ертеректе, егемендіктің алғашқы ауыр жылдарында бұл жүйе енгізіліп, көп ұзамай тоқтап қалғанын білеміз. Біздің көнбіс халық не көрмеген? Мына қабылданған міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесінде де шикіліктер мол екенін дер кезінде түсінген Мемлекет басшысы Н.Назарбаев оны енгізу ісін кейінге шегерді. Онысы орынды болды. Экономикалық дағдарыстан шыға алмай, арқаларына ауырлық мұздай батып жүрген жұрт әзірше ол жүйеге қаржы құя алмайды.
Әлгінде айтқанымдай, экономикалық дағдарысқа байланысты емханалар және басқа да әлеуметтік нысандар сенімгерлік басқаруға берілуде. Жеке клиникалар да көптеп ашылуда. Жоқтан бар жақсы. Әйтеуір, медициналық көмек сапасы төмендемесе болғаны. Ақылмен атқарылған шара пайдасын береді. Жеке ауруханадан, медициналық орталықтан ат-тонымызды ала қашқанымыз, теріс қарағанымыз орынсыз. Мысалы, өз қаламыздағы академик Сейтхан Жошыбаев басқарып отырған «Кардиохирургиялық және трансплантология орталығы» республикалық клиникалардан артық болмаса, кем емес. Биылдың өзінде бұл медициналық орталықта бүйрек алмастыру отасы енгізіліп, еліміздің алдыңғы қатарлы клиникаларымен теңесті.
Рас, қазіргі қоғамда «Білікті дәрігерлер азайып кетті» дегенді жиі естиміз. Ол орынсыз емес. Барлығы ақылы оқу ісіне барып тіреледі. Ақшасын университет кассасына құйған студент жанын салып сабақ оқымайды. Бірақ, ертең қызметке орналасқаннан кейін түрлі мәселелер туындайды. Бос селтеңмен өткізген жылдары үшін өкінеді. Базбіреулері қиындықтарға кезігіп, маңдайы тасқа соғылып, мамандығынан «жеруге» тура келеді. Білімсіз дәрігерді қоғамның өзі ескексіз қайықтай шеттетіп тастайды. Кейбірі мамандығын тастауға мәжбүр болады. Өйткені, сауатсыз дәрігер жаналғыштан да қауіпті.
– Бүгінгі жастарға қарап, олардың ертеңінен не күтесіз?
– Ерте дәуірлерде мансаптың барлық түрін тәрк етіп, біраз жыл тесік бөшкеде тұрған, кейінірек аты аңызға айналған грек ойшылы Диоген деген кісі халық есінде сақталып қалыпты. Бірде Диоген тұратын аралда қатты зілзала болып, ел-жұрт қолына іліккен қымбат заттарымен кемеге, қайыққа отырып бет-бетімен қаша жөнеліпті. Қолына кішкентай түйіншек көтерген Диогенді көрген таныстары: «Мырза, бар жиған-тергеніңіз осы ғана ма? Дүниелеріңіз қайда?» депті таңданыстарын білдіріп. Сонда Диоген: «Менің өмір бойы жинаған білімім мына басымда. Қызығатын менде басқа дүнием жоқ» деген екен ағынан жарылып, салқынқандылығынан айнымай. Міне, атақты ойшылдың осы бір сөзінен-ақ көп нәрсені ұғуға болады. Ол дүниеге емес, білімділікке қызыққан, бар саналы ғұмырын сол үшін сарп еткен. Атақ та, даңқ та таза еңбекпен келу керек. Ондай дәрежеге жету жеңіл іс емес. Ол үшін уақытпен санаспай, жастайыңнан көп ізденіп, оқып-тоқып, бойыңа білім жинап, шаршамай-талмай алға қойған мақсатыңа жету үшін еңбек еткенің жөн. Қажырлы еңбек, терең білім, қанағатшылдық қана адамды еңбек бақытына бөлейді. Көпшіліктің алғысы мен батасын білімділігіңмен, біліктілігіңмен, сүйсінерлік адами қасиеттеріңнің арқасында ғана аласың.
Бүгінгі жастардың діттеген мақсатына жетуіне мүмкіндік мол. «Оқып, білім аламын, жеке кәсібімді ашамын» дегендерге де мемлекеттен қолдау бар. Тек қайта келмес алтын уақытын бос өткізбесе екен. Бірнеше тіл біліп, ғаламторды жақсы меңгерген, түйсігі бар жас жерде бос қалмайды. Әлемдік тілді меңгеріп, жаңа технологияның тілін тапқан жастардың жаңашыл қадамдарына қарап, Мағжан ақын айтқандай:
Көздерiнде от ойнар,
Сөздерiнде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемiн! – дегім келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қамар Қарасаева

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.