Сарысулықтар ет экспорттауда көш бастады | arainews.kz

Сарысулықтар ет экспорттауда көш бастады

285

Негізінен өндірістік, индустриалды аймаққа жататын Сарысу ауданында соңғы жылдары агро саланың қарқынды дамуы байқалады. Аудандағы агросектордағ негізгі көрсеткіштер егін шаруашылығына тиесілі болғанымен аймақтағы мал шаруашылығының табыстылығы еселеп артқан. Жыл басынан бері дәл осы бағытта жұмыс жасайтын шаруашылықтардың есебінен жалпы сомасы 4 миллиард 500 миллион теңге болатын ауыл шаруашылық өнімі өндірілді.

Мал шаруашылығының табыстылығының мысалы ретінде аймақтағы мал басының саны да жыл санап ұлғая түскенін атап өтуге болады. Мәселен жыл басынан бері  аймақтағы мүйізді ірі қараның жалпы саны 20 784 басты құрады. Өз кезегінде ірі қара мал басының саны өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 1053 данаға көбейген. Сол секілді өсім Қамбар ата түлігінің үйірінде де байқалады. Мәселен Сарысудағы қазіргі жылқының жалпы саны 6567 дана болса, өсімділік 334 басты құраған. Ауданда қазір  239 509 бас қой-ешкі және 2 122 бас түйе бар екен.

Төрт түлігі Қаратаудың төскейін жайылаған ауданда мал шаруашылығы өнімдерін өндіру ісінде де толайым табысқа қол жеткізілген.Қаңтар айынан бері аймақтағы мал шаруашылығы бағытында жұмыс жасайтын агроқұрылымдар 5 312 тонна ет және  4 484 тонна сүт өндірді. Биыл сарысулық шаруалар ет өнімдерін 171,4 тоннаға, сүтті 100,6 тоннаға артық өндірді. Сондай-ақ биыл аудандағы құс шаруашылығы бағытында жұмыс жасайтын шаруашылықтармен 3 миллион 129 мың дана жұмыртқа дайындалған.

Жалпы мал шаруашылығы саласындағы жоғары еңбек өнімділігін  есептеуде аудан шаруаларының экспорттық әлеуеті де ескеріледі. Бұл фактор бойынша сарысулық шаруалардың ауыз толтырып айтуға болатын жетістіктері де бар. Ағымдағы жылы жергілікті фермерлерге 50 тонна сиыр етін экспорттау межесі қойылды. 9 айдың қорытындысының өзінде шаруалар бұл межені 100 пайыз орындай алды.  Ал қой еті экспорты бойынша бекітілген жоспар 160 тоннаға тең. Жыл басынан бері сарысулықтар Шопан ата түлігі етінің  43  тоннасын экспортқа жөнелткен. Саладағы көрсеткіштерге қарап отырып фермерлердің жыл соңына дейін бұл меженің үдесінен шығудың барлық мүмкіндіктері қарастырылып жатқаны аңғарылады.

 Жалпы аудандағы мал басы санының ұлғаюы және оның өнімділгін арттыруына мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың көмегі көлдей. Тек «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларының өзі шаруалардың екінші тынысын ашатын бастамаларға мүмкіндік берді.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.