Реформалар мен негізгі стратегиялық құжаттардың жүзеге асырылу барысын бағалау үшін Президент Әкімшілігінде Ұлттық жаңғыру офисін құру қажет. Бұл туралы бүгін Ақордада Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Қойылған міндеттерді тиімді жүзеге асыру үшін реформалардың жүргізілуіне бақылау механизмдерін күшейту қажет. Үкімет пен мемлекеттік органдар жыл соңына дейін дамудың аталған барлық мәселелерін қамти отырып, нақты индикаторлар мен «жол карталарын» әзірлеуге тиіс, сондай-ақ реформаларды іске қосу үшін қажетті заң жобаларының бәрін Парламентке уақтылы енгізуі керек. Өз кезегінде, Парламенттен оларды сапалы әрі жедел қарастырып, қабылдауды өтнемін», — деді Елбасы.
Осы ретте Нұрсұлтан Назарбаев реформалар мен негізгі стратегиялық құжаттардың жүзеге асырылу барысына мониторинг жүргізіп, бағалау үшін қажетті өкілеттіктер бере отырып, Президент Әкімшілігінде Ұлттық жаңғыру офисін құруды тапсырды.
«Бұл офис статистикалық көрсеткіштерге мониторинг жүргізуден бөлек, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының тәжірибесіне сәйкес, тұрғындар үшін өзекті мәселелер жөнінде халық пен бизнес өкілдері арасында тұрақты түрде сауалнама жүргізуді қамтамасыз етеді. Офис әрбір бағыт бойынша қалыптасқан жағдай жөнінде маған үнемі баяндап отырады. Үкіметтің әрбір мүшесі, мемлекеттік органдар мен компаниялардың басшылары алға қойылған міндеттердің орындалуына дербес жауап беретін болады», — деді Елбасы.