Президент жастардың бастамаларын қолдайтын арнайы қор құруды тапсырды | arainews.kz

Президент жастардың бастамаларын қолдайтын арнайы қор құруды тапсырды

182

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке жастардың бастамаларын қолдайтын арнайы қор құруды тапсырды.

«Дамыған елдерде жастардың өз идеяларын жүзеге асыруға көмектесетін арнайы қорлар бар. Олар орталық және жергілікті атқарушы органдар, университет және жеке құрылымдар тарапынан құрылады. Біз де үкіметпен бірлесіп, осындай қор құруымыз керек. Үкіметке ірі бизнес компаниялары және олигархтармен бірлесіп, Жастардың стартаптарын қолдау қорын құруды тапсырамын», — деді Президент Астанада Жастар жылының ашылу салтанатында.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы стартаптарды жүзеге асыруға жастардың тікелей қатысуын қадағалауды тапсырды.

Айта кетейік, Астанада Жастар жылының ашылуында Нұрсұлтан Назарбаев «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеуді және жас кәсіпкерлерге бөлінетін грант қаражатын екі есеге арттыруды тапсырды.

Жастар жылының ашылу салтанатына Үкімет мүшелері, ҚР Парламенті депутаттары, жергілікті атқарушы орган басшылары, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар қатысуда. Сонымен қатар бұл жиынға шығармашылық, студенттік және жұмысшы жастар өкілдері, жас спортшылар, дарынды балалар, заманауи медиа саласының өкілдері, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен түлектері, жас әскери қызметшілер келді.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына биылғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын.

Президент өз сөзінде жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігін айтты. Ал, арада бір айдан астам уақыт өткенде Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.