Таразда қалалық Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде Қазақстан полициясына 30 жыл толуына орай мерекелік шара өтті. Салтанатты шараға өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Нияз Рыспаев, жеке құрам қызметкерлері, сала ардагерлері мен ата-аналар қатысты.
ҚАЖ департаментінің бастығы әділет полковнигі Нияз Қанатұлы салтанатты шараға қатысып отырған жеке құрамды, барлық ардагерлерді мерекелерімен құттықтап, олардың жасаған ұзақ жылғы қызметі үшін алғысын білдірді. Департамент басшысы бүгінгі күнге дейін ҚАЖ саласының материалдық-техникалық базасын нығайту жолында көптеген жұмыстар атқарылғанын атап өтті.
— Құрметті ҚАЖ саласының қызметкерлері мен ардагерлері! Сіздерді кәсіби мереке – Қазақстан полициясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл — қазақстандық полицияны құрған ардагерлер мен оның қатарында еңбек ететін қызметкерлердің еңбектерін бағалап, алғысқа бөлеп, ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларына құрмет көрсететін күн.
Қазақстан полициясы еліміздің қоғамдық қауіпсіздігінің, тәртіпті қамтамасыз ету мен сақтаудың, азаматтардың еркіндігі мен конституциялық құқықтарын қорғаудың, қылмысқа қатаң талап қоюмен қатар қабілеттілігі мықты мемлекеттік жүйе болып табылады. Мемлекетімізде құқық қорғау қызметкерлерінің мерейін арттыру үшін жарқын бастамалар жүзеге асуда.
Қадірлі құқық қорғау органдарының қызметкерлері!
Сіздерді кәсіби мерекемен құттықтай отырып, ел мүддесі жолындағы еңбектеріңізге толайым табыс, отбастарыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, — деді Н. Рыспаев.
Бұдан кейін, сөз алған сала ардагерлері Талғат Ахметов пен Амиролла Оралбаев және ата-аналар: Әлімжан Замбаев, Зәуре Жетпісбаева қоғам тыныштығы үшін бар күш-жігерлерін жұмсап жүрген сала мамандарының жұмысына сәттілік тіледі.
Мұнан соң, бірқатар ҚАЖ қызметкерлер аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтың Алғыс хатына қол жеткізсе, өзгелері департамент бастығының марапатына ие болды. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.