«Пешенемде жазулы тұр жыр қандай, Нүктесі оның қуаныш па, қайғым ба?..» | arainews.kz

«Пешенемде жазулы тұр жыр қандай, Нүктесі оның қуаныш па, қайғым ба?..»

270

«Өлең – сөздің патшасы» деп Абай хакім айтқандай, қашаннан қазақ баласына киесі қонған, тасқа жан, тауға тіл бітіріп, даланы дастанға, жүректі жырға, өмірді өлеңге айналдырып жіберетін сөз құдіретін мойындамайтын жан баласы жоқ шығар. Зергерлер шойынды сапырып, темірден қалай түйін түйсе, аузы дуалы, қауырсынына нұр сіңген ақындар үшін сөзбен сең бұзып, өр рухты өлең өрбіту, табиғат ананың поэзиялық пейзажын суреттеп, көңілге кертіп алсаң да кетпестей етіп кестелеу де дәл солай. Ал, Тәуелсіз Ұлы Дала жастарының поэзиясы бүгінде жаңа бағытта, құс қанаты жетпейтін қиял кеңістігінде, қисын мен ақылдың, реализм мен фантастиканың, зерденің зертханасы мен көзқарас көкжиегінде, шынайылық пен шытырманның атмосферасында өніп-өрбу үстінде.
Күні кеше ғана облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы жастар шығармашылығын қолдау мақсатында өмірін өлеңмен байланыстырған өңірдегі жас ақындардың ұжымдық жыр жинағын басып шығаруды жоспарлап отырғанын жария етті. Бұл құптарлық һәм қуанарлық жаңалық. Себебі, Мәңгілік елді музасына айналдырған Әулиеатаның әдебиетсүйер жастары рухани қолдауға әбден мұқтаж екендігі жасырын емес. Осы орайда, біз редакциямызға келіп түскен бір топ жас ақындардың өлеңдерін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Алдағы уақытта аталмыш басқарманың бастамасымен жыр жинағы жарыққа шығып жатса, бұл қаламгер жастардың туындылары да сол еңбектің бел ортасынан табылар деген сенімдеміз.

Елдар Боранбек

Жүргенімде арасында әрненің…

Жүргенімде арасында әрненің…
Жоқ демеймін адамдарға жәрдемім.
Бәсіремді басқа ауыздан көргенде,
Көре алмайтын қасиетім бар менің.

Жүргенімде арасында әрненің,
Тәубе толы «тасбих» тартқан әр демім.
Есті адамды елемесе ессіздер,
Ерегесер қасиетім бар менің.

Тиесіні өзгелерден қызғанғам,
Өктемдерге өзімшілмін бұлданған.
Аласамын, адамдардан ғана мен,
Шын өмірдің батпағына былғанған.

Жақсылардың жағасына төнбедім,
Құнсыздардың құлдығына көнбедім.
Қаламында қалғып, қағаз оятқан,
Періште емес, поэзиялық пендемін.

Жан емеспін құзар шыңнан құр қалған,
Тастүлекпін,
таңдайына жыр қонған.
Шырша да емес, шыңда өскен шынармын,
Бәйтеректің тамырынан бүр жарған.
Мені көр де, өзіңді көр айнадан,
Кім десең де, өзің сосын біл, қарғам!
Жүргенімде арасында әрненің…


Ернар Әбдіразақ

Қызғыш

Тағдыр дедің… үй көрдім, дала көрдім,
Тағдыр дедің… тағы үнсіз қала бердім.
Тәңір дедім… желдегі жапырақтай,
Тағдырымды қорғаштап ала бердім.

Содан сен түнге сіңдің, мұңға баттың,
Күз көңіл, жайдары жан, мұз қабақтым.
Қалың көрпе астында тәнің қалды,
Жаның қалды түбінде құмсағаттың.

Бәрі де артта күндердің кешегі өткен,
Одан бері алмасты неше көктем?
Тасқа қашап тағдырдың жазбағанын,
Жазар едім… жазбадым не себептен?

Кім едік біз тарихта, кімбіз бүгін,
Кеуде тұстан босатып мұң тізгінін.
Қара аспанға қараймын бас көтеріп,
Қайталаймын Тәңірдің мұңсыздығын.

Түн ұзартсам түсіме сен кіресің,
Мөлдір мұңның ішінен телміресің.
Тағы есіме түсесің тағдыр жайлы,
Бастаса әлдебіреу әңгімесін.

Дала көрдім, үй көрдім, ана көрдім,
Көшіне де ілестім қаралы елдің.
Күздің желі қорқытқан жапырақтай,
Тағдырымды қорғаштап қала бердім….
Кешір…

Шапағат Әбдір

Үкілі жирен ғазалынан…

Емі болмас серілік, ән күйде оның,
Сен мендегі сездің бе жан күйреуін?
Хор қызындай кәдімгі ұжымақтың,
О, менің күнәдан саф, пәк жиренім !.

Тым ұсақшыл көрдің сен жандарды ірі,
Көзіңде аунап жалғанның жалғандығы…
Сен білгенсің әділдік жоқ екенін,
Бәйгеден кеп бәйге алмай қалған күні…

Ойнағанда өмірмен аударыспақ,
Жақсы көрген кетерін жан да алыстап…
Сен білмейсің аңқауым келетінін,
Гүл ұстаған қолдардың қанжар ұстап…


Нұрболат Жаңабекұлы

Бітті бәрі…

Бітті бәрі…
Күні жетпей босанған келіншектей,
…Жел сыпырды аулаңды еріншектеу,
Жаңбыр жауды содан соң…
Бөлмең ауыр күрсінді
Түтініне тұншығып менің шеккен
шылымымның.
Байқаймысыз?
Бір сәуле жарқ етті ғой… жалған бәрі,
Беу, бейкүнә сөздер-ай ойдан да ауыр.
Ең сұрқия ойыңды-ай… қорқынышты,
Сіз өтесіз өмірден (өкінішті-ақ) әрі кетсе…
Үй тұрғызып болмаса ұрпаққа артып.
Көзден ұшып кетерде ізгі шағы,
Қою түнді құшаққа ап қыз құшағы.
…Күнәңіздің көптігін сезінген күн,
Діннен қате іздерсіз…сіз мысалы.
Дертім-ау менің… білемісіз?
Тәңір бар…Әруақ бар…ауаны бар,
…Сатқындықты қосыңыз және бұған.
Бәрі бітті…
…Күні жетпей босанған бойдақ қыздың,
Өмір ағып түскендей жанарынан…

Мөлдiр Райымбекова

Атым – Қазақ,
Алаш – мәңгi ұраным

Бабалардың iзi сiңген құм мынау,
Қойнауынан саз еседi мұңдылау.
Бозадырда кiсiнейдi құлын-үн,
Тақымынан ағытылып қылбұрау.

Бағзы күннiң үнi сiңген тасқа да,
Тарихымның хақ куәсi – тас ғана.
Күн боп туған, Ғұн боп туған өр Рухым,
Атилла боп атой салды басқаға.

Сұм дұшпанға ашып келген аранын,
Тұмар болып айбындана қарадым.
Айбарымнан жау шегiндi, жасқанып,
Сүйем жерге тигiзбестен табанын.

Бейуақытта дауылдай боп ұлыған,
Байыз таппай неге iштей булығам?!
Күлтегiн боп жалт қаратып әлемдi,
Күн астында жарқылдаған дулығам.

Қанға бiткен, ежелден-ақ бұламын,
Мұңдансам да толқытады бұла мұң.
Жанарымның отындағы ұшқыннан,
Сескенедi шибөрi мен құладын…

Керуен-керуен көштiң iздеп сорабын,
Ғасырлардың кезем жиi торабын.
Асқақтықтан тамырланған дiңгегiм,
Атым – Қазақ, Алаш – мәңгi ұраным!

Қилы заман иiргенде ұршығын,
Талан болған тарихымдай тұншығып.
Бөрi-жүрек… Бөрi ұлиды аулақта,
Айға қадап, көкке шаншып тұмсығын…

Назерке Оңғар

Сен қайта оралғанда

Сен қайта оралғанда…
Бәріде кеш болады, кеш күнім,
Көз алдымнан жоғалады кескінің.
Өр кеудеңнен құс боп ұшып кетермін,
Естелік боп қала берсін ескі мұң.

Сен қайта оралғанда…
Ұқсарсың күзгі бақтай тоналғанға,
Санамнан сендік ойлар жоғалғанда.
Сабырым жеңіп кетер сезімімді,
Жалғыз куә болады оған да Алла.

Сен қайта оралғанда…
Алданып қаласың-ау жоқ арманға,
Мен де жоқ, жүрек те жоқ сонау маңда.
Сен жалғыз қаларсың-ау күңіреніп,
Мен жалғыз болашаққа жол алғанда.

Сен қайта оралғанда…
Бекінем саған қайта оралмауға,
Серт етем тіпті тірі санамауға,
Келме және аққулар қонар маңға.
Сен мені күтпе де енді келеді деп,
Болмайтын бос үмітке жоқ алданба.

Наурызбек Сарша

Жетім бақ

Сен кеткенсің
Дендеген дертім қалған,
Еліктей қыз, қайдасың еркімді алған?
Мен тұрған маң мұңыма масаңданып,
Салтанатын табатын сен тұрған маң.

Жеңілтек жел басылмас желігі ептеп,
Жаныңды жүруші еді төңіректеп.
Сағағынан үзілген жапырақ та,
Аяғыңа құлайтын еңіреп кеп.

Сығып алып көз жасын сыралғы бақ,
Біз жоқпыз ғой… Булығып тұрар жылап.
Барар едім… бетім жоқ,
Сыртта жүрем
Жалғыздықты жаныма сыңар ғып ап.

Біз сондаймыз,
Сезімге сараң жанбыз,
Мен де кетем,
Жетім бақ қалар жалғыз.
Жолыңды қарамауға серт еткенмін,
Жанымды жаралауға жаралған қыз,
Естимісің?..


Файзулла Төлтай

Дұға

Жан Иесі –Тәңірім.
Тән Иесі –Тәңірім.
Сапар шектім жыраққа осы болса әмірің.
Теңіз астым, тау астым:
ұлылық деп түсінген,
топырақтың ілімін игеруім үшін мен.

Қош, Атажұрт!
Қош, елім!
Сен жайында ішімде,
неше уайым неше мұң
бар екенін білсең ғой.
Білмейсің-ау, аңқылдап,
жүргеніңде қайғырып, қалғаның ба қол бұлғап?!
Кетерімде неліктен, күңіреніп әр тасың,
тұрып алды «Кетпе…» деп балағыма жармасып?!
Ол аз десең гүлдердің күлтелері күрсініп,
қимайтындай жәутеңдеп қарай берді-ау қымсынып.
Әлде менің білді ме тіршіліктен қаусаған,
сенің кәрі санаңды жаңартуды аңсаған,
арманымды бұл әлем?!
Соны ойласам кеудемде күмбірлейді бір әуен.
Сол әуенге ілесіп, аты – еркін, заты – құл,
әзірейілдей артымнан қуып келе жатыр Ол.

Тәңір Ием, қолдай гөр!
Құрбаныңмын жолыңда.
Тұқымымен тұсалған елім қалды соңымда.
Туған елдің жоғалтқан жоғын іздеп кетіп ем.
Енді сенен өтінем:
ғұмыр бойы «Ұлым…» деп жалбарынған сан рет,
ақ жаулықты Анамның ақ тілегін қабыл ет.

Нұрболат Сатымқұл

Таразға хат

Жолда қалдым күннен алыс беткейде,
Өгейсіткен ұлдар түбі кетпей ме?!
Ауызғыңда қалған шақты еске алсам,
Аспан жақта азынайды кек кейде.

Қармана алмай қараймын да, қар кешем,
(Қайтер еді кетерімде қал десең?)
Мына жақтың қысы суық,түні тар,
«Ес жинап кел!» – дедің бе екен әлде сен.

Әлде өзім, әлде кезең солай ма?
Жоқ айнаны табатын да жоқ айла…
Сенен кетіп әйтеуір маған тимеді,
Оразамды сормен ашу оңайға.

Беу,Шаһарым, бір балаңның бір селін,
Бекер айттым… ұят болды-ау білсе кім.
Балдақ сүйеп тұрған мынау тағдырға,
Сенде өскен балғын күннің тірсегін
кестірмеймін!

Кесетұғын сор қайсы-ай?
Тек жалғызым жүрсе болды тоңбай сәл…
Жесір анам жылап қалса, көзін сүрт,
Жетім ұлың «жақсы» екен деп алдай сал!

Құрбанәлі Шахабай

Наз

Бағым үшін, жоқ әлде сорым үшін,
Жеңісімнен көбейді жеңілісім.
Өмір түгіл өзімнен бас тартар ем,
Өзіңменен бақытты болу үшін.

Өзің салған сезімнің бекінісін,
Бұзып-жарып, бөгелмей өту үшін.
Жүрегімді жұлып-ақ берер ем ғой,
Жүрегіңе жол салып жету үшін.

Сенің атың санамда жаңғырады,
Мендік ақыл соны ойлап қалжырады.
Тағдырдың не екенін білмей жүріп,
Тағдырға арта салдым бар кінәні.

Өзегімді өксігім өртеді де,
Мендік көңіл пернесін шертеді ме?
Мен өзіңе жетер ме ем әлдеқашан,
Біздің ғұмыр айналса ертегіге.

Қардан да аппақ сезімді кірлетпе еш,
Күнім сенсің, мен үшін күн көкте емес.
Мұратқа жету үшін бұл өмірдің,
Ертегідей болуы міндетті емес..

Әлімжан Шөңгербай

Өмір жайлы жазсам ба өлең?

Мылқау түн кеп ойын артып не түрлі,
Түрткілейді…түрткілейді мазамды ап.
Жұлдыз біткен ши бауырсақ секілді,
Қызып піскен қазанда.

Терезеден фильм көріп сан қилы,
Күліп алам…жылап алам кей кезде.
Тағдыр деймін.Тағдыр ғой деп жаңғырды,
Түсінбедім жайды өзге.

Өмір жайлы жазсам ба өлең? О,несі,
Не білем мен,дүниеге келмегем.
Сұрай салшы бұл өмірдің төресі,
Көшеде жүр пенделер.

Тас қаладан кеткендеймін жерініп,
Қалмады ма қасиеті, қастері.
Далам мендей жылайды кеп егіліп,
Өзендермен жас төгіп.

Пешенемде жазулы тұр жыр қандай,
Нүктесі оның қуаныш па, қайғым ба?
Ай да анау сәл тоңазып тұрғандай,
Дірілдейді айдында…

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.