Жеңіс мерекесі қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова Ұлы Отан соғысының ардагері Анна Беляеваны құттықтап барып, сый-сияпат жасады. 17 жасқа толар-толмастан майданға аттанған ол әскери-санитарлық бөлім құрамында Жеңісті Берлин қаласында қарсы алған екен.
– Орта мектепті Тараз қаласында тәмамдаған соң медициналық училищенің жедел дайындық курсынан өтіп, 253 әскери-санитарлық бөлім құрамында майданға аттандым. Соғыс даласында
2 жыл 8 ай бойы жараланғандарға көмек қолын создық. Қиян-кескі ұрыстардан соң әр жерде түрлі жарақат алған жауынгерлердің жәрдем сұраған аянышты үні естілетін. Қарап тұруға уақыт тапшы. Қолдан келгенше алғашқы медициналық көмекті көрсетеміз.
Ал Жеңіс күнін танкистер құрамында қарсы алдық. Ол кезде біз Берлин қаласының маңында болдық. Әрине, сол сәттегі қуанышты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, – дейді А.Беляева.
Соғыстан кейін майдангер сауда саласында, Жамбыл тері өңдеу комбинатында еңбек етіп, зейнетке шыққан. Мәскеуден Берлинге дейінгі майдан даласын жүріп өткен кейуана бүгінде Тараз қаласында немересімен тұрып жатыр.
Мереке алдында Анна Беляеваны құттықтауға арнайы ат басын бұрған Сұлушаш Сәтбекқызы алапат соғыста Отан үшін басын бәйгеге тіккен ардагердің деніне саулық тілеп, бүгінгі ұрпақтың қарт жауынгерлердің осынау ерлігін ешқашан ұмыт қалдырмайтынын жеткізді.