Ортаазиялық сәулет өнерінің көрнекті үлгісі | arainews.kz

Ортаазиялық сәулет өнерінің көрнекті үлгісі

903

Қарахан кесенесі Тараз қаласының орталығында орналасқан. Ортағасырлық рабад аумағындағы діни-мемориалдық кешенге кіреді. Кесене Қараханидтер әулетінің көрнекті тұлғасының бірі – Шах Махмуд Қараханға арналып салынған. Кесенені салушы шебердің аты-жөні тарихта сақталмаған. Деректерге үңілсек, 1905 жылы оның құлаған бөлігі түгелдей бұзып алынып, орнына 1906 жылы жаңа кесене салынған. Жаңа құрылысты сол кездегі Ташкент ишаны Саид Бакханов қаржыландырған. Куәгерлердің айтуынша кейінгі салынған кесене алғашқысына ұқсамайды.

Қасбеті Айша бибі кесенесіне ұқсас болғанымен, кірпіштерінің өрнектеліп қалануы жағынан Бұхарадағы ортағасырлық Исмаил күмбезіне еліктеушілік байқалады. Әулие-ата күмбезі төрт бұрышты, ортаңғы кең бөлмеден және үш кіші бөліктен тұрады. Орталық бөлменің төбесі киіз үйге ұқсатылып жабылған. Артқы жағында екі мұнарасы бар. Кесененің қасбеті оңтүстікке қараған, ал оның ішіндегі қабір оңт-тен солт-ке қаратыла қойылған. Кірер есігі аркалы қуыспен безендірілген. Қабырғаларының ішкі жағы кесененің бұрынғы өз кірпіштерімен қаланып, сыртқы жағын қалауға жаңа кірпіш пайдаланылған.

— Қарахан кесенесі оғыз-қыпшақ дәуіріне жататын тарихи ескерткіш болып саналады.

— 1902 жылы Ресей империясындағы ең тамаша сәулет ескерткіші ретінде танылды.

— Кесене 30 түрлі кірпіштен салынған.

— Бұл кесене «Жамбылдың жеті ғажайыбы» атты тізімге енеді.

— Республикалық Кеңестің шешімімен кесене 1982 жылы мемлекеттік қорғауға алынды.

— Кесенені алғаш рет зерттеген орыс ғалымы, өнертанушы Борис Денике болатын. Кесене туралы мәліметті «Архитектурный орнамент Средней Азии» атты еңбегіне енгізді.

— Тараз қаласы 1836-1936 жылдары осы кесененің құрметіне Әулие ата деп аталды.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.