Нұрсұлтан Назарбаев Финляндия Республикасының Президенті Саули Ниинистёмен кездесті | arainews.kz

Нұрсұлтан Назарбаев Финляндия Республикасының Президенті Саули Ниинистёмен кездесті

345

Ресми кездесу рәсімінен кейін мемлекеттер басшылары шағын және кеңейтілген құрамда кездесулер өткізді.

Мемлекет басшысы Финляндия Республикасының Президентіне дәстүрлі қонақжайлығы үшін ризашылық білдіріп, екі елдің өңірлік және халықаралық мәселелерді қарастырудағы ұстанымдары мен тәсілдері бірдей екенін атап өтті.

– Финляндия мен Қазақстан – сенімді серіктес ретінде танылған мемлекеттер. Сіздің елде жақында ғана өткен АҚШ Президенті Дональд Трамп пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің маңызды кездесуі – соның жарқын мысалы.  Қазақстанда да осындай іс-шаралар, соның ішінде Сирия шиеленісін реттеу жөніндегі келіссөздер өткізіліп келеді. Бізде  әртүрлі мәселелер талқыланады. Мұның бәрі біздің мемлекеттеріміздің барлық елдермен жақсы қарым-қатынас ұстанып отырғанының арқасында болып отыр. Біздің елдеріміз көрші мемлекеттермен шиеленіске ұрынған емес, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Суоми елінің Қазақстанның Солтүстік Еуропадағы сауда-экономикалық және инвестициялық маңызды серіктесі саналатынын атап өтіп, Финляндияның Орталық Азия елдерімен тауар айналымының 90 пайызы біздің елімізге тиесілі екенін айтты.

– Елдеріміздің ықпалдастықты одан әрі тереңдету үшін әлеуеті зор. Сондықтан, үкіметаралық комиссия отырысы аясында энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және білім салалары бойынша құрылған жұмыс топтарының қызметін жандандырып, нақты жобаларды талқылауға кірісу қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Финляндияның бизнес өкілдерімен өткен кездесудің қорытындыларына арнайы тоқталып, бизнес-форум барысында қол қойылған құжаттардың маңыздылығын атап өтті.

– Біз ынтымақтастығымызды тереңдетуге мүмкіндік беретін мүлде жаңа жобаларды қолға алуға уағдаластық. Қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асыру ісіне бақылау жүргізуді үкіметтерімізге тапсыруды ұсынамын, – деді Қазақстан Президенті.

Финляндия Республикасының Президенті Мемлекет басшысына ілтипат білдіріп, соңғы екі жақты кездесу Астанада табысты өткен «ЭКСПО 2017» халықаралық көрмесі кезінде болғанын атап көрсетті.

– Содан бері біздің екі жақты сауда-экономикалық қатынастарымыз едәуір ілгеріледі. Сіздің бүгінгі сапарыңыз оның әрі қарай тереңдеуіне септігін тигізеді деп сенемін. Сіздің әлемде болып жатқан оқиғаларға қатысты пікіріңіз мен үшін әрқашан да қызықты. Бүгінде салмақты пікірлер мен терең пайым-парасат өте қажет, – деді Саули Ниинистё.

Кездесу соңында тараптар ауыл шаруашылығы, «жасыл» қаржы, энергетика, ғылым және білім, мәдени-гуманитарлық байланыстар салаларындағы екі жақты ынтымақтастық мәселелерін де талқылады.

akorda.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.