Мойынқұм – жаңару жолында | arainews.kz

Мойынқұм – жаңару жолында

Ауданның инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда

13

Мойынқұм ауданында тұрғын үй қоры мен ауыл келбетін жаңғырту жұмыстары қарқын алып келеді. Аудан әкімі бастаған жаңарту шаралары халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Жақында аудан орталығындағы көппәтерлі екі қабатты тұрғын үйлердің жөндеу жұмыстары басталды. Атап айтқанда, осы үйлердің шатырларын толық ауыстыру, сыртын жаңарту, аулаларға автотұрақтар мен балалар ойын алаңдарын салу жоспарға енгізілген.

Бұл – тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін мәселенің шешімін табуы. Бұған дейін аталған үйлердің тұрғындары бірнеше мәрте шатырдан су өтетінін айтып, шағымдарын білдірген еді. Осы мәселе аудан әкімінің тікелей бақылауына алынып, ең алдымен шатырларды жаңарту жұмыстары қолға алынды. Бұл бастама тұрғындар тарапынан оң қабылданып отыр.

Сонымен қатар, аудан әкімі Мойынқұм ауылына кіреберістегі үйлердің қоршауларын жаңарту жұмыстарымен де танысты. Қазіргі таңда бұл аймақта заманауи “еуроқоршаулар” орнатылуда. Мұндай қоршаулар ауылдың эстетикалық келбетін арттырып қана қоймай, тұрғындарға ыңғайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Болашақта бұл үлгідегі қоршаулар басты көшелердің бойына да қойылатын болады.

Аудан басшысы халықпен тығыз байланыста жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтіп:

– Халықтың күнделікті тұрмысын жақсарту – басты мақсатымыз. Тұрғын үйлердің сапасы мен ауылдың келбеті – тұрғындарға көрсетілген құрмет. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды кезең-кезеңімен әрі жүйелі түрде жалғастырамыз, – деді.

Мойынқұм ауданы бүгінде жаңару мен өркендеудің нақты жолына түсті. Халықтың сұранысы ескеріліп, әрбір бастама тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Алдағы уақытта да бұл игі істер өз жалғасын таппақ.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.