Мойынқұм-Шу-Меркі-Қордай аудандары аралығында автобус маршруттары ашылады | arainews.kz

Мойынқұм-Шу-Меркі-Қордай аудандары аралығында автобус маршруттары ашылады

1 133

Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында облыс әкімдігінің  құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әділет Ахатаевтың қатысуымен баспасөз  конференциясы өтті. Әділет Бегалыұлы Жамбыл облысы бойынша құрылыс нысандары,  жол жөндеу жұмыстары және транспорттық тасымалдау жұмыстарының 8 ай қорытындысы туралы баяндады.

Басқарма басшысының берген мәліметіне сүйенсек, Жамбыл облысында жеке меншік нысандағы 29 тасымалдаушы мекеме, 202 бағыт бойынша 1324 дана автобуспен қызмет көрсетуде. Автобустардың орташа пайдалану мерзімі – 8 жылды құрайды.

Ағымдағы жылы тасымалдаушылар 25 дана табиға газ отынына бейімделетін автобустарды жеке қаражаттарына сатып алған. Жыл соңына дейін қосымша 40 дана автобус сатып алу көзделіп отыр.

– Биыл қаңтар-шілде айлары аралығында облыс көліктерімен 547,2 млн. жолаушы тасымалданды, бұл 2017 жылдың қаңтар-шілдесіне қарағанда 2,0% көбейді. Жолаушы айналымы 4 671,9 млн. жолаушы-шақырымды құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 6,1% артты. Сондай-ақ, 53,7 млн. тонна жүк тасымалданды, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда оның көлемі 8,7 %-ға көбейді. Жүк айналымы 1 585,1 млн. тонна-шақырымды құрап, 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,0%-ға көбейді, – деген Ә. Ахатаев елді мекендердің қоғамдық көлікпен қамтылуына да тоқталып өтті.

Бүгінгі таңда «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес тұрғындар саны 100 адамнан асатын елді мекендерді тұрақты автобус маршруттарымен 96% қамтамасыз ету көзделген. Нәтижесінде, 355 елді мекеннің 279 немесе 78,6% қоғамдық көлік қатынасымен қамтылған. Сонымен қатар, автобус қатынамайтын қосымша 11 елді мекен әлеуметтік маңызы бар темір жол қатынасы орнатылған.

– Облыс елді мекендері тұрғындарын қоғамдық көлікпен қамту мақсатында аудан әкімдіктері мен басқарма арасында жасалған келісімдерге сәйкес, жыл соңына дейін қосымша 65 елді мекенге қоғамдық көлік қатынасын орнатып, қамтылу үлесін 96,9 пайызға дейін ұлғайту көзделіп отыр.

Сонымен қатар, 3 жаңа ауданаралық маршрут ашу жоспарланған. Олар – Мойынқұм-Шу, Шу-Қордай, Меркі-Шу. Аталған маршруттардың ашылуымен елді мекендер қоғамдық көлік қатынасымен қамтылып, жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде, – дейді басқарма басшысы.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.