«MOSKVA» сауда үйі басшылығы: Мыңдаған адам жұмысынан айырылуы мүмкін | arainews.kz

«MOSKVA» сауда үйі басшылығы: Мыңдаған адам жұмысынан айырылуы мүмкін

294

Алматыда «MOSKVA metropolitan» сауда үйінің басшылығы баспасөз мәслихатын өткізіп, сот шешімінің сауда үйін жабу туралы үкіміне қатысты түсініктеме берді.

«Кеше қалалық сот біздің сауда үйін жабу туралы шешім шығарды. 2018 жылдың көктемінде Алматыда барлық сауда үйлері тексерілді. Тексеру барысында 22 ескерту жасалды. Олардың 21-і сол айда жөнделді. Бір шешім бойынша біз біржақты жағдайда оны шеше алмаймыз», — деді сауда үйінің директоры Нұрлан Ибраев.

Директордың меңзеген ескертуі сауда үйіне жақын орналасқан «Сарита» кафесінің қызметіне байланысты болып отыр.

Өрт сөндіру қауіпсіздігіне байланысты ғимараттар бір-біріне қатты жақын орналаспауы керек.

Аталған дәмхана жеке кәсіпкерге тиесілі.

«Екі ғимарат арасындағы өрт қауіпсіздігі сақталуы үшін қашықтық 2 метрден кем болмауы керек. Сонымен қатар жапсарлас орналасқан ғимараттардың бірінің қабырғасы (дәмхананың) тез тұтанғыш материалдардан жасалған», — деді Сауда үйінің құқықтық мәселелері бойынша директоры  Серік Сембаев.

Оның айтуынша, сауда үйінің әкімшілігі дәмхананың басшылығымен мәселені шешуге тырысқан.

Жеке кәсіпкер ғимараттың қасбетін өзгерту үшін шығынды сауда үйі көтеріп алғанын қалап отыр.

«Кафе басшысы біз үшін осы мәселенің ауадай қажеттігін біліп отыр. Олар өздері тексеруге жатпайтын субьект болған соң бізге дәмханасы мен жер учаскесін аса қымбат бағада сатуға ниетті», — деді Серік Сембаев.

Ал сауда үйінің басшылығы қазір жеке кәсіпкерді сотқа беріп, ғимараттың қасбетін ауыстыруға мәжбүрлеуді қолға алды.

Нұрлан Ибраев «MOSKVA metropolitan» сауда үйін ашуға 12 млрд теңге инвестиция салынғанын айтты.

Әр ай сайын арендаторлардан 1,5 млрд теңге көлемінде жалға алу ақысы төленеді. Мыңдаған адам осы сауда үйінде еңбек етіп, жалақы алып отыр.

«Енді осы адамдар жұмысынан айрылып қалу қаупі бар. Ай сайын біз 240 млн теңге салық төлейміз. Ал ТЖД тарапынан ғимараттың ішіне қатысты ескерту жоқ. Қазір дәмханамен жапсарлас қабырғаны 2,5 сағаттық отқа төтеп беретін материалмен қаптап қойдық», — деді Н.Ибраев.

Мұның алдында Алматы қалалық сотының апелляциялық коллегиясы қалалық ТЖД «MOSKVA metropolitan» сауда үйінің жұмысын өрт қауіпсіздігі ескертулері қалпына келтірілгенше тоқтату туралы алдыңғы сот шешімін өзгеріссіз қалдырған болатын.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.