Қазақстанда 2018 жылдың басынан менингококк инфекциясына 84 адам шалдықты.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі менингококк жұқпасы бойынша елдегі ахуал туралы мәлім етті.
«2018 жылдың басынан менингококк инфекциясының 84 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 69 адам ауруханадан шығарылған, 15 жағдай өліммен аяқталды. Бүгінгі күні менингококк инфекциясына қауіппен Павлодар облысында стационарда 1 науқас жатыр», — делінген ведомство хабарламасында.
16 қазандағы жағдай бойынша менингококк инфекциясын жұқтырудың жаңа жағдайлары анықталмаған. Бұл ретте министрлік жалпы эпидемиологиялық кезеңде Қазақстанның әр аумағында науқастанудың жекелеген жағдайлары тіркеліп жатқанын атап өтті.
«Қазіргі уақытта республикада менингококк инфекциясының жекелеген спорадиялық жағдайлары тіркелуде. Эпидемияға қарсы іс-шаралар жалғасуда», — деді Денсаулық министрлігінен.
Менингит — ми және жұлын қабықшасының қабынуы. Пайда болу себебі бойынша үш негізгі топқа бөлінеді — менингококкты, іріңді және серозды менингиттер.
Менингококкты инфекция — менингококк туғызатын жіті инфекциялық ауру және бактериалды менингитке жатады. Ауру ауа-тамшы жолымен (жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде) тарайды.
Менингококкты менингитпен ауыратын науқастар айналадағы адамдарға инфекциялық қауіп төндіреді. Себебі бұл ауру ауыр түрде өтеді, сондай-ақ науқас жөтелгенде, түшкіргенде сыртқы ортаға қоздырғышты белсенді түрде бөледі.
Іріңді менингитке шалдыққандар қауіп төндірмейді. Себебі науқас аурудың осы сатысында сыртқы ортаға қоздырғышты бөлмейді. Іріңді менингит — ми қабықшасының іріңді қабынуы. Әдетте ұзаққа созылатын лор-ағзалардың инфекциясынан (жедел және созылмалы іріңді отит, синусит — гайморит, фронтит) пайда болады.
Вирус тудыратын серозды менингит энтеровирустардан, эпидемиялық паротиттен, сондай-ақ вирустардың басқа да түрлерінен пайда болады. Вирусты серозды менингиттер менингококкты және іріңді менингитке қарағанда қолайлы ағыммен ерекшеленеді. Олардың асқыну және өліммен аяқталатын жағдайлары сирек кездеседі. Вирус су, көкөніс, жемістер, тамақ өнімдері, лас қол арқылы беріледі. Адамдар көп жиналған кезде ауа-тамшы жолымен берілуі мүмкін. Жұқтыру су қоймаларында және жүзу бассейндерінде шомылу кезінде жиі кездеседі.
Алдын алу шаралары:
- сырқаттың (тамақ қызару, дене қызуының көтерілуі, бастың ауыруы, әлсіздік) алғашқы белгілері пайда болған кезде дәрігерге жүгіну;
- әртүрлі мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысуды, жүзу бассейндеріне, сауда-ойын-сауық орталықтарындағы ойын алаңдарына баруды шектеу, жеке гигиенаны сақтау;
- ұйымдастырылған ұжымдарда бөлмені жиі желдету, күн сайын ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізу;
- тек қайнаған немесе бөтелкедегі суды қолдану;
- салқын тиюді, ашығуды, ұйқының қанбауын, күйзелісті және тағы басқасын болдырмау.