Медициналық сақтандыру міндетті ме? | arainews.kz

Медициналық сақтандыру міндетті ме?

159

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен кезекті брифингте облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов өңірде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыстарды әңгімеледі.

Марат Сейітбекұлының сөзіне сүйенсек, жыл басынан облыс әкімінің қаулысымен құрылған штабтың 20 отырысы өтіп, Тараз, Шу, Қордай және Жуалы аудандарының есептері тыңдалыпты. Сондай-ақ, соңғы 8 айдың қорытындысы бойынша 330 834 мың адамға түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
– Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен қаладағы санаты анықталмаған азаматтар бойынша үй-үйді аралап, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биылғы жылдың басынан қала бойынша жалпы 10 430 үй қамтылды. Одан бөлек, қоғамдық орындарда, халыққа қызмет көрсету орталықтарында және денсаулық сақтау ұйымдарында 184 бейнеролик көрсетіліп, 14 қоғамдық сауда орындарында аудиороликтер қойылды. Тұрғындарға 70 362 дана ақпараттық-жарнамалық материалдар таратылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында 198 мақала жарияланып, облыстық телеарналарда
20 сюжет берілді. Әлеуметтік желілерде, ресми сайттарда, мобильдік қосымшаларда 256 ақпарат орналастырылды, – деді басқарма басшысы.
Бұдан бөлек, «Арайстроймаркет», «Керамик-Инвест», «Жамбылхимстрой», «ЖЗМК-Имсталькон» сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 230 мыңға жуық адамнан 2 миллиард теңге көлеміндегі міндетті медициналық сақтандыру төлемі түскен. Міне, осы жасалған жұмыстарды хабардар еткен Марат Сейітбекұлы сөз соңында бұл бағытттағы бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табатындығын айтты.

С.Жапарұлы

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.