Құрылыс сапалы жүріп, мерзімінде аяқталуы тиіс | arainews.kz

Құрылыс сапалы жүріп, мерзімінде аяқталуы тиіс

Облыс орталығын аралаған А. Мырзахметов құрылысшыларға осындай талап қойды

188

Қазіргі таңда Тараз қаласы үлкен құрылыс алаңына айналған. Жаңа мөлтек аудандарда көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеріп жатса, енді бір жерде жылу магистральдары жаңартылып, жол жабындары жаңартылуда. Алайда, құрылыс қала тұрғындарына ешқандай қолайсыздық тудырмауы қажет. Ал ол үшін барлық жұмыстың өз мезгілінде аяқталуы міндет. Осы орайда облыс әкімі Асқар Мырзахметов шаһардағы бірқатар нысандарды аралап, құрылыс барысын бағамдап қайтты, – деп хабарлайды «Arainews» ақпарат агенттігі.

Әуелгі нысан 362 га аумақты алып жатқан 15-ші шағын ауданы болды. Мұнда биыл 26 көп қабатты тұрғын үй ел игілігіне берілмекші. Оның ішінде 240 пәтердің кілті әлеуметтік қолдауды қажет ететін көпке үлестіріледі. Құрылыс барысымен танысқан әкім, бас сәулеттен ауытқып кетпеуге мән беру керектігін ескертті.

Келесі кезекте аймақ басшысы газ, су және жылу құбырларын ауыстыру мақсатында қазылып, жұмыстар жүріп жатқан көшелердің жайымен танысты. Қазіргі таңда қала ішінде 71 шақырымдай жер қазылған. Оның 37,5 шақырымы газ құбыры болса, 24 шақырым жылу жүйесі, 10 шақырымы су жүйесі. аталған жұмыстар аясында 80 пайызға тозығы жеткен қолданыстағы құбырларды жаңартып алу жоспарланып отыр. Өз сөзінде Асқар Исабекұлы құрылысшыларға құбырлар ауыстырылып, беті жабылған соң бос көміктің үстінен асфальт төсей салуға болмайтынын қадап айтты. Жамалған жер жамау емес кедірі жоқ тұспа-тұс келу қажет. Яки «іс бітті қу кеттінің» кері болмау керек. Сондықтан жауапты мердігермен келісімшарт жасасқанда дәл осы пунк қызылмен жазылады.

Тараздықтар үшін тағы бір мәселе жуық арада оң шешімін таппақшы. Ол оңтүстік айналмалы тас жолы. Жалпы қашықтығы 16 км құрайтын күре жол шаһардың шалғай жағымен Жамбыл ауданының 12 елді мекенін жалғайды. Осылайша төтесінен жол салынбақшы. Бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды. Биыл 4 шақырымын төсеп үлгереді. Жалпы жоба 18 айға жоспарланған. Алайда мердігер межелі мерзімнен бұрын аяқтаймыз деп сендіреді.

Әкімнің аралауы «Алаш арена» спорт кешенімен аяқталды. Жеке кәсіпкердің қаржысына бой көтерген нысан футбол ойнауға таптырмайтын алаң. Айта кетейік Асқар Мырзахметов бұл бағытта жұмыстарды саралап қалаға осындай қанша кешен керектігін анықтауды тапсырған. Нәтижесінде 86 деген тізім шықты. Биыл соның 51-де теңбіл доп турнирі өтеді.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.