КӨРКІНЕ КӨЗ ТОЙМАЙТЫН КӨНЕ ШАҺАР | arainews.kz

КӨРКІНЕ КӨЗ ТОЙМАЙТЫН КӨНЕ ШАҺАР

209

«Тараз — өткен мен бүгінгі күннің арасын жалғастырушы киелі де қасиетті желі, мәңгіліктің бейне нышаны» деп Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтып кеткен кешегі Троямен тағдырлас,  Самарқанмен замандас, өркениеті жұмыр жердің бетінде отыз ғасыр қасқайып тұрған Римнен, өнегесі 27 ғасырлық Ереваннан еш кем түспейтін, екі мың жыл еліне пана, Отырарға аға болған қасиетті тарихтың қара шаңырағы – Тараз шаһары үшінші мыңжылдыққа тағы бір қадам басып отыр. Жібек жолы бойындағы жауһар қала өзінің теңдессіз жәдігерлерімен ғана емес, бүгінгі көз сүрінер көркімен, айтуға сөз құдіреті жетпейтін сұлулығымен де ерекше.

Ия, Тараз өз тарихында  қаншама соғыстарда шаңырағының шаңы шығып, керегесі күл болса да тұрғындары жан-жаққа бас сауғаламай, қайта жер-ананың жеті қабатына іргесін қалап, еңсесін көтеруден ешқашан жалықпай, көзінің қарашығындай, ары мен ожданындай сақтап, бүгінгі ұрпаққа аманаттап кетті. Қаланың ең алғашқы атауы – Тәңірғұт. Тәңірден құт дарыған, Тәңір сүйген деген мағынада айтылған алғашқы атауы күні бүгінге дейін маңыздылығын да, киелілігін де жойған жоқ. Сондықтан да болар, Тараз құтты орнынан қозғалмай, қаншама аласапыранды басынан кешсе де, рухы мүжіліп, еңсесі түспеді.

Ұшқан құстың қанаты талып, жортқан аңның табаны мен жер тарпыған тұлпардың тұяғы тозатын ұшы-қиыры жоқ ұланғайыр Ұлы Дала бізге бабадан қалған асыл аманат. Шыбық қадасаң шынар шығатын құтты қоныс, қасиетті қарашаңырағымыз – қарт шаһардың әр гүлі, тал-дарағы, әр уыс топырағы, алтын саябақтары  мен күміс өзені бойтұмардай киелі. Ал, тұңғыш рет білек біріктіріп, Қазақ хандығының іргетасын қалаған тараздық бабалардың, баһадүрлер мен сөз сүлейлерінің, сәулетшілер мен зергерлердің ерлігін айтып тауысу мүмкін емес.  Табиғатына сөз құдіреті жетпейтін жауһардай Тараздың  қайталанбас сұлулығы, қастерлі тарихы сіз бен біз үшін Тәңірдің қасиетті қазынасы һәм баға жетпес сыйы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» — деп, тайға таңба басқандай ақиқатты жіліктеп берді. Осынау туған жер алдындағы перзенттік парыз бен азаматтық парасат-пайымды қазақ поэзиясында жырламаған ақын жоқ шығар. Мәселен, Мұқағали:

Батырлар дүрілдеп өткен жер,

Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер,

Ғашықтар бір-бірін өпкен жер,

Сарылып сал-сері кеткен жер.

Бас иіп, иіскеп топырағын,

Тағзым жасамай өтпеңдер! — десе, өмірі өлеңге айналып кеткен ақын Қадыр Мырза Әлі:

Туған жер-ай, күнім де сен, дінім де сен,

Тағдыр сендей сүйесе, сүрінбес ем.

Керегі жоқ басқа атақ. басқа абырой,

Жетіп жатыр тек өзің ұлым десең! — деп тебіренеді. Осы секілді кіндік қанымыз тамған жердің киесі туралы шабыттана жазған шайырлар мен қадала қалам тербеген қаламгерлер аз болған жоқ. Өйткені, туған жер — біздің тарихымыз бен мәдениетіміздің қайнар көзі, ұлттық болмысымызды қалыптастыратын құдірет.

Қазақ даласына Ислам діні біздің Әулиеатамыз, осынау Тараз топырағы  арқылы тараған дейді ғалымдар. Оған мұсылман мәдениеті мен өркениетінен сыр шертетін Қарахан мен Тектұрмастың заманы куә. Аңызында ақиқаты басым Ақыртас та Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы теңдессіз тарихи мұраның бірінен саналады. Өңірдегі ежелгі Баласағұн қаласында түркі халықтарының құнды жәдігері, Жүсіп Баласағүнның «Кұтты білігі» жазылған. Еліміздегі ең ежелгі шаһар осындай тағылымдық тарихымен ерекше, деректерімен дара. ХХІ ғасырмен замандас болған көне қалада жалпы қазақ ұлтының, бабалар шежіресінен, Ұлы Дала тарихынан сыр шертетін жәдігерлер де аз емес. Тіпті қазақ ауыз әдебиетіндегі ертегі-аңыздардың басым көпшілігі де осы Тараз топырағынан бастау алады екен.

Еуропаның қазіргі аты мен атағы жер жарып тұрған алпауыт қалаларының тұрғындары қаза болған жерлестерін батпаққа жерлеп, сордың суын ішіп жүрген заманда Ежелгі Таразда кәріз жүйесі ел игілігіне жарап, Ақыртаста құбыр арқылы бұлақ суын тұтынған бабаларымыздың көрегендігіне мәңгілік тағзым етсек те жарасады. Сол уақытта өзінің бір емес, екі алтын қоймасы болған, шойын балқытып, мыс өндірген, сауда орталығы ғана емес, елшілердің басын қосып отырған үлкен стратегиялық маңызы бар саяси ордаға айналған  Тараз шаһары сондай дана бабалардың төл туындысы, асқақ аманаты болып бізге жетіп отыр.

Ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Күләш Ахметова «Жұлдызым Жібек жолы бойындағы» деп толғанған өрелі өлеңінде:

Берілген ұлылардан бағасы — шың.
Тарихтың салихалы саласысың.
Киелі, Әулиелі, көне Тараз
Сүюдің, сұлулықтың қаласысың!
Сүюдің Айша бибі бопты Арындай.
Далада қызға ескерткіш жоқ та мұндай.
Кезінде Шах Жаханның Мұмтазға арнап,
Өлмейтін Тәжмахалды соққанындай,-деп жырлауынан-ақ, Рудаки бастаған шығыс шайырлары мың жыл жырлаған шаһар сұлулығына еріксіз қайран қаласың. Бұл сабақтастық сарынын өлең тілінде:

Көне шаһар көз алдыңда көлбесе,

Ғазиз көңіл әлденеге шөлдесе.

Жұмақты іздеп жанталасқан жан болса,

Таразға кел, Таразды көр ендеше,-деп осы топырақтан түлеп ұшқан талантты тарпаң ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты  Маралтай Райымбекұлы көңілден кертіп алсаң да кескіні кетпейтін көне шаһардың бейнесін бедерлеп берді.

Міне, осынау әдебиет пен қарт тарихты қалыңдатқан Тараз қаласы бұл күнде облыс басшысы Асқар Мырзахметовтің ауқымды бастамаларының арқасында адам танымастай өзгеріп, тотыдай таранып  келеді. Тараз шаһары қай заманда да өз тұрғындарының мақтанышына, ар-намыс, абыройына, ерлігі мен жеңісіне айналған қала. Оған қандай құрмет көрсетілсе де, әбден лайықты. Жасай бер, жауһар қала, туған күніңмен, Тараз!

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.