Қордайдың қарқынды дамуына карантин де кедергі бола алмады | arainews.kz

Қордайдың қарқынды дамуына карантин де кедергі бола алмады

142

Бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулеттің аудан тұрғындары алдындағы есеп беру жиынына қатысты. Басқосу барысында Рүстем Рысбайұлы былтыр өңір барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша жылды табысты аяқтағанын сөз етті.
Аудан басшысының айтуынша, өнеркәсіп өнімінің көлемі 17,8 миллиард теңгені құрапты. Сол секілді ауыл шаруашылығы өнімі 66,2 миллиард теңгеге өссе, инвестиция тарту 40,6 миллиард теңгеге артқан. Құрылыс саласы да тұрақты өсім қарқынын көрсеткен. Жалпы 2020 жылы ауданда 49,5 мың шаршыметр тұрғын үй салынып, 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 147 пайызды құраған.
Осы тектес әр саладағы жетістік баяндалған басқосу барысында Қордай ауданы тұрғындары тарапынан Халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратын кеңейту, Қырғыз Республикасымен шекаралас ауылдарда ұялы байланысты күшейту, Кенен ауылындағы мұражай алдынан саябақ ашу, Қордай ауылының жолдарын жөндеу, елді мекендерге газ, ауызсу тарту, су тапшылығын жою секілді басқа да мәселелер көтерілді. Әр сауал бойынша нақты жауап берілді.
Жиын соңында аймақ басшысы өңірде тұрғындар ұлтына, дініне, діліне қарамай, заңға бағынуы, мемлекет тілді білуі керектігін баса айтты. Сондай-ақ бірліктің, тұрақтылықтың сақталуы маңызды екеніне тоқталып, ауданның барлық сала бойынша алдыңғы қатардан көрінуіне мүмкіндік мол екенін сөз етті.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жерін тиімді пайдадану, тұрғындарды азық-түлікпен қамту, кәмелет жасына толмай отау құруды тоқтату секілді басқа да әлеуметтік-тұрмыстық және қоғамдық мәселелерді шешуге қатысты нақты тапсырмалар берді.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.