Техника ғасырында ғаламтордың аясы кеңейіп, кітап оқуға деген құмарлық бұрынғыдан біршама саябырсығаны рас. Бұл тек біздің елде ғана емес, әлемдік деңгейдегі мәселеге айналып үлгерді. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ұлттық академиялық кітапхана «Заманауи әлемдегі оқу мәдениеті» тақырыбымен халықаралық конгресс ұйымдастырып, өз еліміздің ғалым, ақын-жазушы, журналист-блогер, кітапханашылары мен әлемнің 26 елінің қаламгерлерінің басын қосты.
Құндылықтардың қайнар көзі – кітап оқуды насихаттаудың әлемдік тәжірибесін талқылауды, оқырмандардың мәдени құзыреттілігін жақсартуды, интеллектуалдық әлеуетті арттыруды көздеген конгресс Астананың 20 жылдығына орай әрі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Елордадағы Тәуелсіздік сарайындағы конгрестің ашылу салтанатында ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет сөз алып, жоба жұмысына сәттілік тіледі.
Келесі кезекте Ұлттық академиялық кітапхана директоры Үмітхан Мұңалбаева Конгрестің мақсат-міндеттерімен кеңірек таныстырды.
Белгілі ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков жүйрік уақыт жылжып, қаншама ғасыр өтсе де кітаптың атадан балаға мирас болып қалатын асыл құндылық екенін тілге тиек етті.
Алқалы басқосудың өз деңгейінде өтуіне қолдау көрсеткен, халықтың игілігіне елеулі үлес қосып жүрген «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархат Қуанғанов кітапхана тек кітапты сақтаушы ғана емес, заманауи мәдениетті қалыптастырушы орын екенін сөз етті. Жазушы, драматург, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сәбит Досанов, ғалым, философия ғылымдарының докторы, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, абайтанушы Ғарифолла Есім оқу мәдениетінің құндылықтарды қабылдау екеніне тоқталып, тұшымды ой өрбітті.
Салтанатты жиында сөз алған Италия және Бразилия Республикаларының еліміздегі төтенше және өкілетті елшілері Паскуале Д,Авино, Доннер Марсия, Ресейдің әдеби шығарма академигі, жазушы Георгий Пряхин, Мысыр Жазушылар одағының мүшесі Халим Магди, Түркиядағы Мимар Синан университетінің профессоры, ғалым Кара Абдуакап, «Ш.Айтматов атындағы Ыстықкөл халықаралық форумы» қоғамдық бірлестігінің президенті Асқар Айтматов, Еуразия кітапхана Ассамблеясының бас директоры, мәскеулік Галина Райкова оқу-білім туралы пікірлерімен бауырмал қазақ халқына, бейбітшіліктің байрағындай Астанаға деген сүйіспеншіліктерін, лебіздерін жеткізді.
Конгрестің ашылу салтанатын жалғастырған пленарлық мәжілісті белгілі жазушы, драматург, Қазақстан республикасының мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабеков жүргізді.
Қытайдың Бейжің қаласынан келген ғалым, аудармашы Хуан Чжонсян «Қытайдағы оқу және дәстүрлі мәдениет» тақырыбында жасаған баяндамасында рухани құндылық туралы пайымды пікірлерін ортаға салды.
Италияндық профессор, Ambrosiana Академиясының ғылыми хатшысы Канетта Эдуардо ғылым ордасы оқудың ерекше орыны ретіндегі шынайылығын сөз етті. Аудармашы, румыниялық журналист Юлиан Крачун ұлттық әдебиет әдеби қауымдастықты бір арнаға топтастырудың негізі екенін тарқата жеткізді.
Кітап арқылы ой-өрісін өсіріп, табысты еңбекпен танымалдылыққа жеткен оқырмандар жайында әңгіме өрбіткен түркиялық жазушы, «Түрік әдебиеті» журналының Бас редакторы Бахтияр Аслан ойын қазақ тілінде баяндап, туыстас елдердің рухани байланысын байқатты.
Ал, филология ғылымдарының докторы, профессор, Еуропа Жаратылыстану Академиясының академигі Алуа Темірболат жаһандану жағдайындағы қазақстандық әдебиеттің даму тенденцияларын тарқата айтып берді. Жиында белгілі ақын Маралтай Райымбекұлы «Кітап» атты өлеңін оқыды.
Пленарлық мәжілістен соң атаулы шараға шақырылғандар бірнеше секцияларға бөлініп, тақырыптық пікірталас, «дөңгелек үстел», авторлық шеберлік сыныбы, лекция-диалогтарға қатысты. Ақын-жазушылар «Ұлттық мәдениет – халықтың мәдени және рухани мұрасы» атты «дөңгелек үстел отырысында ой бөлісті.
Журналистер мен блогерлер «Құбылмалы әлемдегі сөздің күші» атты тақырыптық пікірталаста ашық сұхбаттасты.
Ақпарат айдынының ашықтығы айтылған бұл секцияда ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Телерадио және қоғаммен байланыс» кафедрасының доценті Оңайгүл Тұржан, блогер-журналист Өркен Кенжебек халыққа дәлелді жаңалық таратудың ұтымды тұстарын айтты.
Ал, кітапханашылар «Цифрландыру дәуіріндегі кітапханалардың түрленуі» атты панельдік пікірталасқа қатысып, осы саладағы әлемдік тәжірибемен танысты. «Кітапханадағы тайм менеджмент» тақырыбындағы семинар-тренингте облысымыздағы Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапхананың директоры Эльмира Абдинова өзінің нәтижелі әдісін шетелдік әріптестерімен бөлісіп, арнайы сертификатқа ие болды.
Халықаралық конгресс аясында ауылы аралас, қойы қоралас қазақ-қырғыз елінің қарымды қаламгерлері Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдық және Әкім Таразидың 85 жылдық мерейтойлары да аталып өтілді. Көкейдегі ойды көркем сөзбен кестелеп, қалың халыққа шұрайлы тілмен жеткізген қаламгерлер әдебиеттің қос тарланына лайықты құрмет көрсетті.
Жамбыл облысынан барған белгілі ақын, облыстық «JAMBYL» телеарнасының редакторы Ғайни Әлімбекқызы Шыңғыс Айтматовқа арнаған өлеңін оқып, тыңдаушыларды тамсандырды. Ақынның жырын ұйып тыңдаған шетелдік меймандар да туындыны жоғары бағалап, қошемет білдірді.
Ұлттық академиялық кітапхананың мәжіліс залындағы «Әдеби қонақ» бөлмесінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Әкім Таразидың 85 жылдығына арналған шығармашылық кеш ұйымдастырылды. Танымал жазушы, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Төлен Әбдік жүргізген кеш тағылымға толы болды. Көкірегі шежірелі, көргені көп ағалар өнегелі өсиет айтып, әдебиет қырандарының арасындағы көзге көріне бермейтін байланысты сөз құдіретімен байқатты.
«Әдебиет – ардың ісі» деген халық сөзінің шын бейнесін осы кештерден көрдік. Кітапқа арналған халықаралық конгресс түрлі форматтағы іс-шараларымен, өрелі ойды жеткізген сөз құдіретін танытуымен қатысушыларға оқу-білімнің биіктігін тағы бір мәрте ұқтырды.
Қамар Қарасева,
Тараз-Астана-Тараз