Қолөнер және туризм орталығының шаһар үшін пайдасы зор | arainews.kz

Қолөнер және туризм орталығының шаһар үшін пайдасы зор

186

Облыстың 80 жылдық мерейтойы аясында келесі кезекте «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде орналасқан Қолөнер және туризм орталығы ашылды. Орталық өңірдегі қолөнер шеберлері бас қосып, тың идеяларымен бөлісетін, тәжірибе алмасатын бірден-бір орынға айналады деп күтілуде. Оларға онда өздерінің зергерлік шеберліктерін жетілдіруге тиісті жағдай жасалмақ.  Мұнда Шығыс, Батыс, Сыр, Арқа, Жетісу және басқа да аймақ үлгісіндегі бұйымдар жасалынады деп күтілуде. Олардың қолынан шыққан ғажайып бұйымдарды сатуға да мүмкіндік тумақ.

Құрылыстың жалпы алаңы 2277,12 шаршы метрді құрайды. Нысан екі қабаттан тұрады. Ғимараттың бірінші қабатында қолөнер шеберлерінің бұйымдары, туристерге арналған кеңес беру залы немесе анықтама орталығы орналасуда. Ал екінші қабатта 7 шеберхана, жас қолөнершілерді оқыту сыныбы,  «Тараз – Туризм» туристік ақпараттық орталығы орын тепкен.

Тараз қаласы – 2000 жылдан астам тарихы бар, Ұлы Жібек жолының бойында жатқан қала. Керуен жолдарының түйіскен жері, сауда — саттық орталығы болғандықтан, қолөнер жақсы дамыған. Осы орайда бұл галерея тарихы тереңде жатқан  осынау өнер түрін заманауи тұрғыда дамыту және сол қолөнер бұйымдарын көпшілік назарына ұсына отырып, облысымыздың туризм саласын  өркендетуге де айтарлықтай өз үлесін қосады деп көзделуде.

Галереяның негізгі функциясы – облыстық қөлөнер шеберлерінің басын қосып, бір жерде өз бұйымын жасауға және сол жерде сатуға мүмкіндік беру. Сонымен қатар жергілікті студенттер мен оқушыларға шеберлік сағаттарын өткізу арқылы жасөспірімдердің бойында өнерге, еңбекке, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігін ояту.  Ол ұлттық мәдени мұра  және шеберлер өнерін жаңғыртатын және көпшілікке таратуға ықпал ететін орталық болады.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.