Қазақ үшін өрге жүзген қайраткер еді… | arainews.kz

Қазақ үшін өрге жүзген қайраткер еді…

142

Дүние – жалған деп бекер айтылмаған-ау, сірә. «Шерғаң дүние салыпты» деген суық хабар жеткенде көбіміздің есенгіреп қалғанымыз жасырын емес. Кеудемізді мұң торлап, жанарларымыз ылғалданып, бүкіл халықтың Шерағасына айналған Шерхан Мұртаза өзімен бірге тұтас бір әлемді ала кеткендей сезіндік. Ол өмір бойы халқы үшін барынша аянбай тер төгіп, әділдіктің, мемлекетшілідіктің ұраны, қоғамымыздың белсенді қайраткері  болды. Ол журналистикада болсын, мемлекеттік қызметте болсын, парламент депутаты  болсын әрдайым ел-жұрттың  жоғын жоқтап, жоқты жоқ, барды бар деп батыл кесіп айтып, қоғам үшін ерлікке тең іс-әрекеттер тындырды, халық мүдесінің күрескері болды. Қазақ ұлты үшін, халқы үшін, тіпті,  жанын пида етуге де даяр еді-ау. Оның баспалардан шығып жатқан әр мақаласын қолдан-қолға беріп көпшілік іздеп оқитын. Радио мен теледидардан берілген жалынды әрбір сөздерін жұрт бірінен-бірі қағып алып, аңызға айналдырып, ерлікке теңестіріп жататын. Қолына қалам алып мақала жазса ішіне  жиналған жұрттың шерін, елдің мұңын төгіп-төгіп жіберетін. Мінберге шықса ел-жұрттың, тіпті, бүкіл қазағының игілігін ойлап,  көрген-білгендерін қысқа да нұсқа тұжырымдап, озық та терең ойын батыл айтатыны көпшілікті сүйсіндірді, елдің сүйікті қайраткер-тұлғасына айналды. Оның әрбір сөзі қайрақ болып, қамшы болып тиді.

Өткен 2017 жылдың күншауақ жазында Шераға қызы Алма екеуі туған жері Жуалыдағы Мыңбұлаққа келіп 5-6 күн демалды. Ағайын-туыстары Шерағаны машинаға отырғызып алып, өзінің балалық шағы өткен аймақты, ақбасты Алатаудың Ақсай мен Көксай бойын аралатып, таудың саф ауасымен тыныстандырып, мөлдір, таза тау бұлағынан су ішкізіп, саумал-қымызбен сусындатты. Сол күндердің бірінде тараздық жазушылар Несіпбай Дәутаев, Көсемәлі Сәттібаев, журналистер Ғалым Қасабай, Мейрамбай Төлепберген бәріміз Шерағаңа сәлем беруге арнайы бардық. Денсаулығының әжептеуір сыр бере бастағанын сонда ұқтық. Кеше дүйім халықтың алдында өткір сөз айтып, қайсарлықпен танылған жанпоз Шәкең бүгін қарапайым жанға айналып, алдымызда бей-жай күйде отыр. Сұлық жатқан Шәкеңнің мазасын тым ала бермейік деген оймен, ұзақ тосылмай кері қайттық. Жол бойы асыл ағамыздың бойындағы ерекше адами қасиеттерін, жазушылық шеберлігін, қоғамдық ірі қызметерін, қайталанбас қайраткерлігі мен батыл да өткір мінезділігін сөз еттік. Жасы келіп, денсаулығы төмендеп, қалжыраған қазақтың қажырлы перзентін осындай күйде көру кімге болса да ауыр болды, жүрекке салмақ салды. Ішімізге түйін болып түйілген сол сәттегі ойымыз әркіммен бірге кетті. Енді ойласақ, бұл қазақтың нар тұлғасы, дүниеден дүркіреп өткен Шерхан ағамыздың кіндік қаны тамған туған өңірі Жуалыға соңғы келуі екен. Әттең, дүние… Өтті де кетті…

Шерхан ағамызды жоқтап жатқан дүйім елге: үлкенге де, кішіге де басу айтамыз. Ел-жұрты, ағайындары аман болсын.

 Тұтас болмысы қазаққа қызмет еткен аяулы Шерағаңның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Алдың пейіш болсын, қазақ үшін өрге жүзген асыл аға!

Арамыздан өзі кеткенімен оның аты аңызға айналып, қазақ ұлтының таихына алтын әріптермен жазылып, ұрпақтан ұрпаққа жетіп, есімі мәңгі өшпейтініне сенеміз.

Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, медицина профессоры

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.