Облысқа жұмыс сапарымен келген Қаржы министрі Әлихан Смаилов Тараз қаласындағы бірқатар нысандарда болды.
Әуелі Желтоқсан көшесіндегі бұрынғы «БТА банкі» ғимаратында болған министрге нысанды коммуналдық меншікке қайтарып, оңалту орталығы ретінде пайдалану мүмкіндігі таныстырылды. Соңғы екі-үш жылдан бері бос тұрған ғимарат қазір Ұлттық банктің балансында. Өз кезегінде, қаржы министрі бұл нысанда коммуналды меншікке өткізбей жалдамалы негізде қолдану қажеттігін айтты.
Келесі сәтті Әлихан Асханұлы «Медина» жеке меншік балабақшасында болды. Облыс әкімдігінің білім басқармасы мен балабақша басшылығы мектепке дейінгі тәрбиелеу ісін жан басына қарай қаржыландыруда туындаған мәселелерді көтерді. Айта кету керек жыл соңына дейін облыста тағы да 18 жеке меншік балабақша ашылады.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы бой көтеріп жатқан 15 ықшам ауданда болған қаржы министрінің назарына тұрғын үй кешендерін инженерлік инфрақұрылыммен қамтуды қаржыландыру тетігін қарастыру жайы таныстырылды. Қазіргі таңда жаңа ықшам аудандағы көп қабатты тұрғын үйлерді магистралды жылу желісімен қамтуға 2,5 миллиард теңге көлемінде қосымша қаражат қажет.
Сол секілді, қаржы министрі Әлихан Смаилов Айша бибі көшесі мен жол өткелін қайта жаңғырту жобасымен танысты. Бұл жоба қала орталығы мен қала маңы тұрғын үй иіндерімен жолды 14 шақырымға қысқартқан. Сондай-ақ көлік ағынын 40 пайызға төмендетуге мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта мұнда жалпы ұзындығы 16 шақырымда құрайтын Қырғызстан шекарасына дейінгі айналма жол салынбақ.