Қ. Досаев үшем дүниеге келген шаңырақта болды | arainews.kz

Қ. Досаев үшем дүниеге келген шаңырақта болды

251

Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев бір ай бұрын үшемді дүниеге алып келген көпбалалы ана Эльвира Қожагелдиеваның шаңырағында болып, көпбалалы ананы құттықтады.

– Батырлардың бауы берік болсын! Үшемді дүниеге алып келіп, қазақтың демографиясын көбейтіп отырған отбасына берекелі ғұмыр тілеймін. Үш батыр елі үшін туған ер болып өссін, – деді өз сөзінде қала әкімі Қайрат Әскербекұлы.

Сәбилер жоспарланған мерзімнен бірнеше апта ерте жарық көрген. Сондықтан олар алғашқы күннен қарқынды терапия бөлімшесінде жатып шыққан. Ислам, Аслан, Марғұлан есімді үшемге ғұмыр сыйлаған ананың күні бүгін 4 ұл, 2 қызы бар. 34 жастағы ана шаңырағының осындай шаттыққа кенелгеніне қуанышты. Қала әкімі ұсынған алқызыл раушан гүлдерімен қоса жүзі бал-бұл жайнап, жүрегіндегі аналық ризашылығын айтып, қуанышын жасырмады.

Өз кезегінде қала әкімі Қайрат Әскербекұлы бұл отбасыға кір машинасын сыйлыққа ұсынды. Ал дүние есігін жаңа ашқан үшемге балалар қоларбасын сыйлады. Жуырда көпбалалы ана Эльвира облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қабылдауында болып, көп жылдан бері пәтер кезегінде тұрғанын, қазіргі таңда пәтер жалдап тұрып жатқанын айтқан болатын. Кездесу барысында Қ. Досаев пәтер мәселесі жыл соңына дейін шешімін табатынын жеткізді.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.