Интернет иірімі – игілікке | arainews.kz

Интернет иірімі – игілікке

324

Облыс әкімі А.Мырзахметовтің биылғы 6 тамыздағы «Интернет кеңістігінде ақпараттық жұмысты жүргізу туралы» өкіміне сәйкес, бұл бағытта тиісті шаралар басталып кетті.
Атап айтар болсақ, облыс әкімдігі басқармаларының, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің интернет кеңістікте ақпараттық жұмысты жүргізу жөніндегі нұсқаулығы бекітіліп, аталған өкімнен туындайтын қажетті шаралардың қабылдануын қамтамасыз ету облыс әкімдігінің Ішкі саясат басқармасына тапсырылды.

Нұсқаулыққа аздап тоқтала кетсек, бұл құжат облыс әкімдігі басқармаларының, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің интернет кеңістікте ақпараттық жұмысты жүргізу жөніндегі әдістемесі ретінде қолданылады. Ол еліміздің бірқатар заңнамалары мен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының, «Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарын ақпараттық толықтыру қағидаларын және олардың мазмұнына қойылатын талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің бұйрығы негізінде әзірленген.
Сонымен қатар, осы нұсқаулыққа сәйкес, бұдан былай интернет кеңістігіндегі ақпараттық жұмысты күшейту шараларын үйлестіруді облыс әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы жүргізеді. Бұдан бөлек, облыс әкімдігі басқармалары мен Тараз қаласы және аудан әкімдіктерінің интернет кеңістігіндегі жұмыстарына сол мекеменің бірінші басшысы тікелей жауапты болады.
Сондай-ақ, нұсқаулықта облыс әкімдігіне қарасты басқармалар мен қалалық және аудандық әкімдіктердің құқықтары мен міндеттері де белгіленген. Мәселен, олар белгілі бір мәселе бойынша сұрау салуға, оның мазмұнын анықтауға, жауаптарды мәтін түрінде, инфографика, бейнеролик тәсілімен орналастыруға, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда ақпарат беруден бас тартуға құқығы бар.
Құжаттың 10 пункттен тұратын міндеттеріне де біраз мәселе қамтылған. Қысқасы, облыс әкімдігі басқармалары мен Тараз қаласы және аудан әкімдіктері ақпарат алушылардың сұранысына, нақты әрі толық, мерзімінде жауап беруге, интернет-ресурстарының еш іркіліссіз жұмыс істеуіне және оны мүмкіндігі шектеулі жандардың да қолдануына ыңғайлы болуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ, заңмен қорғалатын мемлекеттік құпия ақпараттарды таратпауға міндеттеліп отыр.
Бұған дейін мемлекеттік мекемелер әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін толық пайдаланбай келсе, ендігі жерде ақпараттарды әлеуметтік желілерге жедел жариялап отыру жүктелді.
Әрине, басқармалар мен аудандардағы тиісті мамандар интернет-ресурстарды бес саусақтай игеріп отыр деп айту қиын. Сол себепті, облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен қазір аудандарда оқыту семинарлары жүріп жатыр. Ол өңірдегі белгілі блогер Ықтияр Мырзахметов бастаған топқа табысталған. Қазір олар аудандарда интернет кеңістігіндегі жұмыстарды үйлестіріп, ұйымдастыруға жауапты лауазымды қызметкерлердің біліктілігін арттыру бағытында дәріс беруде.

Ж.Бақытбекұлы

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.