Инновация – игіліктер мүмкіндігі | arainews.kz

Инновация – игіліктер мүмкіндігі

339

Жамбыл медициналық колледжінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «Мемлекеттік қызмет көрсету электронды орталығының» ашылу салтанатына орай «Ашық есік» күні өтті. Шараға бірқатар облыстық департамент және басқарма басшылары, орта білім беру мекемелерінің басшылары, әлеуметтік серіктестер қатысты.

«Ашық есік» күнінің ашылу салтанатында колледж директоры Жәмилә Сарыбекова бәсекеге қабілетті медицина мамандарын даярлау бағытында соңғы жылдары оқу ордасында қыруар шаруа тындырылғанын тілге тиек етті.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев былтырғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіруді міндеттегені баршамызға белгілі. Сонымен қатар, цифрлы білім беру ресурстарын дамытудың, кең жолақты интернетпен, бейнеқұрылымдармен жабдықтаудың маңызына тоқталды. Нұрсұлтан Әбішұлы жүктеген міндеттерге сай білім ордасында көптеген нәтижелі жұмыстар атқарылды. Алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жүзеге аса бермек. Бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің бастамасымен «Мемлекеттік қызмет көрсету электронды орталығы» ашылмақ, – деді Ж.Нұрғалиқызы.

Мұнан кейін білім ошағының әлеуметтік-экономикалық пәндер оқытушысы Жәмилә Айдабосынова 80 жылдан аса тарихы бар колледждің өткені мен бүгінінен сыр шертсе, оқытушылар студенттердің сапалы білім алуы үшін соңғы үлгідегі технологиялармен жарақтандырылған сыныптарды таныстырды. «Анатомия» пәнінің оқытушысы Динара Назардың айтуынша, инновациялық технологиялар болашақ жас мамандардың білікті маман болып қалыптасуына жол ашады. Мәселен, 3D принтері адамның кез келген ағзасын жасап шығуға мүмкіндік берсе, «Smart kapp» тақтасы арқылы студенттер уақыт жоғалтып дәрісті көшіріп отырмай-ақ, арнайы бағдарлама арқылы сабақты ұялы телефонға жүктеп  ала алады. Сол секілді 3D көзілдірігі арқылы кез келген адам ағзасының қызметін бақылай алады.

Студенттер үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған сыныптармен таныстырылым аяқталғаннан кейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Еркебаев «Мемлекеттік қызмет көрсету электронды орталығының» лентасын қиды. Жалпы, орталықта алдағы уақытта колледж қызметкерлері мен студенттері «Электронды үкімет» веб-порталына тіркеле отырып, түрлі қызметтерге жүгіне алады.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.