Елбасы жариялаған Жастар жылы еңбекпен айналысуға жаңа серпін береді — Нығматулин | arainews.kz

Елбасы жариялаған Жастар жылы еңбекпен айналысуға жаңа серпін береді — Нығматулин

217

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің Павлодар жастарымен кездесуінде негізгі әңгіме арқауы Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру жайында болды.

Павлодарға жұмыс сапары барысында Мәжіліс төрағасы «Жастар бастамаларын дамыту орталығындағы» жастармен кездесті.

Орталық бес жылдың ішінде көптеген шығармашылық идеялар мен жаңа жобаларды жүзеге асырды. Сонымен бірге, орталықтан жұмыспен қамту, құқықтық және психологиялық қолдау көрсету, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары мен жастар кәсіпкерлігі туралы ақпараттар алуға болады.

Болашақ экономикасының жаңа технологиялары, шағын және орта бизнестің дамуы, жастарға әлеуметтік қолдау көрсету — Жолдауда көрсетілген осы бағыттардың барлығы жас буынға жақын және түсінікті. Сондықтан оларға жаңа қадамдар жасауға мүмкіндік береді.

Мәжіліс төрағасы жастармен кездесуде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев әрқашанда жастар мәселесіне ерекше назар аударып келе жатқанын айтты.

Палата спикері Елбасының Жолдауындағы басымдықтарға тоқталып, бұл жастарды және отбасы институтын жан-жақты қолдауға бағытталғанын атап өтті, сондай-ақ 2019 жылдың «Жастар жылы» деп жарияланғанына баса көңіл бөлді.

«Келесі жыл Сіздер үшін есте қалатын, маңызды, мағыналы және қызықты оқиғаларға толы болатыны сөзсіз. Оның барлығы жастардың қоғамдағы рөлін арттыруға, әлеуметтік жағдайын көтеруге, тиімді еңбекпен айналысуға жаңа серпін   беретін болады» — деді өз сөзінде Н. Нығматулин.

Елбасымыздың жаңа технологияларға, инновацияға және автоматтандыруға зор мән бергенін айтқан  Палата спикері осы жолда жастардың шығармашыл идеялары барлық реформаларды тиімді жүзеге асыру үшін өте қажет екеніне тоқталды.

Кездесу барысында Нұрлан Нығматулин жастардың сұрақтарына жауап бере келіп, Мемлекет басшысы қойған ауқымды міндеттерді жүзеге асыру үшін барлық жастардың белсене қатысуы керектігіне ерекше атап айтты.

inform.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.