Қазақ халқының ежелден келе жатқан ұлттық ойындарының бірі – тоғызқұмалақ. Зерттеушілердің пайымдауынша, бұл ойынның пайда болу тарихы шамамен төрт мың жылдық кезеңді қамтитын көрінеді. Алайда, тоғызқұмалақ спорт түрі ретінде кейінгі жылдары ғана кеңінен танылуда. Бұл бағытта елімізде ауқымды бастамалар көтеріліп, осы таңға дейін республикалық қана емес, төрт Азия, төрт Әлем чемпионаты өтіп үлгерді. Десе де, әттеген-ай дейтін тұсы, тоғызқұмалақтың ойын ережесіне «Рапид», «Блиц», «Классик», «Щвейцар» жүйесі сынды кірме сөздер еніп, ұлттық ойынымыздың қазақы нақышын бұзып тұр.
Әрине, тоғызқұмалақты әлемдік деңгейге көтергеннен кейін, мұндай кірме сөздердің енуі заңдылық дейтіндер болар. Алайда, құрлықтық деңгейде ұйымдастырылып жүрген қазақ күресінің ережелерінде құлаққа түрпідей тиетін мұндай ұғымдар мүлде жоқ екенін неге ескермейміз? Мәселен, қарапайым белдесу гонг үнімен емес, төрешінің «Баста!» деген белгісінен кейін қыза түседі. Дәл сондай, жекпе-жек уақыты аяқталғанда немесе ереже бұзылғанда «Stop» емес, «Тоқтат» деген бұйрық берілетінін қазір қай елдің болмасын балуандары жақсы түсінеді. Одан бөлек, бүк ұпай, жамбас, жартылай жеңіс сынды атаулар да қазақ күресінің айнымас бөлшегіне айналды. Ал, тоғызқұмалаққа келгенде неге тіліміз шұбарланып шыға келеді? Бұл сауалға жауап табу үшін арнайы маманның пікірін білген едік.
– Негізі, тоғызқұмалақ ойыны кейінгі жылдары «Блиц», «Рапид» және «Классика» жүйесі бойынша ойнатылуда. «Блицта» ойыншыларға 7 минут уақыт қана беріліп, қатысушылардың қырағылығы мен шапшаң ойлауы бағаланады. Ал, «Рапидте» әр ойыншыға 20 минутта кездесуді аяқтау шарты қойылады. «Классика» жүйесінде болса, ойыншылар 3 сағатқа дейін күш сынасуы мүмкін. Бұл жүйе мен ережелер тоғызқұмалаққа шахмат ойынынан келген. Сондай-ақ, дойбыда да осы жүйе қолданылады. Яғни, бұл кірме сөздер халықаралық деңгейде нақтыланып, ойын шартына енген. Тағы бір тоғызқұмалақтың ойнау ережесі – ол «Щвейцар» жүйесі арқылы жүргізіледі. Мұнда ойын тоғыз турға дейін созылып, айналмалы жүйе арқылы бақ сынаған ойыншылардың ортақ ұпайы шығарылып барып, жеңімпаз анықталады.
Бұл кірме сөздердің барлығы әлемдік деңгейде қолданылып жүргеннен кейін, біз одан қашып құтыла алмаймыз. Олар тоғызқұмалақ ойынына толықтай сіңісіп кетті, – дейді №3 облыстық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Ербол Нұрханов.
Иә, маман бізге осындай ақпар берді. Бірақ, бәрібір біз неге өзгенің қаңсығын таңсық көріп, шахматтағы жүйені жанға жақын тарттық деген ой келеді. Қазақ күресі сынды өзіміздің қазақы атауларымыз бен ойын тәртібін ойлап табуға болмас па еді?
– Тоғызқұмалақ қазаққа ғана тән ойын емес. Оның шығу тарихы тереңде жатқандықтан, бұл ойынды өз дәуірінде бірнеше елдер ойнаған. Мәселен, қырғыз, моңғол, түрік, тіпті, кавказ халықтарында да тоғызқұмалақ спорт түрінде қабылданған. Биыл, Моңғолия, Чехия және Түркияда тоғызқұмалақтан Әлем чемпионаты өткізілмек. Естуімше, ол елдердегі тоғызқұмалақ ойынында сәл өзгешеліктер бар екен. Бұйыртса, осы әлемдік додаға барып, көп тәжірибе жинап қайтсақ деп ойлап отырмыз. Одан кейін, олардың ережелеріндегі ұтымды тұстарды өзімізге енгізіп қалармыз, – дейді облыстық тоғызқұмалақ федерациясының төрағасы Батырбек Құлекеев.
Иә, қалай дегенде де тоғызқұмалақ қазақ халқының атадан-балаға мұра болып келе жатқан ұлттық ойыны ретінде қабылданып кеткені ақиқат. Сондықтан, ең болмаса ел біріншіліктерінде оның ережелері мен жүйелерін қазақшалап алсақ, қолымыздан ешкім қаға қоймас. Бұл бір жағынан жастарымызды ұлттық тәрбиемен сусындатса, екінші қырынан «Блиц», «Рапид», «Классика» деп шүлдірлемей, туған тіліміздің тынысын кеңейтуге жол ашар еді.
Ал, сіз қалай ойлайсыз?
Саятхан САТЫЛҒАНОВ