Бір мақсат! Бір мүдде! Бір болашақ! | arainews.kz

Бір мақсат! Бір мүдде! Бір болашақ!

267

Еліміз егемендікке қол жеткізген алғашқы жылдардан тұрақтылықтың тұғырын нығайтып, табысты тірліктің тайқазанын тасытып келеді. Әрине, бұл Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саятының жемісі, бірлігі бекем халқымыздың жеңісі. Расында да саусақ бірікпей, иненің ілікпейтіні бесенеден белгілі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың идеясымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы да татулықтың туын көкке көтеріп, ынтымақ-бірліктің нығаюына сүбелі үлесін қосып келеді.

Көп этносты және көп конфессиялы елімізге осындай бір институттың аса қажеттігін о баста болжай білген Президентіміз 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойып, Ассамблеяның бірінші сессиясында: «Мен елімнің Президенті ретінде қоғамдық тұрақтылықты және ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуді өзімнің басты міндетім деп санаймын. Бірлік аспаннан өзі келіп түспейді, тек қарқынды жұмыс арқылы ғана келеді. Мен кең байтақ жерімізде татулық пен тыныштық болғанын тілеймін… Мен қайғыдан шашы ағарған аналардың балаларын жоқтамағанын, сәбилердің мүгедек болмауын, қарт адамдардың күйреген үйлерінің алдында қасірет шегіп, жыламағанын қалаймын», деп тебіренгені есте. Содан бері арада 23 жыл өтсе де Ұлт Көшбасшысының дер кезінде көтерген мәселесі өзінің өзектілігін әлі күнге жойған жоқ. Есесіне, мемлекетіміз өзінің ынтымағы мен бірлігі жарасым тапқан ел ретінде әлемге қазақстандық этносаралық татулықтың үлгісін көрсетіп берді. Әлем Қазақстанды бейбітсүйгіш ел ретінде танып, жер бетіндегі қауіпсіз мекендер санатына жатқызды. Осының барлығы да Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып отырған жұмысы мен қоғамдағы рөлінің маңыздылығын көрсетеді.
Қазақстанның ішкі этносаралық татулық пен қоғамдық келісімнің бірегей үлгісін жасай алғанын алысқа бармай-ақ, Ассамблеяның даму тұжырымдамасының мақсаттары мен міндеттерінің және бекітілген жоспарлардың өз өңірімізде жүйелі түрде жүзеге асырылу деңгейінен байқауға болады. Этномәдени бірлестік төрағалары мен олардың белсенді мүшелерінің Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа арналған Үндеуі және мерекелік іс-шаралар өткізу тұжырымдамасы аясында ерен істерді еңсере білді.
Жалпы, биыл қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау және нығайтуға бағытталған 402 іс-шара өткізіліп, 42 мыңға жуық мақсатты аудитория қамтылды. Медиация кабинетіне 438 азамат өтініш білдірсе, оның ішінде 336 шиеленісті және даулы мәселелер медиаторлардың көмегімен өз шешімін табуы да үлкен жетістік. Еңбек, отбасылық, азаматтық және қылмыстық сипатта орын алған осы мәселелерді шешуде өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының 72 медиаторы мен медиаторлар кеңесінің қызметі айрықша рөл атқарды. Бүгінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының шапағаты арқасында ҚХА жанынан виртуалды медиация кабинетінің ашылып, тұрғындардың үйінен немесе ғимарат ішінен шықпай-ақ, медиация көмегіне жүгінуіне зор мүмкіндік жасалғанын айта кетуіміз керек.
Біз ұстанған тағы бір бағыт – қайырымдылық қызметін дамыту. Осы мақсатта этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен «Жүректен жүрекке», «Қамқор», «Жақсылық жасап, жарысайық», «Тегін нан», «Ерікті донор» секілді қайырымдылық акциялары мен басқа да көптеген шаралар ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, мекемелер мен ұйымдар және қайырымды жандардың қатысуымен 1 мың 864 адамға 56 миллион 540 мың теңгеге қайырымдылық көмек көрсетіліп, «Ақ желкен» жастар лигасының ұйымдастыруымен 20 литр қан тапсырылды. Сонымен қатар, 30 тамыз – Конституция күніне орай «Біз Қазақстан халқымыз» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы және 1 қыркүйек – Білім күніне орай «Мектепке жол» атты қайырымдылық акциясы өтті. Сондай-ақ, аналар кеңесі де қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларын киім-кешекпен қамтамасыз етті. 10 ауыр науқасты балаларға әлеуметтік көмек көрсетті. Осы арқылы біз қоғамда әлеуметтік теңсіздік мәселесін біртіндеп болса да шешуге атсалысып, оларға материалдық көмек қана емес, рухани тұрғыдан да қол ұшын созып жатқан жайымыз бар.
Облыста өз жұмысын жүргізіп отырған 177 қоғамдық келісім кеңестері қоғамдық бақылау мәселелері, медиация, қайырымдылықты дамыту, экстремизмнің алдын алу, ақпараттық түсіндіру бағытында жұмыс жасауда.
Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен өткізіліп жүрген көшпелі кеңейтілген кеңес отырысының да қоғамға берері мол. Онда дін, әйелдер арасындағы деструктивті үрдіс, ауылдық жерде тұратын кейбір өзге ұлттың дәстүріне сай қыз балалардың ерте жастан тұрмыс құруы секілді мәселелер талқыланып тұрады. Бұдан бөлек, этномәдени бірлестіктерден мемлекеттік тілді меңгеру үшін 20 мың 862 адам оқумен қамтылса, оның үштен бір бөлігі бастауыш, қалған екі бөлігі жалғастырушы және терең меңгеру тобы деңгейінде білім алуда.
Сондай-ақ, облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы мен облыстағы этномәдени бірлестіктерімен мемлекеттік тілді оқыту бойынша меморандум жасалып, қазіргі таңда облыс бойынша этномәдени бірлестіктерден 198 тыңдаушы оқу курсына қатысып отыр. Бүгінде мемлекеттік тіл мен ана тілін оқыту базасының да жағдайы жақсара түскен. Әрине, мұндай шаралардың легі толастамайды.
«Бірлік түбі – береке» дейді дана қазақ. Барша отандасымыздың ұлты мен наным-сеніміне қарамастан тең құқылы болуы және бір-біріне деген құрметі, қоғамдық келісімнің нығаюы – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының нәтижесі. Біздің бүгінгі бейбіт өміріміз этносаралық татулықтың айқын көрінісі. Бір мақсатқа, бір мүддеге жұмылып, бір тудың астына бірігу елімізде саяси тұрақтылықты нығайтып, мемлекетіміздің жан-жақты дамуына даңғыл жол ашатынын кез келген азамат жақсы түсінеді. Сондықтан, Қазақстан халқы Асссамблеясының облыстағы хатшылығы татулық пен тұрақтылықты нығайту бағытында жүйелі жұмыс атқара беретін болады.

Маржан Қожаева,
облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары-хатшылық меңгерушісі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.