Тамылжыған тамыз айы түгесілер тұста базарлар мен сауда орындарындағы тіршілік қыз-қыз қайнайды. Бұл жылда қайталанатын көрініс. Өйткені, дәл осы уақытта ата-аналар қауымы перзенттерін жетектеп, жаңа оқу жылына керек-жарақтарын түгендейді. Біріне мектеп формасы қажет болса, енді бірі оқу құралдарын сатып алуға кіріскен. Сапырылысқан ата-аналармен бірге біз де сауда орындарын аралап, мектепке оқушыны дайындау үшін қанша қаржы керектігін сараптап көрдік.
Бүгінде сауда қатарларында мектеп формалары мен спорттық киімдердің алуан түрі көбейген. Сонымен қатар, бірінен бірі асқан әдемі портфельдер мен оқу құралдары да көздің жауын алады. Қалтасындағы қаржыға қарайлаған әке мен ананы дегеніне көндірген жасөспірімдер жаңа киім алып, әдемі сөмкеге ие болғандарына мәз. Ал, материалының сапасына, үлгісіне қарай құбылған баға расымен де ойланарлықтай.
Мысалы, ер балаларға арналған костюм екі шалбарымен бірге 8-10 мың теңгенің аралығында. Қыздардың қара, көк түсті сарафаны 3 000-нан
5 000 теңгеге дейін барады. Ақ жейде мен кеудешені таңдауыңызға қарай 2 500-5 000 теңгеге сатып аласыз. Ер баланың пиджагына 7 000 теңге арнайсыз. Қыздардың қара, көк белдемшесі 5 000 теңгеге бағаланыпты. Кез келген оқушы қыздың ажарын ашатын ақ бантиктерді 400-500 теңге аралығындағы бағаға сатып алуға болады. Балалар мен жасөспірімдердің аяқ киімдері де өткен жылғы осындай маусымдық кезеңмен салыстырғанда біршама қымбаттаған. Кіші өлшемдегі ең арзаны 3 000 теңге.
Есейіп қалған екі ұлын ерткен келіншектен жөн сұрадық.
– Тамыздың аяғында базардан аяқ алып жүру мүмкін болмай қалады. Әрі қыркүйек жақындаған сайын мектепке қажетті заттардың бағасы да біртіндеп көтеріле беретінін жылда көріп жүрміз. Сондықтан, бір тананы сатып, ақшасын буып-түйіп, ауылдан осында келдік. Жылда балалардың киім-кешегіне деп бір малды сатуға дайындап отырамыз. Киімдер де, өзге заттар да Қырғызстан, Қытай, Түркиянікі болып бөлінеді ғой. Ең қолжетімдісі Қырғызстандікі. Бірақ, сапасы тез сыр береді. Әйткенмен, аз уақыт пайдаланатындарын сол арзанынан аламыз. Бәрін бірдей қымбатынан алуға шама қайда. Әлі қысқы киімдері үшін қараша айында тағы бір малды сатып, осында келеміз ғой. Әзірге алатынымыз тек күн жылы кезде киетіндері ғана. Бір баланы түгелдей мектепке дайындау үшін бас-аяғы 130-140 мың теңге аралығында қаржы кетеді, – дейді Торғын Жарқынбекқызы.
Мектеп формасы базардан бөлек тігін шеберханаларында да сатылады. Мысалы, Тараз қаласының бірқатар мектептері өз ата-аналарымен келісіп, «Асыл-ай» тігін фабрикасымен келісімшарт арқылы арнайы тіктіреді. Ашылғанына 3-4 ай болған «Гүлнар» ательесінде де тапсырыстардың көбейе түскендігі байқалады.
– Тараз қаласының 2-3 мектебімен келісімшарт жасасып, солардың сұранысына қарай форма тігіп жатырмыз. Одан бөлек өз бетінше келіп, сатып алатын ата-аналар да бар. Бағалары өлшемі мен матасына байланысты. Мысалы, ең кішісі 28-өлшем, бұл 1-сыныпқа баратын бүлдіршіндерге тән. Матаның «милана» және «грант» түрлерінен тігеміз. Алдыңғысы арзандау, үтіктесең жылтырап қалады. Жуған сайын тарылып, егер жиі үйкелсе жіптері түтіліп шығып кетеді. Екіншісі ешқашан сетінемейді, өңін бұзбайды, төзімді. Соған байланысты, миланадан тігілген сарафан 4 200, грантпен 7 400 теңгеден сатылуда. Ер балалардың пиджагы 3 000, қызға да, ұлға да жеңсіз кеудеше 2 000, белдемше 2 000, галстук 300, барлығы бірге 7 300 теңгеге тігіледі. Бұларды грантпен тіккенде, жеңсіз кеудеше 5 200, белдемше
3 700, галстук 500 теңге көлемінде. Жалпы, түгел форманы 13 100 теңгеге әзірлейміз, – дейді ателье иесі, жеке кәсіпкер Гүлнар Ермаханқызы.
Еліміздің Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес, мектеп формасын бірыңғайлаған. Бұл жөнінде облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова таңдау ата-аналардың өз еркінде екендігін айтады.
– Әр мектеп ата-аналарымен ақылдасып, өздеріне ғана тән түсті, үлгіні таңдайды. Ол арнайы бекітілген талапқа, стандартқа сәйкес болуы шарт. Ата-аналар комитетінің шешімімен таңдалған үлгімен сол мектептің барлық оқушылары киінуге тиіс. Ал, оны ата-ана базардан сатып ала ма, әлде тігін шеберханасынан тіктіре ме, ол өз еркінде, – дейді ол.
Тараз қаласының «Қарасу» ықшамауданының тұрғыны Ғазиза Әділханова:
– Екі балам да үйімізге жақын жердегі №51 орта мектепте оқиды. Бұрын спорт киімін өз қалауымызша, қаражаттың ыңғайына қарай сатып алып беруші едік. Жақында сынып жетекшілері «Мектеп оқушылары түгелімен бірдей спорт формасын киетін болды. Оны «Асыл-ай» тігін фабрикасынан 5 000-10 000 теңге аралығында тіктірте аласыздар» деп хабарлады. Мектеп формасының бірыңғайланғаны құптарлық жағдай, енді спорт киімін бірдейлендірудің не қажеті бар? Бұл да қалтамызға салмақ салып отыр, – деп қынжылысын білдірді.
Аталмыш мектептің бұл жаңалығының жөнін облыстық білім басқармасының басшысынан сұрағанымызда:
– Спорт киімін бірдейлендіру деген талап жоқ. Ең бастысы баланың еркін қимылдауына кедергі келтірмейтін, ыңғайлы болса жеткілікті. Мектеп формасының өзін ата-аналар комитеті шешіп отырғанда, спорттық киімді мұғалімдер ұжымы таңдай алмайды, – деп жауап берді.
Яғни, ата-аналар балаларына спорт формасын мүмкіндігіне қарай әпере алады.
Енді оқу құралдарының құнына көңіл бөлейік. Мұнда да баға әралуан. Қаламсап 15 теңгеден бастап, сиясына, сыртқы сәнделуіне байланысты 150 теңгеге дейін барады. Жай дәптерлер 15 теңгеден кем түспейді. Қалың түрін 35 теңгеден бастап, парағының санына, қағазының сапасына қарай 150 теңге шамасында сатып аласыз. Күнделіктің бүгінгі бағасы тұтынушыларды таңғалдырды. Ең арзаны 300-ден бастап 1 500-ге дейін шарықтап тұр. Қазіргі уақытта электронды күнделік қолданысқа енгізіліп жатқанда, қағаз күнделіктің біртіндеп ығысуы мүмкін ғой. Алайда, оның құнының бұлайша аспандауы түсініксіз. Қалам-қарындаштарды жинастырып салуға арналған қаламсауыттың да сан түрі көз сүйсіндіріп, құны 250-ден бастап, жоғарылай береді. Оқушының сөмкелері мен портфельдер 2 000-10 000 теңге аралығында. Оқу құралдарының базардағы бағамына қарағанда бір оқушының керек-жарағын түгендеуге 30 мың теңгеге жуық қаржы қажет.
Бүгінгі күні бірнеше баласы мектепке баратын отбасылар қатары артып келеді. Бұл, сөз жоқ, қуанатын жағдай. Дегенмен, біз жоғарыда айтқандай бағаммен балаларын мектепке дайындау көп балалы ата-аналарға оңайға соқпайтыны белгілі. Осы орайда «Нұр Отан» партиясының ұйытқы болуымен «Мектепке жол» акциясының тұрмысы төмен отбасыларға тигізер көмегі көп болып тұр. Ең бастысы, егемен еліміздің ертеңіне баланып отырған жас жеткіншектердің жаны жабырқамай, жаңа оқу жылына жоғары көңіл-күймен кіріссе болғаны.
Қамар Қарасаева