Байзақ ауданының төрт елді мекені орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды | arainews.kz

Байзақ ауданының төрт елді мекені орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды

141

Жамбыл облысы Байзақ ауданының төрт елді мекенінде орталықтандырылған таза ауыз су жүйесінің құрылысы аяқталды. Бұл жұмыстарға республикалық қазынадан 1 миллиард 400 миллион теңге бөлінген. Бұдан өзге шалғайдағы ауыл-аймақты таза ауызсумен қамтамасыз ету үшін тағы да 6 құжаттың жобасы әзірленіп жатыр. Егер ол толық аяқталса, аудан тұрғындарының 76%-ы тіршілік нәрімен қамтылмақ.

Тегістік ауылының тұрғыны Мұхамеджан Садырқұлов қария, ауызсудың зардабын әбден тартқанын айтады. «Ауладан қазған құдықтан жаз бойы кермек суды тұтынсақ, қыста су қатып, отынмен ысытып әлекке түсеміз», — дейді ол.

— Іш ауруына көп душар болатын жас балалар, үлкен қариялар. Қазір мінекей, ауызсу бағдарламасына байланысты дәл уақытысында су кіргізіп берді. Судың сапасы жақсы, лабараториядан өткен, – дейді Мұхамеджан Садырқұлов.

Тегістік ауылы 23 жылдан бері мына жерасты құдығынан су ішіп келген. Бұл су тұзды әрі құмды болса да, пайдалануға мәжбүр еді. Енді міне, талай жыл армандаған тіршілік нәріне ауыл халқы қол жеткізіп, мәз-мейрам.

Тегістік ауылындағы 2017 жылы басталған су қабылдау ғимараты мен құбыр желілерінің құрылысына 267 миллион теңге бөлінген. Қазір қаражат толық игеріліп, 120 отбасы тіршілік нәрімен қамтамыз етілді.

Ауданда бұдан өзге Мырзатай, Абай, Кеңес ауылдарына ауызсу тартылып, тағы 6 елді мекенге 2019 жылға дейін су жеткізу жоспарланған.

— Биыл біз 6 елді мекенде осы орталықтандырылған ауызсу жүйесін жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындап жатырмыз. Енді осы жұмыстар біздің қазір аяқталуға жақын қалды. Осы жұмыстар қаржыландырылып, іске асырылған жағдайда бізде ауданда 76,2% тұрғындар орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етіледі деп күтілуде, – дейді аудан әкімі Рахметілдә Рахманбердиев.

Өңірде елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету үшін 19 нысанның құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен 8 миллиард, 295 миллион теңге бөлінді. Бүгінгі күні оның 11-і тапсырылып, қалған жұмыстарды келесі жылы аяқтау көзделген.

24.kz

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.