Аудан жастары барлық істе белсенді | arainews.kz

Аудан жастары барлық істе белсенді

184

Бүгінде Байзақ ауданында 25 365 жас бар. Бұл аудан халқының 24,1 пайызын құрайды. Аудандағы мемлекеттік жастар саясатын үйлестірумен жастар ресурстық орталығы айналысады. Қазіргі таңда орталықта 34 адам еңбек етуде. Орталықта жастармен жұмыс жан-жақты қойылған. Ауылдық округтердегі жастар ісі жөніндегі аға инспекторлар елді мекендердегі жастардың жай-күйін тұрақты бақылауда ұстайды.

Ең әуелі аудан жастарының жоғары және арнаулы білім алуына тоқталатын болсақ, мұнда да байзақтық өрендер мемлекеттік бағдарламалардың көмегіне көптеп жүгінеді. Өткен оқу жылында «Серпін» бағдарламасымен 15 жас азамат өзге өңірлердегі жоғары оқу орнына, ал 2 жас арнаулы орта оқу орнына түсті.
Жастарды жұмысшы мамандықтарға баулумен №3 Байзақ колледжі айналысады. Жыл санап оқу орнындағы студенттердің контингенті артып келеді. Колледждің мамандықтар тізбесіне тағы 2 мамандық қосылып, студенттер саны 150-ге жетті. Бұл мамандықтар «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша ашылған. Сондай-ақ, колледж түлектерін жұмыспен қамту деңгейі артып келеді. Биыл арнаулы орта білім алған 97 студенттің 36-сы тұрақты жұмыспен қамтылды.
Орталық өз жұмысында әркез жастар жұмыссыздығымен нәтижелі күреске басымдық беріп отырады. Мәселен, жыл басынан бері аудандық жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелген 1086 жастың 438-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ, 45 жас техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз етілді. Қаржылай қолдауға ие болып, өз кәсібін дөңгелетіп отырған жастар да баршылық. 17 жас өз ісін бастау үшін несие алды.
Ағымдағы жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен 21 маман келген. Оның ішінде 14 маман бір жолғы әлеуметтік көмекке қол жеткізді. Ал, 7 жас маман несие алу арқылы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, биыл ауданның белсенді жастарының бастамасымен еріктілер мектебі ашылып отыр. Қазір аймақта 78 ерікті жұмыс атқаруда. Өңірде «Zhas Projeсt» жастар корпусын дамыту жобасы да сәтті іске асырылуда. Байзақтық жастар 73 жоба ұсынып, оның 34-і жеңімпаз атанды.
Сәйкесінше, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесі де өзінің өзектілігімен күн тәртібінен түскен емес. Аудан жастары үшін өңірдегі 194 спорттық нысан толығымен қолжетімді етілген. Саламатты өмір салтын ұстанып, спорттың жекелеген түрімен тұрақты айналысу нәтижесінде 135 жас облыстық, республикалық, Азия, Әлем біріншіліктерінің женімпазы атанған. Мұнан өзге түрлі бағыттағы 78 үйірме жұмысы 1100 жасты қамтыған.
Аудандағы 9 ауылдық округтегі спорт жөніндегі нұсқаушылар бұқаралық спорттың дамуына өз үлестерін қосуда.
Өңір жастарының әлеуметтік мәселесінің оң шешімін табуына мүдделі мемлекеттік мекемелермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасалынады.
Сондай-ақ, аудан бойынша 106 жас тұрғын үй кезегінде тұр. Оларға жер телімдерін беру мәселесімен аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі мен ауылдық округ әкімдері айналысуда.
Сондай-ақ, өңір жастарының денсаулық жағдайы да тұрақты бақылауда. Аудандық аурухана жанынан құрылған «Жастар денсаулық орталығы» кабинеті осы бағытта жұмыс жасайды. Мұнда жастарға медициналық қызметкерлермен бірге әлеуметтік сала мамандары, психологтар көмек қолын созып келеді.
Мұнан өзге жыл басынан орталық жұмысын бағалаудың негізгі индикаторлық көрсеткішіне сай сан түрлі саланың өкілдерімен 1850 жасқа кеңес берілді.
Сонымен қатар, ауданда «100 мейірімді іс» жобасы аясында «Ардагерлерді ардақтайық» атты акциясына да жергілікті өрендер белсенді үлес қосып жатыр.

Айнұр ӘЛІМХАНОВА,
Байзақ аудандық жастар
ресурстық орталығының аға инспекторы

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.