«Асыл арманның» алар асуы алда | arainews.kz

«Асыл арманның» алар асуы алда

502

Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыру әрі оның дамуына барынша қолдау көрсету – Елбасы Жолдауынан туындаған міндет. Осы мақсатта, қазір облысымызда ауқымды істер атқарылуда. Бұл тұрғыда жыл сайын бөлінетін қаржы көлемі де көбейіп келеді. Яғни үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік тапсырыс шеңберінде әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып, талай іске ұйытқы болып жүр.

 Аймақтағы сондай ұйымның бірі —  «Асыл арман ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестігі. Халқымыздың сан ғасырдан бері сақталып келе жатқан дәстүрін, рухани қазынасын жаңғыртып жас ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында 2011 жылдың 23 тамызында құрылған ұйым баянды бастамалар көтеріп, лайықты жұмыстар атқаруда. Аймақтың қоғамдық  өміріне белсене араласып жүрген Ринат Нұрақбаев жетекшілік ететін бірлестік  мемлекеттік тапсырыс  аясында  жас ақындар мүшайрасын, түрлі тақырыптарда «дөңгелек үстел» отырыстарын, зиялы қауым өкілдерімен сұхбаттар мен кездесулер, ұлттық ойындар жарысын, кең ауқымды акциялармен қатар  аймақтық конференция, өнер фестивалдері, қолөнер және сурет көрмесі, дәстүрлі әндер байқауларының өтуіне мұрындық болып жүр. Сонымен бірге,  қоғамдық ұйым  қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі түрлі іс-шаралардың да басы-қасынан табылып, атсалысып келеді. Мәселен, 2013 жылы өңірде «АЙГӨЛЕК» республикалық байқауын, VI облыстық «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» атты педагогикалық ұжымдардың көркемөнерпаздар шығармашылығы фестивалін, облыстық «Бақытты отбасы» сынды байқауларды ұйымдастыруда белсенділік танытып, көптің  көңілінен шыға білген. Сондай-ақ, «Асыл арман» ұжымы қарттар, балалар, аналар үйлері сынды әлеуметтік нысандарға арнап қайырымдылық іс-шараларын өткізіп отыруды азаматтық борыштарына балайды.

Еліміздің  болашағы сапалы білім мен саналы тәрбие алған жастардың қолында екені белгілі. Бұл тұрғыда бірлестік 2016 жылдан бастап аймақ мектептерінің 11 сынып бітіруші оқушыларына арналған «Жас талап» интеллектуалдық теле-ойын жобасын қолға алып, жүзеге асыруда. Ойын жеңімпаздары бүгінде қалаған мамандықтары бойынша М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-де 100, 75, 50 пайыздық жеңілдіктермен білім алуда. Және де ойын «JAMBYL» телеарнасы арқылы көрермендерге жол тартты. Сондай-ақ, ұйым «Инабат» қыздар клубын құрып, нәзік жандыларды ұлттық санамен сусындатуға  баса назар аударып келеді.

Демократиялық даму бағытын ұстанған әр мемлекет тұрақты азаматтық қоғам қалыптастыруға мүдделі. Сондықтан үкіметтік емес ұйым өкілдері өңірде болып жатқан қоғамдық істерде  белсенділік танытып, облыста туындаған әлеуметтік мәселелерді шешудегі рөлін арттыра беру қажет-ақ. Осы орайда, алдағы 16-қазанда  облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Үкіметтік емес ұйымдардың «Азаматтық қоғам және мемлекет: әріптестік пен жауапкершілік» атты VIII облыстық форумы өткелі отыр. Басқа да ҮЕҰ өкілдері секілді «Асыл арман ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестігнің төрағасы Ринат Нұрақбаевтың да бұл басқосудан күтері  көп.

–Қазіргі таңда елімізде азаматтық секторға үлкен жүк артылып отыр. Сондықтан үкіметтік емес ұйымдардың  қоғамдық өмірде алатын орны айрықша. Жалпы, ҮЕҰ өкілдері барлық саламен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау үстінде. Өйткені, билік пен халықтың ортасындағы алтын көпірге айналған. Ол нәтижесіз де емес. Алда ұйымдастырылғалы отырған VIII облыстық форумнан үлкен үміт күтеміз, – дейді Р.Нұрақбаев.

Иә, «Асыл арманның» алға қойған мақсаты айқын. Ендеше, дәстүрді дәріптеп, ұлттық құндылықтарды ұлықтап жүрген бірлестіктің жұмысына тек қана сәттілік тілейміз.

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.