Ауылдың дамуы, жаңа жұмыс орындары және әлеуметтік қолдау: «Әділет» кандидаттары тұрғындарды партияға дауыс беруге шақырды — arainews.kz

Ауылдың дамуы, жаңа жұмыс орындары және әлеуметтік қолдау: «Әділет» кандидаттары тұрғындарды партияға дауыс беруге шақырды

10

Жамбыл облысында «Әділет» партиясының сайлауалды кездесулері жалғасуда. Б. Момышұлы ауылында партиялық тізім бойынша ұсынылған кандидаттар Дәурен Айтасұлы Каипов пен Оралхан Әбдірашұлы Даутов жергілікті тұрғындармен кездесіп, 2026–2031 жылдарға арналған «Әділетті болашақ үшін» өңірлік сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды.
Кездесуде ауыл тұрғындары үшін маңызды мәселелер – инфрақұрылым, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, білім беру және денсаулық сақтау салаларын дамытуға басымдық берілді.
Ауыл инфрақұрылымы мен тұрғын үй мәселесі. Бағдарламада 2031 жылға дейін 79,7 мың тұрғыны бар 30 елді мекенді газбен қамту, 1,2 мың шақырым су құбырын жаңарту және облыста 4,6 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген. Оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 8 833 пәтер беру жоспарланған.
Ауыл кәсіпкерлігі мен аграрлық сектор. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 5,2 мың жеңілдетілген микрокредит беру, «Іскер аймақ» жобасы аясында ауылдар мен шағын қалалардағы кемінде 500 кәсіпкерлік жобаны қолдау қарастырылған. Сонымен қатар 5 жаңа су қоймасын салу, 3 су қоймасын жаңғырту және 120,9 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланған.
Жұмыс орындары және цифрлық қолжетімділік. Өңірде 116 инвестициялық жобаны іске асыру нәтижесінде 20 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген. Ауылдық интернетпен қамтуды 100 пайызға жеткізу және аудандық деңгейде 10 IT-хаб ашу да бағдарламаға енгізілген.
Білім мен денсаулық сақтау. Алдағы бес жылда 8 жаңа мектеп салу, 8,4 мың мектепке дейінгі орын ашу, 6 медициналық нысан тұрғызу және 17 нысанды жөндеу жоспарланған. Ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін жылжымалы медициналық кешендермен қамту да қарастырылған.
Бұдан бөлек, бағдарламада жастарды жұмыспен қамту, спорт пен мәдениетті дамыту, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту және экологиялық жағдайды жақсарту міндеттері қамтылған. Атап айтқанда, облыс аумағында 1 520 бейнебақылау камерасын орнату және қалдықтарды өңдеу үлесін 33 пайызға жеткізу көзделген.
Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Кандидаттар өңірлік бағдарламаның міндеттері мен жоспарлы көрсеткіштерін түсіндірді.
Кездесу соңында кандидаттар тұрғындарды 29 қарашада өтетін Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауына қатысып, «Әділет» партиясына дауыс беруге шақырды.

Дайындаған: «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Д. А. Каипов.
Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» қоғамдық бірлестігінің сайлау қоры қаражатынан төленді.

Comments are closed.