«Әділет» кандидаттары онкология орталығында денсаулық сақтау саласын дамытудың басымдықтарын таныстырды — arainews.kz

«Әділет» кандидаттары онкология орталығында денсаулық сақтау саласын дамытудың басымдықтарын таныстырды

6

Жамбыл облысында «Әділет» партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда. Кезекті кездесуде партиялық тізім бойынша ұсынылған кандидаттар Нұркен Тоқбергенов, Данияр Асқарұлы және Серік Әлібеков Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының медицина қызметкерлерімен жүздесті.
Басқосу барысында кандидаттар партияның 2026–2031 жылдарға арналған «Әділетті болашақ үшін» өңірлік сайлауалды бағдарламасын таныстырып, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту және аурулардың алдын алу бағытындағы міндеттерге тоқталды.
Өңірлік бағдарламаға сәйкес, алдағы кезеңде 6 жаңа медициналық нысан салу, 2 мекемеге қосымша ғимарат тұрғызу, 5 тозығы жеткен корпусты қайта жаңғырту және 17 нысанды жөндеу жоспарланған. Сонымен қатар Тараз қаласы мен Қордай ауданында 2 инвазивті емес диагностика орталығын ашу көзделген. Бұл бастама тұрғындардың заманауи диагностикалық қызметтерге қолжетімділігін кеңейтіп, ауруларды ерте анықтау мүмкіндігін арттыруға бағытталған.
Кандидат Нұркен Тоқбергенов ауылдық жерлердегі медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мәселесіне назар аударды. Бағдарламада 1 миллионнан астам ауыл тұрғынын жылжымалы медициналық кешендер арқылы қамту көзделген. Оның айтуынша, бұл шалғай елді мекен тұрғындарының дәрігерлік кеңес пен қажетті тексерулерді уақытылы алуына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ медицина мамандарын қолдау мәселесі де өңірлік бағдарламада қамтылған. Атап айтқанда, 215 медицина қызметкеріне біржолғы әлеуметтік қолдау көрсету және резидентурада білім алуға 1,5 млрд теңге көлемінде нысаналы грант бөлу жоспарланған.
Кандидат Данияр Асқарұлы мен Серік Әлібеков денсаулық сақтау саласын дамытудың маңызды көрсеткіштерінің бірі – халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру екенін атап өтті. Өңірлік бағдарламада бұл көрсеткішті 76 жастан 78,1 жасқа дейін жеткізу міндеті қойылған. Осы мақсатта аурулардың алдын алу, профилактикалық тексерулерді жетілдіру, медициналық қызмет сапасын жақсарту және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарға басымдық берілген.
Кездесу барысында медицина қызметкерлері саладағы өзекті мәселелерді көтеріп, медициналық ұйымдардың жұмысын жетілдіру, қызмет көрсету сапасын арттыру және мамандарды қолдау жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды. Кандидаттар айтылған пікірлерді тыңдап, оларды өңірлік бағдарламада белгіленген міндеттермен сабақтастыра түсіндірді.
Жалпы, партияның денсаулық сақтау саласына арналған бастамалары медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, ерте диагностикалау мүмкіндіктерін кеңейту, ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және медицина мамандарын қолдау бағыттарын қамтиды.
29 қарашада өтетін Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында «Әділет» партиясына дауыс беріңіз!

Дайындаған: «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Д. А. Каипов.
Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» қоғамдық бірлестігінің сайлау қоры қаражатынан төленді.

Comments are closed.