Кітап әлемінде шекара жоқ: Әр балаға – тең мүмкіндік! — arainews.kz

Кітап әлемінде шекара жоқ: Әр балаға – тең мүмкіндік!

23

Әріптерді көзбен көру міндетті емес, оны саусақпен сезініп, құлақпен тыңдап та тануға болады. Ең бастысы – әр баланың кітап әлеміне апарар өз жолы болуы керек.

Кітап оқитын ұлт қалыптастыру – тек кітап оқу мәдениетін дамыту ғана емес, әрбір баланың білімге қол жеткізуіне жағдай жасау. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған бастамаларының негізгі мақсаты да – оқырман ұрпақ тәрбиелеу, кітаптың қоғамдағы орнын нығайту. Ал бұл жолда ешбір баланың кітап әлемінен шет қалмауы ерекше маңызды.

Осы ізгі ұстанымның жарқын көрінісі – Бақытжан Советұлының «Әріптер әлемі» атты төрт форматта жарық көрген жұмбақтар кітабы.

Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен таныстырылған бұл ерекше басылым – жай ғана балалар кітабы емес, көру мүмкіндігі әртүрлі бүлдіршіндердің білім мен әдебиетке тең дәрежеде қол жеткізуіне бағытталған маңызды қадам.

Үлкейтілген қаріп көру қабілеті төмен балаларға оқуға қолайлы жағдай жасайды. Брайль қарпі зағип балаларға әріптерді саусақ ұшымен танып, сөз әлеміне өз бетінше қадам басуға мүмкіндік береді. Тактильді суреттер арқылы бала бейнелерді қолымен сезініп, қоршаған ортаны таниды. Ал QR-код арқылы ұсынылған аудионұсқа кітапты тыңдау арқылы қабылдауға жол ашады. Мұның балалар үшін маңызы зор. Әсіресе әріп танып, алғашқы сөздерді үйреніп жүрген зағип бүлдіршіндер үшін Брайль қарпімен жазылған кітаптың орны ерекше. Әрбір нүктені саусағымен сезіну – олар үшін әріппен танысу, сөз құрау, сөйлем оқу, бірте-бірте өз бетінше кітап оқуға үйрену деген сөз. Бұл баланың тек сауатын ашып қана қоймай, өзіне деген сенімін арттыратын, дербестігі мен танымдық қабілетін дамытатын мүмкіндік.

Ең маңыздысы, зағип бала да қатарластарымен бірге бір кітапты оқып, жұмбақ шешіп, алған әсерімен бөлісе алады. Бірі мәтінді көзбен оқыса, екіншісі саусақпен сезінеді, үшіншісі тыңдайды. Бірақ барлығы бірдей білім алады, бірдей қызығады, бірдей армандайды.

Кітаптың тағы бір ерекше қыры – оның аудионұсқасының Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасында «Оқитын ұлт» жобасы аясында жүзеге асып жатқан «Балалардан балаларға» аудиожобасы арқылы әзірленуі.

Жоба аясында Тараз қаласындағы №69 мектеп оқушылары кітапхана жанындағы арнайы аудиостудияға келіп, «Әріптер әлемі» кітабындағы жұмбақтарды өз дауыстарымен дыбыстады. Осылайша, жас оқырмандар өздерінің дауысын өзгелерге білім мен қуаныш сыйлайтын игі іске арнады. Енді олардың орындауындағы жұмбақтарды көзі көрмейтін және әлсіз көретін балалар тыңдап, кітап мазмұнымен таныса алады.

Бұл – балалардың балаларға жасаған шынайы жанашырлығы. Бірі кітапты дауыстап оқыса, екіншісі сол дауыстан білім алады. Бірі өз өнерін ортаға салса, екіншісі жаңа дүниені тануға мүмкіндік алады. Осындай қарапайым көрінетін, бірақ мағынасы терең бастамалар балалар арасында мейірімділік, жауапкершілік, өзара қолдау мен достық құндылықтарын қалыптастырады.

Кітаптың шекарасы жоқ, білімнің кедергісі болмауы керек!

Кітаптың тұсаукесер рәсімінде автор Бақытжан Советұлы мен кітапхананың тифлопедагогы Ербол Аққайұлы Бегимов жаңа басылымның тұсауын кесіп, ізгі тілектерін білдірді. Жас оқырмандар авторға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, кітаптың жазылу тарихы мен шығармашылық ізденістері туралы әңгімелесті.

Бүгінде балаларға арналған кітаптар тек қызықты оқиғалар мен әдемі суреттерден тұрмауы керек. Олар әр баланың танымына, қабылдауына, мүмкіндігіне сай жасалуы маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, «Әріптер әлемі» – инклюзивті әдебиетті дамытуға қосылған құнды үлес.

Кітап – біреуге әріп танытса, біреуге арман сыйлайды. Бір бала үшін ол алғашқы оқылған сөз болса, екінші бала үшін өз бетінше ашылған жаңа әлем. Сондықтан әр баланың қолына лайықты кітап ұстату – болашаққа жасалған маңызды инвестиция.

Әріптерді әркім әртүрлі танығанымен, білімге бастар жол бәріне ортақ. Өйткені кітап әлемінде шекара жоқ, ал білім алуға деген құштарлықтың көру мүмкіндігіне қатысы жоқ!

Comments are closed.