№20 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша
Қордай аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат
Саламатов Дидар Сатбекулы
Өмірбаян
Құрметті жерлестер!
Мен, Саламатов Дидар Сатбекулы, 1984 жылғы 7 ақпанда Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Отар станциясында дүниеге келдім.
1991–2002 жылдары Қордай ауданы, Қордай ауылындағы Б. Бөлтірікова атындағы №4 орта мектепте білім алдым.
2002–2007 жылдары С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде оқып, «Стоматология» мамандығы бойынша жоғары білім алдым.
2007–2008 жылдары аталған университетте «Стоматология» мамандығы бойынша интернатурадан өттім.
Еңбек жолымды 2008 жылы Қордай аудандық орталық ауруханасында дәрігер-стоматолог болып бастадым. Бұл қызметті 2020 жылға дейін атқарып, медицина саласында кәсіби тәжірибе жинақтадым.
2021 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «СДДиА» ЖШС стоматологиялық орталығының директоры қызметін атқарып келемін.
Отбасылымын. Бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отырмын.
Сайлауалды бағдарлама
Қадірлі сайлаушылар!
Ауыл – елдің алтын бесігі, ұлттық құндылықтарымыздың қайнар көзі әрі экономиканың маңызды тірегі. Ауылдың әлеуетін арттыру, ондағы тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту және ауыл шаруашылығын дамыту – мемлекеттің тұрақты дамуының басты шарттарының бірі. Сондықтан ауылдық аумақтардың мәселелерін шешу тек жергілікті биліктің ғана емес, қоғамның әрбір мүшесінің ортақ міндеті болуы тиіс.
Дәрігерлік қызметте жинақтаған тәжірибем халықпен тікелей жұмыс істеудің, әр адамның мәселесіне жауапкершілікпен қараудың маңызын көрсетті. Осы ұстанымды қоғамдық қызметте де басшылыққа ала отырып, төмендегі басым бағыттарды жүзеге асыруға күш саламын.
Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының негізі
Қордай ауданының экономикалық әлеуетін арттыруда ауыл шаруашылығының орны ерекше. Мал және егін шаруашылығымен айналысатын тұрғындардың еңбегін қолдау, олардың өндірістік мүмкіндіктерін кеңейту ауданның тұрақты дамуына жол ашады.
Осы бағытта:
• Шағын және орта шаруа қожалықтарының мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қол жеткізуіне ықпал ету;
• Мал шаруашылығын дамытуға, асыл тұқымды мал басын көбейтуге және ветеринариялық қызмет сапасын жақсартуға бағытталған бастамаларды қолдау;
• Суармалы жерлердің тиімді пайдаланылуына, каналдар мен суару жүйелерінің жағдайын жақсартуға қатысты мәселелерді көтеру;
• Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің өнім өткізуіне, сақтауына және өңдеуіне қолайлы жағдай жасауға атсалысу;
• Ауыл еңбеккерлеріне қажетті ақпараттық және құқықтық қолдаудың қолжетімді болуына ықпал ету.
Ауыл инфрақұрылымы және тұрғындарға қолайлы орта
Ауылдың көркеюі ең алдымен тұрғындардың күнделікті өміріне қажетті инфрақұрылымның сапасымен өлшенеді. Таза ауызсу, сапалы жол, тұрақты электр энергиясы, көшелердің жарықтандырылуы мен абаттандырылуы – әрбір елді мекен үшін маңызды қажеттіліктер.
Бұл ретте:
• Ауылдардағы ауызсу жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуін, тозған желілерді жаңарту мәселесін тұрақты бақылауда ұстау;
• Ішкі көшелерді жөндеу, жол сапасын жақсарту және ауылдар арасындағы қатынастың қолжетімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстар енгізу;
• Көшелерді жарықтандыру, қоғамдық орындарды абаттандыру және балалар ойын алаңдарын көбейту мәселелерін көтеру;
• Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау мен шығару жүйесін жетілдіруге, елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтауға бағытталған жұмыстарды қолдау;
• Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымын жақсартуға ықпал ету.
Сапалы медицина – дені сау ұрпақ кепілі
Денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар еңбек еткен маман ретінде медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы халық өміріндегі ең өзекті мәселелердің бірі екенін жақсы түсінемін. Әсіресе ауыл тұрғындары үшін білікті дәрігерге уақытылы қаралу, қажетті тексерулерден өту және сапалы ем алу мүмкіндігі маңызды.
Сондықтан:
• Ауылдық медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту және заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелерін көтеру;
• Шалғай елді мекендердегі тұрғындардың мамандандырылған медициналық көмекке қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтуге ықпал ету;
• Ауылдық жерлерге білікті медицина мамандарын тарту және олардың әлеуметтік қолдау мәселелерін назарда ұстау;
• Балалар мен жасөспірімдер арасында профилактикалық тексерулер мен стоматологиялық сауаттылықты арттыру бастамаларын қолдау;
Білім, жастар және жұмыспен қамту
Ауылдың болашағы – білімді, бәсекеге қабілетті, туған жеріне жанашыр жастардың қолында. Жастардың сапалы білім алып, кәсіби дамуына және өз ауылында еңбек етуіне мүмкіндік жасау – маңызды міндеттердің бірі.
Осы мақсатта:
• Ауыл мектептерінің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту, оқу кабинеттерін жаңарту және білім сапасын арттыруға бағытталған бастамаларды қолдау;
• Жастардың техникалық және кәсіптік білім алуына, сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруіне жағдай жасауға ықпал ету;
• Жас мамандарды ауылға тарту, олардың баспана мәселесін шешуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асуын бақылау;
• Жастар кәсіпкерлігін дамытуға, шағын бизнес ашуға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған жобаларды қолдау;
Құрметті жерлестер!
Мен үшін депутаттық мандат – жеке жетістік емес, халық алдындағы үлкен жауапкершілік. Әрбір ауылдың мәселесі, әрбір отбасының жағдайы және әрбір тұрғынның ұсынысы назардан тыс қалмауы тиіс. Өңірдің дамуы нақты істерден, жүйелі жұмыстан және ортақ жауапкершіліктен басталады.
«Ауыл» партиясының ұстанымдарын басшылыққа ала отырып, ауылдық жерлердің әлеуетін арттыруға, еңбек адамының мәртебесін көтеруге, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бастамаларды қолдауға дайынмын.
Бірлігіміз бекем, мақсатымыз ортақ болса, Қордайдың да келешегі кемел болады!
Сенімдеріңіз – жауапкершілігім, қолдауларыңыз – ортақ мақсатымызға бастар жол!
Тапсырыс беруші: №20 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша
Қордай аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Саламатов Д.С.
Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан
жабылатын шығыстары есебінен төленді.
Comments are closed.