№4 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша
Талас аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат
Райымқұлова Замза Нышанбайқызы
Өмірбаяным
Мен, Райымқұлова Замза Нышанбайқызы, 1972 жылғы 15 наурызда Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Алғабас ауылында дүниеге келдім.
1989-1991 жылдары Тараз қаласындағы №8 училищеде білім алып, «Тігінші» мамандығын меңгердім.
2023 жылы Алматы қаласындағы «Роял-Партнер» оқу орталығында ұйымдастыру менеджері мамандығы бойынша білім алдым.
Еңбек жолымды 2007 жылы Көктал ауылдық «Қазпошта» бөлімінің басшысы болып бастадым.
2014-2023 жылдар аралығында Талас аудандық ветеринария бөлімінде санитар маман қызметін атқардым.
2024-2026 жылдары Көктал ауылдық клубында әдіскер болып еңбек еттім.
2026 жылдың маусым айынан бастап аталған мәдениет мекемесінің меңгерушісі қызметін атқарып келемін.
Әр жылдары атқарған қызметтерім арқылы халықпен тығыз қарым-қатынас орнатып, ауыл тұрғындарының тыныс-тіршілігімен, талап-тілегімен және өзекті мәселелерімен таныстым. Әсіресе ауылдағы мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыру, тұрғындардың қоғамдық белсенділігін арттыру, ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы жұмыстарға ерекше көңіл бөлемін.
Отбасылымын. Үш ұл-қыз тәрбиелеп өсірдім.
Сайлауалды бағдарлама
Құрметті жерлестер!
Мен үшін туған ауылдың дамуы, тұрғындардың әл-ауқаты мен қоғамдық келісімнің нығаюы – басты құндылық. Көп жылдық еңбек жолымда халықпен етене араласып, ауыл өмірінің қыр-сырын таныдым. Пошта саласында, ветеринария бөлімінде және мәдениет мекемесінде атқарған қызметтерім тұрғындардың талап-тілегін түсінуге, олардың мәселелеріне бейжай қарамауға үйретті.
Депутат болу – халықтың сенімін арқалау ғана емес, сол сенімге лайықты еңбек ету. Осы мақсатта төмендегі бағыттарды басшылыққа аламын.
1. Ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсарту
— Ауыл тұрғындарын толғандырған әлеуметтік мәселелерді аудандық мәслихат деңгейінде көтеру;
— Ауылішілік жолдардың сапасын жақсарту, көшелерді жарықтандыру және абаттандыру мәселелеріне назар аудару;
— Таза ауызсу, санитарлық тазалық және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстардың жүйелі жүргізілуіне ықпал ету;
— Тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін назарға алып, өзекті мәселелердің шешілуіне атсалысу.
2. Мәдениет пен ұлттық құндылықтарды дамыту
— Ауылдық клубтардың материалдық-техникалық базасын жақсарту мәселесін көтеру;
— Ұлттық өнерді, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптейтін мәдени шараларды көбейту;
— Жергілікті өнерпаздар мен талантты жастардың шығармашылығына қолдау көрсету;
— Ауылдағы мәдени-көпшілік шаралардың мазмұны мен сапасын арттыру;
— Өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесіне, кітап оқуға және өнерге қызығушылығын арттыруға ықпал ету.
3. Жастар мен отбасы құндылықтарын қолдау
— Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға жағдай жасау;
— Спорттық және шығармашылық үйірмелердің дамуына ықпал ету;
— Жас отбасыларды қолдау, аналар мен балаларға қатысты әлеуметтік мәселелерді көтеру;
— Ардагерлер мен қарттардың қоғамдағы орнын дәріптеп, олардың өмірлік тәжірибесін жас ұрпаққа үлгі ету;
— Жастардың қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуына мүмкіндік туғызу.
4. Кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын дамыту
— Ауыл тұрғындарының шағын кәсіпкерлікпен айналысуына қолайлы жағдай жасау мәселесін көтеру;
— Әйелдер кәсіпкерлігін, үй жағдайында кәсіп ашу және қолөнер саласын дамытуға қолдау көрсету;
— Ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді тиісті мекемелерге жеткізу;
— Ветеринариялық қауіпсіздік пен мал ауруларының алдын алу жұмыстарына назар аудару;
— Жергілікті өнім өндірушілердің еңбегін қолдап, ауыл экономикасының дамуына ықпал ету.
5. Халықпен ашық байланыс және қоғамдық бақылау
— Тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіп, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдау;
— Көтерілген мәселелерді тиісті мекемелерге жеткізіп, шешілу барысын бақылау;
— Мәслихаттағы депутаттық өкілеттігім аясында ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бастамаларды қолдау;
— Атқарылған жұмыстар мен қабылданған шешімдер туралы халыққа тұрақты есеп беру.
Қадірлі жерлестер!
Мен үшін халықтың сенімі – үлкен жауапкершілік. Қай салада қызмет атқарсам да, елмен етене араласып, ортақ іске үлес қосуды басты міндетім деп білдім. Алдағы уақытта да осы ұстанымнан айнымай, туған өлкеміздің өркендеуіне, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасының жақсаруына және мәдени-рухани өмірінің жандануына өз үлесімді қосуға дайынмын.
Сіздердің талап-тілектеріңіз бен ұсыныстарыңыз мен үшін әрдайым маңызды. Бірлігіміз бекем, тірлігіміз берекелі болсын!
Тапсырыс беруші: №4 бірмандаттық сайлау округі бойынша
Талас аудандық мәслихатының депутатығына кандидат Райымқұлова З.Н.
Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын
шығыстары есебінен төленді.
Comments are closed.