Оңғар Назерке Сайлауқызы
Оңғар Назерке Сайлауқызы 1994 жылы 4 қазанда Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ойық ауылында дүниеге келген. 2000-2012 жылдары Ойық ауылы, Көктөбе бөлімшесіндегі Б.Әлменұлы атындағы орта мектепте оқып, білім алған.
2012 жылы М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дің «Журналистика» мамандығына грантқа түсіп, оны 2016 жылы тәмамдады. Мектеп және студенттік жылдары өлеңдері мен мақалалары облыстық, аудандық басылымдарда жарық көріп, 2012 жылғы көктемде «Абай оқулары» байқауының «Өз шығармашылығы» номинациясы бойынша жүлдегер атанды. Сондай-ақ көркем сөз оқу шеберлері байқауларының жүлдегері атанып, өлеңдері «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы», «Өрімтал» сияқты жас ақындардың жыр жинақтарына енді. «Өмір дедім», «Арман айым», «Сағындым сені…», «Сен қайта оралғанда…», «Мәжнүнің болсам, Ләйлімсің» т.б. өлеңдеріне әндер жазылған. Атап айтқанда, «Өмір дедім» өлеңіне жазылған Серік Керімбековтің әні Астана қаласында өткен EXPO-2017 халықаралық көрмесінде Жамбыл облысының мәдениет күндерінде орындалды.
Еңбек жолын студент кезінен бастап, облыстық «Қазақстан-Тараз» телерадиокорпорациясында («Балдәурен», «Керек-дерек», «Жазушы шығармашылығынан», «Атадан қалған асыл сөз», т.б.) түрлі хабарлар жүргізді. 2016-2018 жылдары «Алашинформ» қазақ ақпараттық агенттігінің және «Тағылым» журналының Тараз қаласындағы меншікті тілшісі, сондай-ақ «QAZAQ BILIMI» журналының бас редакторы болды. Қазіргі таңда Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі бөлімінің БАҚ-пен жұмыс жөніндегі менеджері қызметін атқаруда.
Күзден салқын…
Ішім жалын, сыртым салқын,
Өз отыма өзім күйіп барамын.
Жалғыз қалу менің салтым ,
Сен кешірші…
Болмысымды, ардақтым!
Көңіл күпті, көзім мұңды,
Тартымсыздау…
Тағдырыма наламын.
«Жылатпаймын» деген едің,
Жапырақ боп,
Талдан құлап барамын.
Жұмыр жүрек, жылай жүдеп,
Сағыныштан,
Сары əн ғой саларым.
Ақ парақтан,
Əппақ əлем құрайтын ек,
Ақ қағаздан,
Қырқылып мен барамын!
Күлкім ащы, мұңым тəтті,
Бұ дүниядан,
Мұндай жанды көріп пе ең?
Күні күрең, сызы қатты,
Күзден салқын болып кеттің,
Неліктен..?
Сен жүріп өткен жолдарда ән қалсын жаңғырып,
Күздегі соқпақтай кейпіне, көркіне таң қылып.
Сен жүрген жолдарда саз қалсын сан үміт
Сезімді, сенімді сөнбейтін сән қылып.
Сен айтқан жырлардың тынбасын қанаты қағылып,
Көмейден сәт сайын ағылып,
емдейтін иесі табылып,
Күтетін жандарды қуантып,
күтпегендерді зар қылып,
Бақыттан айналтып бастарын,
жүргендер болса қамығып.
Сен салған әуендер таралсын таңдарды таңға ұрып,
Есіткен кеудені ессіз ғып естерден тандырып.
Құлақтың құрышын қандырып,
Миларды отқа орап,
жүректі күл қылып жандырып,
Сәттерді бақытты ән қылып,
етсінші өмірді мәңгілік.
Түспейтін ешқашан биіктен,
Сен салған ән болсын сүйікті ең.
Жаным…
Comments are closed.