«Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының басшысы қарияларды Қарттар күнімен құттықтады — arainews.kz

«Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының басшысы қарияларды Қарттар күнімен құттықтады

6

Халықаралық қарттар күніне орай «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының басшысы Дәурен Айтасұлы Қаипов өңірдегі бірқатар қарт тұрғынның шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады.
Алдымен партия филиалының басшысы Жуалы ауданы, Күреңбел ауылының тұрғыны, тыл еңбек ардагері Есмуратова Ханшайым Момынқұлқызымен кездесті.
Ханшайым Момынқұлқызы 1928 жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Рысбек батыр ауылында дүниеге келген. Ғұмырын маңдай термен еңбек етуге арнаған ардагер 4 ұл мен 4 қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде 23 немере, 54 шөбере және 6 шөпшек сүйіп отырған ардақты ана «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері.
Кездесу барысында Дәурен Айтасұлы ардагерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеп, отбасының амандығы мен берекесін тіледі. Қарияға арнайы сый-сияпат табысталды.
Өз кезегінде Ханшайым әже партия өкілдеріне ақ батасын беріп, еліміздің тыныштығы мен халықтың бірлігін тіледі.
«Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Әр шаңырақта береке мен бірлік орнасын. Жастарымыз елге қызмет етіп, Қазақстанымыз одан әрі өсіп-өркендей берсін. «Әділет» партиясына халықтың игілігі жолындағы жұмыстарына сәттілік тілеймін. Ақ жол болсын, елге пайдасы тиетін істері көп болсын», – деп ақ батасын берді Ханшайым Момынқұлқызы.
Сондай-ақ партия филиалының басшысы зейнеткер, І топтағы мүгедектігі бар Ашанов Сайлаухан Амалбекұлының шаңырағына барып, оны Қарттар күнімен құттықтады.
Дәурен Айтасұлы Сайлаухан Амалбекұлына мықты денсаулық, отбасына амандық тілеп, мерекелік сый-сияпатын табыстады.
Кездесулер барысында партия филиалының басшысы аға буынның қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті. Қариялардың өмірлік тәжірибесі мен ел дамуына қосқан еңбегі кейінгі ұрпақ үшін маңызды өнеге екеніне тоқталды.
Қарттар күні – аға буынға құрмет көрсетіп, олардың өмір жолы мен еңбегін бағалауға мүмкіндік беретін маңызды күн. «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалы үшін ардагерлермен тұрақты байланыс орнатып, олардың ұсыныс-тілектеріне құлақ асу және қолдау көрсету бағытындағы жұмыс жалғаса береді.

«Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының баспасөз қызметі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.