Алматыда аз қамтылған отбасылардың 6-17 жас аралығындағы балаларына арналған тегін әлеуметтік жоба жұмыс істеп тұр. Оның аясында 800 бала спортпен айналысып жатыр. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Батыл бол» бағдарламасының ұйымдастырушысы Мұхтар Тұрсынов айтты.
Мұхтар Тұрсыновтың сөзіне сүйенсек, Елбасының биылғы Жолдауында айтылған бұқаралық спорт және дене шынықтыруды дамыту мәселесі ұлт саулығын қамтамасыз етеді.
«Елбасы биылғы Жолдауында халықтың денсаулығы мен салауатты өмір салты туралы біршама жақсы ой айтты. Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту — салауатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі шарты. Әсіресе, бүгінгі күннің өте өзекті мәселелерінің бірі — ұлт саулығы мәселесін шешудің нақты қадамдары мен жолдары көрсетілген.
«Шынымен де, егер біз олимпиада чемпиондарын тәрбиелегіміз келсе, бірінші кезекте жергілікті билік органдары бұқаралық спортты жан-жақты дамытуға көңіл бөлуі тиіс», — деді Мұхтар Тұрсынов.
Оның айтуынша, «Батыл бол» әлеуметтік жобасы биыл наурызда Наурызбай ауданы әкімдігінің қолдауымен басталған.
Бұдан басқа, жоба жеке кәсіпкерлік пен әлеуметтік әріптестіктің дене шынықтыру және спорттық нысандарын қолдау және дамытуға бағытталған.
«Жобаның мақсаты — балалар мен жасөспірімдерді спортқа тарту. Қазіргі кезде 800-ден астам бала қатысып жүр. Жоба биыл 31 желтоқсанға дейін жұмыс істейді. Жобаға қатысу кезінде балалар тегін білім алады және 10 айлық зерттеу нәтижесі бойынша спортта шыңдалып, өз болашағын жасай алады. Жоба спорттың 4 түрі — шахмат, тоғызқұмалақ, қазақ күресі және бокс секциялары бойынша жұмыс істеп тұр. Барлық спорт түрлері тәулігіне 1,5 сағаттан, аптасына үш рет өткізіледі. Балалардың спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында жаттықтырушылар оларды Алматы және басқа қалаларда жарыстарға дайындап жатыр», — деді Мұхтар Тұрсынов