«Әке Мұхтар – бала Мұрат үшін шексіз мұхит» | arainews.kz

«Әке Мұхтар – бала Мұрат үшін шексіз мұхит»

308

Іріден қалар із де ірі. Ірілігі сол, қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған кезеңде Мәскеуде жүріп, ұлтының қамы үшін «Жас тұлпар» ұйымын құрып, халқының боркемік, ез емес екендігін, арын арлап, намысын жырта алатынын ашық айтуы. Мұндай кесек пікірді он сегіздегі балаң бозбала түгілі, ақылы әбден толысқан парасат иесі де кеңестік дәуірде айта алмайтын. Жазушы Мұхтар Әуезовтің де әу бастағы өмірі Алаш азаматтарымен қоян-қолтық араласуымен басталғаны тарихтан белгілі.
Екінші Әуезовтің есімі, міне, осылай ұлтының мүддесін қорғауда зиялы қауым ортасында жарқ етіп танылған болатын. Жүрегін шоққа қарып, жанын табаға қуырып жүріп құрған «Жас тұлпары» бүгінге дейін өмір сүріп келеді.
Әуезовтің жалғасы тек ұйым құрумен тоқтап қалмады. Әкесінің көрегендігімен таңдаған мамандығы ізденістігін одан әрі тереңдетіп, есімін асқақтата түсті. Яғни, қытай тілінің білгірі. Еліміздегі саусақпен санарлық қытай тілін терең меңгерушілердің бірі де осы Мұрат Әуезов. Мұның дәлелі – Қытай мемлекетіндегі Қазақстанның тұңғыш елшілік қызметіне барғанда, екі мемлекет арасындағы келелі мәселелерді шешуде атқарған еңбектерін тіл білуінің жемісі екендігін ешкім де жоққа шығара алмас.
Асылы, Мұрат Әуезов қоғамдық мәселелерде үнемі сергек болуды ескертіп, тартыс пен таласқа толы өмірдің сырттай бақылаушысы емес, соның ыстығына күйіп, суығына тоңа білетін бел баласы екендігін аңғартады. Оны мәдениеттанушы-ғалым, мемлекет және қоғам қайраткерінің төмендегі ашық әңгімесінен байқауға болады.

– Үлкен өмірлік һәм шығармашылық жолдан өткен, бар қазақтың жүрегіне жол тапқан, тіпті, әлемді аузына қаратқан қаламгер Мұхтар Әуезовтің текті тұлғалығын одан әрі танытып жүрген тұяғы өзіңіз, Мұрат аға. Ендеше, әке Мұхтар мен бала Мұраттың өткен тіршілік жолын есіңізде қайта жаңғыртсаңыз…
– Әке Мұхтар – бала Мұрат үшін шексіз мұхит. Айтуға тіл жетпейді. Жазуда тек сөз өнері, сол өнердің шеберлігін жасаушы Әуезов болу керек. Дұрысында Мұхтар Әуезов боп туу керек. Иә, мені қолдап келе жатқан сол өнердің иесі мен киесі, әкемнің рухы. Міне, бүгінде өзім де жетпістен астым. Араласқан, жақын достасқан, яғни, тұлғалы адамдарым аз емес. Сонда байыппен байқай қарасам, әкем бала тәрбиесіне зеректікпен көңіл бөлген екен. Әр баласының бойындағы қабілетіне қарай жол көрсетіп отырыпты. Айталық, Ләйла әпкем тарихқа бейім болды. Кейіннен ол сол мамандықты таңдап, тарих ғылымдарының докторы атағына дейін жетті. Ернар інім дала құстарын, жәндіктерін, жалпы, табиғат өмірін зерттеуге құштар еді. Әкеміз оның бұл қасиетін байқағандықтан болар, Ернар екеумізді табиғатқа жиі алып шығатын. Расында, Ернар орнитолог болды. Кезінде 1963-1964 жылдары Ернар студент кезінің өзінде-ақ көлемді ғылыми дүниелер жазды. Бір мақаласында Алакөлдегі дүниежүзі құстанушыларының назарын аударып, зерттелмеген шағаланың түрін тауып, оған түсінік берген. Осы тың зерттеу жұмысы кезінде көлдің жағалауындағы қансорғыш масалардың қиындықтарына да төзімділік танытып, жұмысын аяқтап шыққан. Тіпті, дүниежүзі ғалымдары мойындап, олардан Ернардың атына «Доктору Ернару!» деп басталатын хаттар көптеп келген. Бұл мақаланы оқыған адам бауырымның бойында қаламгерлік қабілеттің барлығын байқайды. Осыған қарап кейде «Әкеміздің жазушылық қасиеті Ернарға қонған ба?» деп ойлап қоямын. Өкініштісі, Ернар дүниеден ерте кетті.
Әкемнің әу бастағы өмірі Алаш азаматтарымен қоян-қолтық араласуымен басталған. Солардың қасында жүріп жазған алғашқы мақалаларының бірі бала тәрбиесіне арналыпты. Ондағы «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген сөзі кейіннен афоризмге айналып, ұзақ заманға жақсы нұсқа ретінде сақталып келе жатқанын ешкім жоққа шығара алмас. Өзге балалары секілді менің мамандық таңдауым да әкемді мазалағанын өте жақсы білемін. Әкем мұнда да үлкен көрегенділік көрсеткен.
Жалпы, менің Мұрат Әуезов болып қалыптасуыма әкемнің көп септігі тиді. Ол жағын түсіндіріп көрейін. Ол кезде Алматыда он-ақ пайыз қазақ тұрушы еді. Зиялы қауым мен басшылардың ешқайсысы балаларын қазақ мектебіне бермейтін. Сонда әкем №18 қазақ мектебіне қолымнан жетектеп өзі алып барған. Алматы қаласы бойынша қазақ тілінде екі-ақ мектеп болатын. Бірі – қыздарға, екіншісі – ұлдарға арналған. Үш жыл сол мектепте оқыдым. 4-сыныптан бастап орыс мектебіне ауысуға мәжбүр болдым. Өйткені, ол кездері қазақ мектебінің білім деңгейі төмен еді. Орыс тілін мүлде білмеймін. Сондықтан, әкем «тіл – қару, оны білу керек» деп, 4-сыныпқа ауысар кезде екі мұғалім жалдап, біреуі орыс тілінен, екіншісі ағылшын тілінен сабақ берді. Ол кезде 9 жастағы ойын баласымын, достарымның барлығы далада ойнап жүреді, ал, мені әкем көп оқытты. Соның арқасында 4-сыныпқа жақсы дайындықпен бардым. 9-сыныптан бастап әкем менімен болашағым туралы әңгімелесетін. Мектепті ерте, 16 жасымда бітірдім.
Ал, қытай тіліне келуіме де тікелей әкем себепкер. Соны оқуым үшін ол Мәскеумен «соғысты». Оның жоспары мені араб тіліне беру еді. Бірақ, ол ойы жүзеге аспады. Себептің басы мектепте неміс тілін оқығандығым. Ол оқу орнында мектепте ағылшын тілін оқығандарды қабылдайды екен. Содан вьетнам тіліне қабылдамақ болғанда әкем қатты тулады. МГУ-дің ректорымен тікелей байланысып, күн сайын сөйлесіп отырды. Кейін корей тіліне ауыстырды. Қытай тіліне жақындатпайтын ойлары болған. Ректормен жазысқан телеграммаларын оқысаң қызық, кәдімгідей екеуі үлкен сайысқа шыққандай. Осындай қиындықтардан соң барып, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Шығыс тілдері институтының «Қытай филологиясы» мамандығына қабылдандым. Оқуға түскеннен кейін әкемнің айтқаны «Қытайдың тілінде қазақтың тарихына байланысты көптеген деректер бар, соны үңіліп зерделеу керек». Қарашы, қытайдың тілін біл десе де, әкем қазақты ойла деп санама құйып тұр. Көрегендігі ғой, ол кездегі осал қытайдың болашақта іргелі елге айналатынын болжаған. Жоспарлары мықты еді, өкінішке қарай, оқуымды аяқтамай дүниеден кете барды. Әкемнің сенімінен шығуға барынша тырыстым.
– Жазушының соңғы демі Мәскеуде үзілгенде, өзіңіз қасында болдыңыз…
– Қасында болдым. Әкем Мәскеудің «Кунцево» ауруханасында жатты. Сонда маған арнайы қаражат бөліп, «Күнде таксимен келіп-кетіп тұрасың» деді. Сабақтан соң күн сайын барам, екеуміздің сондағы қозғайтын әңгімеміз тек елдік мәселелер. Әкем Жазушылар одағына, жеке-жеке жазушыларға хат жазатын. Хаттарды пошта арқылы елге жөнелтіп отырамын. Әкем 1961 жылдың 27 маусымы күні операция үстелінде үзілді. Кенеттен кетіп қаламын деген ойы болған жоқ. Өйткені, дәрігерлер «операция жеңіл өтеді, асқазандағы полиптерді тазалайды, аман боласыз» деген. Іштей бірдеңені сезсе сезген шығар, бірақ қауіптеніп үрейі ұшқан жоқ. 26 маусым күні қасына ешкімді жібермеді, операцияға дайындады. 25 маусым күні әкемнің әйелі Валентина Николаевна келді. Осы күні әкем «Жазғы каникулыңда не істейсің? Елге барып келесің бе?» деді. «Жақсы, барайын» дедім. Сосын қаламын қолына алып «Ұлым Мұрат барады. Сіздер ұлыма әкесінің туып-өскен жерін таныстырып, елді көрсетіңдер» деген мағынада елдегі туыстарына екі хат жазып, қолыма ұстатты. Бұл әкемнің қаламын қолына соңғы рет алуы екен…
Тағы бір жайт, екеуміздің келісіміміз бойынша, ауруханадан шыққан соң Ыстықкөл жағасында салынған үйде бас қосып, елге барғандағы әсерлерімді күнделікке түсіріп, әкеме көрсетуім керек болатын. Уақыт өте келе ойлансам, әкем «қаламға икемі бар ма, жоқ па» деп мені байқағысы келді ме екен деген ой тұрады кейде.
– Әкеңіздің елге барып қайт деген аманатын орындадыңыз ба?
– Дәл сол әкем қайтқан жылы елге бара алмадым. Келесі жылы жазда барамын деп жүргенімде Қытай делегациясы келіп, студенттік практикада солардың құрамына аудармашы етіп жіберді. 1963 жылы ғана баруға тура келді. Елдегі әкемнің көзін көрген абыздардың бәрі үлкен жүрекпен, қошеметтеп қарсы алды. Көңіл айтты. Хатты оқып, әкемнің соңғы аманаты бойынша мені елмен таныстырды. Семей мен Қарауылдың арасында «Бөрілі» дейтін жер бар, әкемнің туған жері, сондағы мұражайда әкемнің соңғы жазған сол екі хаты сақтаулы тұр.
– Сіздің анаңыз Фатима Ғабитованың да осал жан болмағанын білеміз. Ақын, әдебиеттанушы, ұстаз. Ең бастысы, үш алыптың ұрпағын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай жетілдірді. Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов секілді біртуарлардың сүйікті жары болғанын да, тауқыметті тағдыр кешсе де, олардың перзенттерін бір шаңырақ астында тәрбиелеуде жанын беруге даяр болғанын да күнделігінде ашық жазады. Мұрат аға, парасатты да аяулы анаңыз бен сол бауырларыңыз туралы сыр ақтарсаңыз…
– Рас, аяулы да қайсар мінезді анам Фатима Ғабитова Біләл Сүлеевтей, Ілияс Жансүгіровтей, Мұхтар Әуезовтей үш алыптан туған балаларын бір шаңырақтың астында, бір қазаннан ас ішкізіп, жетілдіргені кешегідей көз алдымда. Анам туралы естелік екеуара сұхбатпен шектелмейді. Және анамның тағдырын түсіну үшін кең жүректілік, асқан саналылық пен сауаттылық керек. Мұны кез келген пендемін дегендер жасай алмайды. Кезінде «Фатима Ғабитованы үш алыптың сүйгені қалай?..» деген сықылды жеңіл сөздер де айтылған. Мәселе анамның сұлулығында емес. Анам шынында да сол сұлулығын адамгершілік қасиеттерімен тең ұстап, кір шалдырмастан байланыстыра білген. Осындай парасаттылығын сол үш алып танып, қадірлеген. Тағдыр талқысы, қолдан жасалынған зұлмат құрығынан құтыла алмаған үш бірдей арысқа асыл жар болған анамыздың биік болмысын әкемізден кем көрген емеспіз.
Анамыздың туған жері бүгінгі Талдықорғанға қарасты Қапал өңірі. Мұсылман мектебінде оқыған. Қазақ, татар және орыстармен араласып өскен. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін ол жерге тұтқынға түскен немістер де келіп қоныстанған. Солардың ішінде Ида Карловна Кайзер есімді өте білімді әйел болған. Шешем сол әйелден неміс тілін үйренген. Еуропа әдебиеті мен мәдениетіне көз ашуына осы әйелдің үлесі мол болған. Бала кезінен анам өзінің қабілетін өзі ұштап отырған. Қазақ фольклорын жетік білген. Уақыт өте келе ол қазақ әдебиеті мен мәдениетінің үлкен жанашыры, зерттеушісі және жинақтаушысы болды. Мысалы, 1965 жылы жарық көрген «Үш ғасыр жырлайды» атты қазақ әдебиетінің үш ғасырлық кезеңінің көрнекті өкілдері шығармаларының жинағында Шал ақын (барлығы 13 өлең), Асан қайғы, Доспамбет жыраулардың жазбаларын анам жазып алып, сақтап, заман түзелгенде архивке өткізген. «Жинақтап тапсырушы Фатима Ғабитова» дегенді оқыған Мұхтар Мағауин мен арқылы анама үлкен алғысын айтқан. Бұл өлеңдер кейін «Бес ғасыр жырлайды» жинағына да анам дайындаған үлгіде енгізілді. Ең негізгісі, анамыз Біләл, Ілияс қолжазбаларын НКВД-ның суық қол, сұқ көзінен сақтап, архивке тапсырумен қоса, олардың ұрпақтарын шашыратпай, бір ұяда өсіруі, тәрбиелеуі еді. Әкем де 1951-1952 жылдары Қазақстаннан кетуге мәжбүр болып, тіпті, оны ұстауға ордер берілгенде де, анам құнды жазбаларын сақтаған.
Анама өмірлік серік болған үш алып туралы оқырмандарға аз-кем ой таратайын. Біләл Сүлеев Қапал қаласындағы Баянжүрек дейтін жерде дүниеге келген. Біләл Қарағашта ашылған «Мамания» медресесінде оқыған. Бұл мектепте Ілияс та оқыған. Алаш азаматтарының қалыптасуына, олардың Орынбор, Петербор асып білімдерін жетілдіруіне, «Алаш» партиясын құруының бастауларына «Мамания» үлкен баспалдақ болғаны анық. Осындай ғажап білім ортасы шешеміздің де ортасы болды. Біләл артынан Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқып, Орынбордан шығатын «Қазақ» газетінде істейді. «Қазақта» Біләлдің «Матай», «Қаптағай» деген псевдонимдерімен өлеңдері, мақалалары басылып тұрған. 1917-1918 жылдары ол Қапал қаласындағы татар мектебіне мұғалім және оқу ісін басқарушы болып келеді. Анамның осы мектепті бір жыл бұрын аяқтап, мұғалім болып жүрген кезі екен. Екеуі осында танысып, табысқан. Біләл тарихта ағартушы, методист, ақын, драматург ретінде қалды. Ол кісіден шешеміз үш перзент сүйген. Үлкені Фарида он екі жасында қайтыс болса, Жәнібек он сегізге жетпей соғысқа аттанып, сонда ұшқыш болып жүріп қаза тапқан. Ал, Азат Сүлеевтің біздің жанұямыз үшін орны ерекше. Оны «Алланың бізге жіберген жақсылығы» деп бағалаймыз. Шешемді «халық жауының жанұясы» деп жер аударып, әкемнің азаматтық қолдауымен Меркінің кішкентай ғана бөлмесін паналағанымызда Азат ағамыз Ілиястан туған Үміт, Ильфа, Болат және Мұхтардан туған маған қамқоршы болған. Азат бауырларына оқыған кітаптарын айтудан жалықпайтын. Жалпы, анамыздың өсірген жеті баласының тағдыры кітаппен байланысты болды. Кітаппен өсіп, ержеттік десек те болады. Қабырғада майшам ілулі тұратын. Сол шамның қасына жиналып, әрқайсысымыз қолдарымызбен түрлі құстардың бейнесін жасап, шамның түскен көлеңкесінен соны көріп, өз-өзіміздің әлі бала екенімізді сездіріп, Азат ағамыз көңілдендіріп, жұбататын…
Бұл үйге, жалпы Меркіге келуімізге әкеміз себепші болған. Ілияс кеткен күннен бастап-ақ, әкем Мұхтар олардың өмір-тағдыры туралы өзіне тән үлкен адамдық жанашырлықпен ойланған. Біләл мен Ілиястың балаларының аман қалуына, солардың ұрпақтарын сақтап қалу үшін басын бәйгеге тігіп, Семейден анамды балаларымен алдыртып, Меркіде тұруына мүмкіншілік жасайды. Әкем анаммен жеңіл көңілмен танысқан емес, мұны дұрыс түсінейік. Олар ынтымақты орта болған. ХХ ғасырдың басында Алаш азаматтары шынымен ұлт болып қалыптаса білген. Олар жеке басын емес бір-бірінің отбасына да, олардың балаларына да қамқорлық танытуды ұмытпаған. Ал, бүгінде ше? Бүгінде айтулы кей азаматтарымыз қыршынынан қиылып кете барды. Бірақ, солардың отбасы мен балалары қалай өмір сүруде? Кейінгі тіршіліктері қалай өтуде, олар не ішіп күнелтуде? Бұл сұрақтар ешкімді ойландырған емес, тіпті, жұрт ол адамның есімін де тез ұмытқандай. Бұл дегенің жан трагедиясы ғой. Міне, осыған қарап-ақ Алаш азаматтарының рухын жоғалтып келе жатырмыз деуге болады.
Жалпы, анамның жазықсыз тартқан жазалары, қайғылы халінде ХХ ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясының айықпас тағдырлары жатыр. Бұл анам Фатима және соның үлкен ортасының трагедиясы еді. Біләл қолға түсіп, қамауға алынып, айдалды, сонда қайтыс болады. Анамызға тек өлеңмен хат жазған Ілияс та «халық жауы» атанды. Оның жазған өлеңдері тұнып тұрған лирика. Өлеңдерін Мағжанның өлеңдерінен кем деуге тілім бармайды. Мағжанның өлеңдерін жақсы көрем. Және шешем Меркіде айдауда жүргенде, оның есімін атауға тыйым салған жылдардың өзінде Мағжанды айтып отыратын. Сонда шешем «Лирика жағынан ең ұлы ақын Мағжан, содан кейін Ілияс» деп айтатын біздерге. Мағжанның атын да, өлеңдерін де тұңғыш рет шешемнен естідім.
Осы үш алыптың ішінде анамның жүрегін жаулаған, яғни, ғашық болған – Ілияс. Анамның өз өмірінде шынайы, кете-кеткенше кімді жақсы көргенін жақсы білемін. Ол сұраққа тек Ілиясты деп айтар едім. Ілиястың әлі ақталмаған кездерінде, оңашада сыңсып отырып:
«Жадырап жаз келсе де,
Қаңқылдап қаз қайтса да,
Қайырылып Ілияс қайтпадың…», – деп өлеңдерімен өзін жұбатып отыратынына талай куә болдым.
– Ахмет Байтұрсыновтың:
«Тағдыр қалап егерде…
Жүз көз берсе, құдірет,
Жүзі де сізге қарар еді!» деген үш жол өлеңі анаңызға арналған деседі…
– Біләл мен анам Ахаңдардың отбасымен өте жақын араласқан. Әрі анам Алматыда ашылған университеттің филология факультетіне оқуға түседі. Ахаң осы факультетке лекция оқиды. Бірде үйге келген кезінде жазу үстелінің үстінде жатқан конспекті дәптерін ұстап отырғанын анам байқап қалады. Пәлендей мән бермейді. Содан бір күні анам конспектілерін қарастырып отырғанда, Ахаңның лекциялары жазылған дәптерінің шетінен осы үш жолдан тұратын өлеңді көреді. Сол кездің өзінде ол кісінің жасы үлкен болған. Бұл жерде ғашықтық сезім емес, рас, анамыз сұлу болған, бірақ, мұнда анамның сұлулығымен қоса ақылдылығына, білімділігіне, ең бастысы, өзін тек Алаш идеясына бағыштаған әйел екендігін меңзеп тұр. Анамның ерекше болмысын Ахаң ғана емес, алаштық азаматтардың бәрі бағалай білген. Алаш идеясына келгенде анамның Ілиясты да, әкем Мұхтарды да «Осы идеяға берік болып, таймаңдар» деп «қайрап» қоятын кездері өзінің күнделігінде кеңірек айтылады. Демек, шешем Алаш азаматтары үшін ұлттық мәселеде күрделі әңгімелерді қозғай білген. Сондықтан болар, біртуар тұлғалар анама жағдайын айтып сенімділікпен хат жазғаны. Айталық, Жұмат Шанин анамызға жазған кішкентай хатында былай дейді: «Фатима, жағдай өте қиындап кетті. Екі-үш бөлке нан жібересің бе?»
– Ашаршылық жайлаған жылдары жазылған хат қой шамасы…
– Есіңе түсіріп көрші… Кімдер бар ақындардан, жазушылардан сонау отызыншы жылдардағы болған аштықты суреттеп қалдырған? Жоқ. Жылдар өткеннен соң барып жазыла бастады. Мәселен, бұл тақырыпқа дер кезінде Смағұл Елубайдан өзге ешкімнің батылы бармады. Ал, біздің анамыз сол солақай саясаттың өзінде ашаршылық туралы күнделіктерінде кеңірек жазып, оны мұқият сақтай білген. Осы жазбаларына қарап отырсаң, аштықтың қалай өткенін көз алдыңа айнытпай келтіруге болады. «Ілиястың ашаршылыққа байланысты «Ақ қала» атты үлкен поэмасы болған. Қатал заманына лағынетін айтып жазғаны» деп айтқанын естігенмін. Бұл поэманың атауы болғанымен, неге екенін қайдам, жазба сақталмаған.
– Әкеңіздің ұлттық мәселеге байланысты ой-пікірін, Мұрат аға, өзіңіз жалғастырып келесіз. Айталық, мәскеулік бір топ қазақ жастары «Жас тұлпар» деп аталатын ұйым құрып, бұл ұйым сол кездегі Кремль басшылары мен Қазақстандағы интернационализм қазанында қайнап шыққан басшылардың зәресін алыпты. Басты таңғалдырғаны – ұйымның басшысы Мұхтар Әуезовтің баласы Мұрат Әуезов екендігі. Өзіңіз көтерген сол кездегі ұлт мәселесі мен бүгінгі айтылып жүрген ұлт мәселесін салыстырып, деңгейін бағамдап көріңізші…
– «Жас тұлпар» ұйымы 1963 жылы құрылды. Ұйымның діттеген мақсаты – ұлт мәселелерін шешуге мұрындық болу. Ұйымды құрардың алдында Мәскеудің жоғары оқу орындарында оқитын өнерлі студенттерді жиып, концерттер ұйымдастырып жүргенбіз. Жазғы демалыста еліміздің ауыл-ауылын аралап, концерттер қойып, ұйым туралы да көпшілік арасында ойлар тастап жүрдік. Ең бірінші Жамбылға барғанымызда қасымызда, тіпті, Шәмші Қалдаяқов та бірге жүрген. Екінші Шымкентке бардық. Қазақстанның қай өңіріне барсақ та ел «мәскеулік қазақ студенттері» деп құшақ жая қарсы алып, ауылдан-ауылға қошеметпен шығарып салып отырған. Содан күзде Мәскеудегі елуден астам жатақханаларды аралап, қазақ студенттерінің басын қосып жиындар өткізуді қолға алдық. Алғашқыда Қазақстаннан келген орыстарды да шақырғанбыз, кейін олар шығып кетті. Сол кездің идеологиясынан қорыққан болу керек. Себебі, біздер тарих, ұлт деген мәселені көтердік.
Алматыда Жазушылар одағында өткізген жиынымызда одақтың залы лық толды. Сәбит Мұқанов бастаған ақсақал, қара сақал жазушылар түгел қатысты. Бұл жиында мен тың өлкелерін аралағанымды, ондағы қариялармен, жергілікті қазақтармен сөйлесіп, олардың мүшкіл халін көріп, ойға түйгендерімді күйінішпен ортаға тастадым. Менен кейін сөзге шыққан Болатхан Тайжан Қазақстанның ен байлығы қазақтың емес, өзгелердің игілігіне жұмсалып отырғанын, тың игерудің салдарынан Арқадағы қазақ ауылдарының жойылып, қазақ мектептерінің жабылып жатқанына күйзеле тоқталды. Жазушылар тарапынан да сөйлеушілер болды. Сосын көпшілікті таңғалдырғаны – ұлт мәселесін осында жүрген қазақтар емес, қазақы ортадан алыста, барлық білім мен тәрбиені орыс тілінде алған өрімдей жас жігіттердің батылдықпен көтергендері еді. Сондай-ақ, кеудесінде намысы бар қазақтарды жігерлендіріп, өздерінің кім екендерін, ертең кім боларын ойлауды естеріне салып өткен сонда «Жас тұлпар» болатын. Мұны сол кезде көзі көріп, куә болғандардың ешқайсысы да жоққа шығара алмасы анық.
«Жас тұлпарға» шешем үлкен дем беріп, мені рухтандырып, қанаттандырып отырды. Алаш азаматтарының ортасында жүріп, өмірлік тәжірибе жинаған анамның қолдауы мен үшін қажет те болатын. Бірде анам Мәскеуге қазақтың жүз мақал-мәтелін машинкада теріп, хатпен жіберіпті. Не үшін жібергенін іштей сездім. Себебі, жүрген ортамның бәрі орыс тілділер, ана тілінің сөз мәйегін жадында сақтап жүрсін дегені ғой анамның. 1966 жылы ұйымға қатты қуғын болғанда анам «Жас тұлпарға»:
«Құлады көктен ақ сұңқар,
Жығылды жерге «Жас тұлпар», – деп басталатын зарлы өлең жолдарын арнады.
– Сол кезде «Жас тұлпардың» құрамында кімдер болды?
– Әрине, бірінші кезекте марқұм Болатхан Тайжан. Болатхан Халықаралық қатынастар институтында оқыды. Араб тілінің мықты маманы. Арамыздан сол кездің өзінде ең бірінші шетелге барған қазақ – Болатхан. Үшінші курста жүргенде Арабия мемлекетіне барып, өзін де, тілін де шынықтырып келді.
– Алаш азаматтарының мақсатын жүзеге асыруға жанкештілікпен студент кезіңізде-ақ кірісіпсіз. Ал, әкеңіздің қасында жүргенде, жазушының ортасында сондай мәселелер қалай шешімін табушы еді…
– Жоғарыда айтқанымдай, әкем балаларын табиғатқа жиі алып шығатын. Әсіресе, Ернар екеумізді. Ондайда әкем жиналмалы кереуетін қасынан тастамайтын. Біздер кереуетінің тұсындағы көгалға көрпелерді төсеп, жата кететінбіз. Кең дала, тыныштық, жұлдызды аспан, жанға жайлы ғажап әңгімелер айтылушы еді!.. Әкем терең ойға кетіп, өзінің ерте кеткен достарын аңсайтын.
Бірде Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбділдә Тәжібаевтармен екі машина болып тауға шықтық. Әдеттегідей әкем інім Ернар екеумізді ертіп алды. Біздер кекілік атуға тауға қарай өрмелеп шығып кеттік. Оларға биіктен қараймыз. Сонда жоғарыдан қарасақ, олар тастың үстіне кішігірім дастархандарын жайып, қақ ортаға коньяк қояды. Оны да ішпейді, әңгімеге себеп ету үшін қоятын шығар. Әңгімелері қызып кете ме, орындарынан түрегеліп, сонда жатқан тастарды айналып жүреді, айналып жүріп бір-бірлеріне беріле бірдеңелерді талқылап айтып жатады. Олардың дәл не айтып жатқаны біздерге естілмейді. Бірақ, келелі мәселе екені анық. Кейін ойласам, қалада айтылмайтын ойлары мен сөздерін, осындай таудың ортасына келіп, оңашада ортаға салып, өзара пікір алмасып, іштерін осылай босатып алады екен-ау деймін.
– Өзіңіздің басқаруыңыздағы Мұхтар Әуезов қорының бүгінгі тіршілігі, хал-ахуалы қандай?
– Әкемнің атында академиялық драма театр, Әдебиет институты, сол аттас мұражайы және қоры бар. Бұл мекемелер жазушы рухы үшін де, қоғам үшін де үлкен жұмыстар атқарып келеді. Өзің айтып отырған қорды жеке- дара бөліп айтсам, қор жазушы мұрасын насихаттауда қыруар жұмыстар атқарды, атқарып та келеді. Әлі де болса мемлекеттік бюджеттен шешімін таба алмайтын мәселелер бар. Тұңғыш рет ұлы жазушының ататегін тарих қойнауынан тартып дәлелдейтін шежіресі жасалып, жарық көрді. Кезінде цензураның кесірінен біраз жерлері қысқартылып, асығыс бес аудармашының қатысуымен аударылған ұлтымыздың ұлы эпопеясы «Абай жолы» қайта аударылды. Әкем де соған мәжбүр болған. Құнанбайдың Меккеге барар кездегі Ұлжанмен әңгімелері. Құнанбай мұнда мүлдем басқаша қырынан көрінеді. Сол тұсын алып тастаған. Орыс тіліндегі аудармасында жоқ тұстары да баршылық. Бұл ұлан-ғайыр жобаны әйгілі сөз шебері Анатолий Ким жүзеге асырды. «ЖЗЛ» сериясымен Мәскеуде «Трагедия триумфатора» атты кітап және «Қазақфильмде» осы аттас ұлы жазушы өмірінен деректі фильм түсірілді. Екеуінің де авторы белгілі мәскеулік профессор Николай Анастасьев. Қордың басты мақсаты – жазушының рухани мұрасын сақтау және насихаттау, сондай-ақ, қазақ мәдениеті саласына байланысты жаңа бастамаларды қуаттап, қолдау. Ал, оның қайнар көзі мен бастау бұлағында Алаштың ой-өресі биік, парасатты тұлғалары тұр. Жазушының негізгі бағытының айқын, бұлжымас көрсеткіші де осы болатын.
«Мұхтар Әуезовтің ататегі» деп аталатын кітап екі тілде жарыққа шықты. Әкем қожа тұқымынан. Өзінің кім екенін өмірбаянында анық көрсетеді. Себебі, әкем «Бала кезімде тегімді таратқан шежірені көргем, ұзындығы жеті-сегіз метрдей болған» дегенді айтады. Өзінің өмір сүрген дәуірі тегін айтуына жол ашпады. Бір жағынан, кезінде сопылар, қожалар туралы әртүрлі түсініктер болған.
Әкемнің жазып қалдырған мұраларының ішінде өзінің ататегі туралы бір ғана дерек бар екен. Ол Алаш арыстандарының бірі Смағұл Сәдуақасовқа жазған бір хатында, өзінің арғы аталарының Қаратау өңірінен қалың найманның арасына көшіп келгенін және найман ішінен Бердіқожа бір топ туыстарын соңынан ертіп, арғын ішінде тобықтыға келіп, қоныс тепкенін айтқан.
Қордың есебінен «Неизвестное в наследии Мухтара Ауэзова» атты мұрағаттық құжаттар негізін қамтыған кітап шықты. Тарихи құжаттарды сөйлететін бұл кітапта Әуезов туралы еш жерде жарық көрмеген деректер енді. Бәрі жиналды деуге тағы болмайды. Мұхтар Әуезов шексіз мұхит іспеттес. 50 томдығына кірмей қалған материалдар қамтылды онда.
– Мұхтар Әуезовтің Алаш азаматтарының тапсырмасымен 20 жасында жазған тұңғыш мақаласы «Жапония» деген атпен басылған екен. Күрделі дүниені жазушы жап-жас болса да орындап шығыпты…
– Аталмыш мақаланы жазғызудағы басты себеп, ол кездегі Азия мемлекеттері Батыс империяларға тәуелді бола бастаған заман. Тіпті, Қытайдың өзі де. Солардың ішінде тек Жапония ғана өз мемлекетін сақтап қалған. Сонда Алаш азаматтары «Жапония мемлекетінің дербестігін сақтап қалуының құпиясы неде? Олар қандай әрекетінің арқасында өздерін сақтап қалды?» деген ойларын ортаға салып, соны зерттеп, зерделеп жазуды әкеме тапсырған. «Жапония» мақаласы ғажап шыққан. Жапондықтардың ұлт ретінде сақталуының негізгі себептерін автор аша білген. Олардың ұлттық идеясын талдаған. Арада біраз уақыттардан кейін әкем танымал қаламгер болады. 1957 жылы сол мақаланы жазған автордың жолы Жапонияға түседі. Әкем бұл елде екі жарым айдай уақыт болады. Күнделік жүргізеді. Күнделіктегі жазбаларын соңғы шыққан 50 томдығына енгіздік. Онда кей беттерін кириллицамен, кейбірін арабша жазып отырған. «Тыңшылар түсінбесін» деп солай жазуға мәжбүр болған. Күн сайынғы өзі қатысқан жиындарды, ядролық сынақтарға қарсылығын бір жиында ортаға салғанын күнделігіндегі жазбалары айғақтайды. Осыған қарасам, әкем Семейдегі, өз еліндегі ядролық сынаққа қарсы шыққан ең алғашқының бірі екендігін көреміз. Мұны айтып отырған себебім, әкемнің Жапониядағы үлкен алқалы жиында айтқанын білмеушілер кезінде «Семейдегі ядроны сол кезде білмеді ме?» деп айып та таққан. Кеңестік дәуір мұны ашық айтуға мүмкіншілік бермеді. Жапониядағы күнделігінің мынадай тұсы бар: «Кеше қатты суық тиіп, тамағым қарлығып, қиналып жатырмын. Бірақ, таңертең сағат онда жиналыс болады, мен барамын. Міндетті түрде барамын, мен сөйлеймін» деп жазып қойыпты. Оның ұлт мәселесіндегі ойын құптайтын, түсінетін үзеңгілес достары жоқ еді қасында. Бәрі де «халық жауы» болып, жазықсыз кеткен болатын.
– Абай Мұхтарды әдебиеттің шыңына көтерді, Мұхтар Абайды әлемге танытты. Бұл ақиқат. Сол «Абай жолы» туралы классик жазушының перзенті ретінде ой бөлісіп көріңізші…
– Әр ұлттың ұлы тұлғалары болары хақ. Олар қаншама ғасырлар өтсе де сол ұлттың мөрі секілді санаға соғылып, адамзаттың ортақ құндылығына айналады. Ағылшындар үшін – Шекспир, француздар үшін – Бальзак, орыстар үшін – Пушкин, үнділер үшін – Тагор, өзбектер үшін – Науаи, түркімендер үшін – Мақтымқұлы, әзербайжандар үшін – Низами, қазақтар үшін, әрине – Абай. Сол Абайдың ұлылығы мен данагөйлігін ашқан Мұхтар Әуезов те өткен ғасырдағы қазақ әдебиетінің алыбы.
Ұлы суреткер феодалдық қоғам ыдырап, қазақ қоғамы капитализмді айналып өтіп, социалистік қоғамның орныға бастаған тұсында әдеби өмірге келді. Сондықтан да білімділердің бел ортасынан өз орнын ерте ойып алды, ерте жарқ етіп көрінді. Ал, халық жадына енген адамды уақыт та, заман да, қоғам да тарихтан сызып тастай алмайды. Бірақ, осындай халық махаббатына жету үшін әкем «тар жол, тайғақ кешулерден», жабыла қапқан аш бөрі сыншылардан, екіжүзді саясаттың, ауыр идеологияның қанды қақпанынан өтті. Жазушының көзқарасын қалыптастырған тағы бір үлкен саяси мектеп бар. Ол – Алаш идеясы.
«Абай жолы» романына кіріскенге дейінгі әкемнің жазғандары романға баспалдақ болғандай. Романды жазуға себеп болған жайт – ашаршылық. Бұл қазақтың басына түскен үлкен трагедия еді. Көшпенді халықтың өркениетінің күйреуіне қатты әсерін тигізді. Қаншама адам қырылды. «Мұның бәрін болашаққа сақтау керек» деп, оны азаматтық борышы санаған. «Абайдың» дәл осындай энциклопедия түрінде жазылуының басты себебі осы. Жазушы романда қазақ тілінің байлығын барынша сақтаған.
– Әкеңіз шығармашылығы жайында бала болсаңыздар да сіздердің пікірлеріңізді сұраушы ма еді?
– Әкем балаларымен ересектерше сөйлесетін. Кішкентай кезімде шыққан кітаптарын міндетті түрде сыйлайтын. Оның бұрышына ұмытпай тілектерін жазып қоятын. «Алтын балам, Мұратайым!» деп басталатын сол кітаптар өзімде сақтаулы. «Абай жолын» өз қолтаңбасымен жазып сыйлаған. Сонда анама әкем «Абай жолын» Мұратқа оқып бер, таныссын» деп шарт қойғаны есімде. Шешем шұлық тоқып отырып, қасына мені алып, «Абай жолын» ұстатып, «Дауыстап оқы» деп оқытқызып қоятын. Жеті жастағы мен «Абай жолын» тереңінен түсінбесем де оқимын. «Абай жолын» оқып жүргенімді естігенде әкемнің балаша қуанғаны-ай!..
Әкемнің азаматтығын тағы айтып өтейін. Ілиястың әлі ақталмаған кезі. Ілиястың балаларының алды мектепті аяқтар кезде, солар жоғары оқу орнында оқысын, білім алсын деп Алматыдан үй алып, біздерді Меркіден көшіріп әкелген. Жаңа жер үйімізге пеш жағамыз. Ала жаздай отын-суды анам бастап, балаларына дайындатқызады. Ешқандай басы артық байлығымыз да жоқ. Шешеміздің ісмерлігі біздерге көп көмегін тигізді. Үлкеніміздің киімдерін кішімізге қысқартып, кішіміздікін одан кейінгісіне лайықтап, әйтеуір жеткізетін. Фатима неше алуан тағам жасайды. Шиеттей балалар үстелдің айналасына отыру үшін орындықтар керек қой. Сол кішкентай орындықтарды да анам өзімізге жасататын. Ара, шеге, балға, балта сияқты заттарды базардан сатып әкеліп «Өмір сүру үшін бұл өнерді де үйреніңдер» деп, анам қолөнерге де баулыған. Қысқы шұлықтарымызды, кеудешелерімді жазда өзі тоқып дайындайтын.
Анамыздың ақылдылығы мен әкемнің азаматтығының демеуімен, біздер осылайша өсіп-жетілдік.
– Ашық әңгімеңізге үлкен рақмет!

Сұхбаттасқан Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.