Міндет – нақты, бағдар – айқын
Кеше ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен облысымызда болды
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында жүктелген міндеттер киелі Әулиеата өңірінде жүйелі жүзеге асуда. Кеше облысымызға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев тындырымды тірліктермен танысып, өркенді өзгерістерге оң бағасын берді.
Сапалы өнімге сұраныс мол
Үкімет басшысы ең алдымен Тараз қаласында жаңадан ашылған кәсіпкерлік нысанның бірі – «Көкжиек-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ат басын бұрды.
Жамбыл өңірі еліміздегі аграрлық аймақтардың бірі болғандықтан, мұнда асыраушы саланы дамытуға мол мүмкіндік бар. Негізінен ет пен сүт өнімдерін өңдеуге бағытталған шаруалардың нәтижесі де жоқ емес. 2007 жылы құрылып, содан бері сүт өнімдерін өндірумен айналысып келе жатқан «Көкжиек-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ағымдағы жылы жұмыс ауқымын едәуір кеңейтті. Қайта жаңғырған кәсіпорын Италияның «FRAU IMPLANTI» компаниясының жаңа үлгідегі автоматтандырылған құрал-жабдықтарымен жабдықталған. Жоба құны – 1,6 миллиард теңге. Серіктестік жетекшісі Әбдіғали Бегімбетов нақты уақытта кәсіпорынның тәулігіне 80 тонна сүт өнімдерін өңдеуге қауқарлы екендігін жеткізді. Үкімет басшысы Бақытжан Әбдірұлы мен облыс әкімі Асқар Мырзахметов жыл басынан бері 7861 тонна сүтті қайта өңдеп, одан 200 тонна сары май, 500 тонна құрғақ сүт және басқа да сүт өнімдерін өндірген өндіріс орнындағы автоматтандырылған заманауи құрылғылармен танысты.
– Цехқа біз «Тетра пак» линиясын қойғанбыз. Және сол жүйемен сүтті дайындайтын 3 блогты іске қостық. Қайта өңдеу барысында сүт қабылданғаннан кейін түбегейлі тазартылады және 3 түрлі температуралық режимге өтеді. Осылайша, «Тетра пак» машинасы сүтті құйып, қаптайды. Жалпы, өндірісте тың технологияларды қолдану арқасында өнім сапасын жақсартып, оның сақталу мерзімін 1 жылға дейін арттыруға қол жеткіздік, – дейді аталмыш серіктестік басшысы Әбдіғали Бегімбетов.
Айта кету керек, өндіріс орны бүгіннің өзінде 35 маманды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр. Осы жерде қойылған стендтер арқылы Үкімет басшысының назарына аймақтағы агроөнеркәсіп кешенінің даму барысы туралы көрсеткіштер ұсынылды. Облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев салада атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар, әлеуметтік маңызы бар тауар өнімдерінің бағасын тұрақтандыру, фермерлерді қолдау, суармалы егіс алқабын ұлғайту бағытындағы шаралар туралы әңгімеледі.
Тұрғынүй құрылысы толастамайды
Елбасының жаңа Жолдауында бұқараны сапалы әрі қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бағытында нақты тапсырма берілгені белгілі.
Бүгінде облыста бұл бағытта да ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды істер бар. Соның бір дәлелі – Тараз қаласында №15 ықшам ауданның бой көтеруі. Жұмыс сапары барысында Бақытжан Әбдірұлы аталмыш аумаққа арнайы барды.
Мұнда биыл көпқабатты 800 пәтерлік 10 үй мен құрылысы жоспарланған 255 бір үлгідегі тұрғынүйдің 30-ы пайдаланылуға тапсырылғалы отыр екен. Аталған ықшам аудан жоспарының өзгеруіне байланысты биылғы жылға магистралдық жылу жүйесін жүргізуге 2,5 миллиард теңге қажет. Бүгінде пайдалануға берілетін 10 үйді іске қосу мақсатында 103, 5 миллион теңгеге үш жылыту модулі орнатылуда. Оның біреуі ыстық сумен, екеуі жылумен қамтамасыз етуге арналған. Әрқайсысы 25 мың шаршы метр аумақты қамтиды.
Жаңа ықшам аудан аумағында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ҚР Премьер-Министріне арнайы стенд алдында облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев егжей-тегжейлі баяндап берді.
– Өңірде тұрғынүйге деген сұраныстың еселене түскенін ескерсек, бізге жылына 25 миллиард теңге қаржы қажет. Сонда жыл сайын 20 үйді пайдалануға беріп отыратын боламыз. Бірақ, бұл соманы жергілікті бюджеттің көтере алмайтыны сөзсіз. Соған қарамастан, бүгінгі күні 9 үйдің құрылысын бастадық, 11-ін жыл соңына дейін конкурстан өткізуге дайындаудамыз, – деді Е.Дауылбаев.
Жоспар жыл басында 400 мың шаршы метр болып белгіленсе, бүгінгі күні ол 448 мың шаршы метр көлемінде артығымен орындалған. Пәтерлердің 363-і жеке инвестиция есебінен пайдалануға беріліпті.
– Бағдарламаның екінші бағыты бойынша бағалы қағаздар шығару арқылы 2016 жылы – 3, 2017 жылы – 3,5, 2018 жылы – 3,9 миллиард теңге қарастырылған. Айналымда 7 миллиард теңге қаржымыз жүр. Жоғарыда айтып өткенімдей, жыл сайын 20 тұрғынүй салуымыз үшін бұған қосымша тағы да 7 миллиард теңге қаражат қажет. Биыл 1007 азаматқа үй беріледі. Олардың 953-і арендалық, 54-і банктік несиелеу жолымен баспаналы болғалы отыр. «7-20-25» бағдарламасы өзінің тиімділігін де көрсетуде. Жалпы, бұл тұрғыда 50/50 қағидаты бойынша жұмыс жасалуы керек еді. Яғни, пәтерлердің жартысы салымшылар арасында таратылуға тиіс болатын. Дегенмен, бұл тұрғыда тиісті жұмыстар жүзеге асырылуда. Аталған мәселені Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе пысықтадық. Бүгінгі күні 686 пәтер ұсынылуға дайын тұр, – деді облыс әкімінің орынбасары.
«Сәуленің» сәтті қадамы
Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында 2010 жылы қабылданған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы өз тиімділігін дәлелдегенін, сондықтан оның қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту керектігін айтқан-ды. Расында да байыпты бағдарламаның берері мол.
ҚР Премьер-Министрі келесі кезекте осындай мемлекеттік қолдаудың шарапатын айқын сезінген кәсіпорындардың бірі – «Сәуле» кондитерлік фабрикасында болды.
Онда фабрика басшысы Сәуле Жанабекова жаңадан ашылған зауыттың жұмысы мен тынысы туралы жан-жақты мәліметпен бөлісті. Жобаның жалпы сомасы 1,2 миллиард теңгені құраған.
Облыс орталығында орналасқан кәсіпорын жылына 2160 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Кәсіпкер 2016-2017 жылдар аралығында жабдық және коммерциялық жылжымайтын мүлікті қайта жаңартып, вафли өндіретін желі сатып алуға несие алған. Кондитерлік өндіріс негізінен вафли өнімінің түрлерін шығарумен айналысады.
Бүгінгі таңда фабриканың жобалық құны 850 миллион теңге болатын екінші кезеңінің құрылысы жүргізілуде. Жоба толық іске қосылғанда кәсіпорынның жылдық қуаты 4500 тонна болады деп жоспарлануда. Соған орай тағы жетпіс адамға жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жобаның екінші кезеңі осы жылдың аяғында аяқталмақ. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қомақты қаржыға несие алып, жұмысын жандандырып отырған кәсіпорын өңір экономикасын арттыруға өз септігін тигізуде.
Осы ғимаратта Үкімет басшысы жамбылдық кәсіпкерлермен кездесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдады. Шағын және орта бизнестің өкілдері мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау-көмектерге алғыстарын білдіріп, көкейлерінде жүрген ойларымен бөлісті.
ІТ лицей-интернатының алар асуы алда
Елбасы халыққа арнаған биылғы Жолдауында: «Жаңа технологиялар, роботтандыру мен автоматтандыру еңбек ресурстарына және адам капиталының сапасына қатысты талаптарды күрделендіруде», – деп атап өткен болатын. Өңірімізге жасаған жұмыс сапары барысында Бақытжан Сағынтаев Жолдау жүктеген тапсырмалардың орындалуын бағамдау мақсатында облыс орталығында биыл ғана ашылған дарынды балаларға арналған ІТ лицей-интернатына да арнайы барды.
Елбасының тікелей тапсырмасымен қабылданған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының шеңберінде іске қосылған аталған білім ошағы барлық заманауи құрылғылармен және озық технологиялармен қамтылған.
Айта кету керек, қазіргі таңда аталмыш лицей-интернатта 3 тілді меңгерген 25 ұстаз жұмыс істесе, оның 4-еуі ІТ саласы бойынша дәріс береді. Жаратылыстану бағытындағы пәндердің барлығы дерлік ағылшын тілінде өткізіледі. Сондай-ақ, 32 орынға шақталған кішігірім жатақхана мен асханасы бар, қосымша үйірмелер де жұмыс істейді. Келешекте тағы қосымша ғимарат салу жоспарлануда. Аталмыш оқу орнында жаңа оқу жылының басынан бері 7-8-сынып оқушыларынан 120 баланы қабылдаса, 2019-2020 жылдары құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 300 орынға кеңейтілмек.
Премьер-Министр лицей-интернатты аралау барысында ағымдағы жылдың 1 желтоқсанында ашылатын жаңа инновациялық ІТ орталықтың жай-күйімен, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аясында жүзеге асырылатын «ақылды балабақша», «ақылды мектеп» және «ақылды колледж» бағдарламаларымен танысты. Бақытжан Әбдірұлына аталған бағдарламаларды «Benediximus» ЖШС-ның директоры Талғат Омаров баяндап, алдағы атқарылатын жұмыстар жөніне де кеңінен тоқталды.
– Облыс әкімдігінің қолдауымен ағымдағы жылдың 1 желтоқсанында жаңа инновациялық ІТ орталық ашуды көздеп отырмыз. Аталған орталықтың негізгі мақсаты – облыста жаңа ІТ мамандарды дайындап қана қоймай, мұғалімдер мен оқушыларды робототехника, 3D модельдеуге және Web-бағдарламаларға үйретеміз. Жоспарға сәйкес, келесі жылдың 1 тоқсанында информатика пәнінен дәріс беруші мұғалімдерді робототехника мен 3D модельдеуге үйретуді бастаймыз, – деді Т.Омаров.
Үкімет басшысы өз кезегінде қабылданған бағдарламалардың нәтижелі болуын қамтамасыз етуді қадағалау қажеттігін қадап айтты.
Жұмыспен қамту шаралары жандана түседі
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев халықты жұмыспен қамту орталығының да жұмысымен танысты. Өткен жылдың қазан айында ашылған мекеме облыс тұрғындарын жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартумен айналысады.
Орталықта болған Үкімет басшысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков өңірдегі жұмыспен қамту шараларының барысын, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың көрсеткішін реттеу мен кәсіптік білім беру шараларының жай-күйін баяндады.
– Жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде облыста өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны 222 мыңнан 178 мыңға дейін кеміді. Оның ішінде өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығандардың санын 10 800-ге дейін азайтуға қол жеткізілді.
Қазіргі таңда өңірде шағын несие беруге 6,3 миллиард теңге қарастырылды. Оның 1,5 миллиард теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінген. Бұл республикадағы жоғары көрсеткіш саналады. Күні бүгінге дейін облыста Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының 2-бағытымен 2999 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өтіп, олардың 45,4 пайызы жұмысқа орналасты. Келер жылы жұмыспен қамтуда жоғары көрсеткішке қол жеткізу үшін мамандардың еңбек нарығындағы сұранысына басымдық бере отырып даярлауды ұсынып отырмыз. Сол арқылы кәсіптік оқытудан өткендерге берілетін шағын несие көлемін арттыру мүмкіндігіне қол жеткізер едік. Саладағы тағы бір өзекті мәселе, 2016 жылы бағдарлама аясында қаржы бөлуді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қоры» акционерлік қоғамы жүзеге асырды. Ал, қазір бұл қызмет екінші деңгейлі банктердің құзырына берілген. Сәйкесінше, олардың тарапынан жоғары талаптың қойылуы кәсіпкерлікке ден қоюға ниетті азаматтарға кедергі болуда. Үкіметтен осы ұсыныстарымызды назарға алып, оңтайлы шешілуін сұранамыз, – деді Бекболат Серікбекұлы.
Сонымен бірге, орталық директоры Елдос Кеңесбеков ҚР Премьер-Министріне «Е-Биржа» электронды порталының жұмысы туралы баяндады. Орталық директорының айтуынша, электронды порталдың іске қосылуымен жұмыс берушілердің саны 73 пайызға артқан. Мұнан бөлек, жұмыссыздардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі 31 пайызға ұлғайған екен. Сондай-ақ, орталық көмегімен жұмыс табу мерзімі 28 күнге дейін қысқарыпты.
Шаһар көркі – саялы саябақ
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың жұмыс сапары таяуда ғана толыққанды жаңғыртылған Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақтағы жаңа нысандарды көріп танысуымен жалғасты. Тараз қаласы күнінде пайдалануға берілген саябақта «Тәуелсіздік ұшқыны» стеласы, «Ғибрат» және «Желтоқсан, 86» орталықтары ашылып, қазақтың қайсар перзенті Қайрат Рысқұлбековтің еңселі ескерткіші бой көтерген болатын.
«Желтоқсан, 86» орталығында облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, 15-ықшамауданның, «Шахристан» этно-тарихи, «Тектұрмас» тарихи-этнографиялық кешендерінің жобалық нобайымен таныстырды. Еркебұлан Әбілханұлы бұл жобаларды толыққанды таныстырып қана қоймай, Үкімет басшысын қызықтырған инженерлік инфрақұрылым жүйесі туралы да мәліметтер келтірді.
Бұдан соң Бақытжан Әбдірұлы республика бойынша ең ұзын түрлі-түсті субұрқақ саналатын «Тәуелсіздік толқынына» назар аударды.
Ең басты мақсат – білікті маман дайындау
Сапар барысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжінде де болды. Ең алдымен колледждің материалдық-техникалық базасымен танысқан Бақытжан Әбдірұлы мәжіліс залында өңірдегі жоғары және арнаулы орта оқу орындарының басшыларымен кездесті. Өз сөзінде Үкімет басшысы Елбасының Жолдауынан туындайтын міндеттерді айта келе, алда тұрған жоспарлы жұмыстарды айқындады.
– Елбасы халыққа арнаған Жолдауында білім саласына айрықша басымдық беріп, оқу жүйесін әлемдік стандартқа негіздеу және білім беру мекемелерінің материалдық базасын нығайтуды тапсырғанын жақсы білесіздер. Қазір ғана Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжінің заманауи құрылғылармен жабдықталған зертханаларын көріп, қуанып отырмын. Бұрын мұндай жоғарғы колледж тек Атырау қаласында болатын. Енді міне, Жамбыл жерінде де ашылып отыр. Екі колледжі біріктіру арқылы, барлық талапқа сай арнаулы оқу орнын жасап отырсыздар. Бұл құп көретін бастама.
Бүгінде Жамбыл облысында 51 колледж жұмыс жасап тұрса, кезең-кезеңімен сол арнаулы орта оқу орындарының барлығының материалдық базасын жақсартуымыз керек. Сонда ғана біз білікті кадрларды дайындай аламыз.
Тағы бір айта кетерлігі, Жамбылдағы университеттер мен колледждерде оқу ақысы мүлде төмен екен. Және мұндағы оқу орындарына сырттан келіп грантқа түсіп жатқан студенттер аз. Бұл үлкен мәселе. Демек, университеттер мен колледждер дұрыс деңгейде білім бере алмайды деген сөз. Немесе өзге өңірдегі жастарды қызықтыратындай дүниелері жоқ. Оқу ақысын төмен қылып, ақылы бөлімге білімгерлерді қабылдай бергеннен біз білікті кадр дайындай алмаймыз. Сондықтан жоғары және арнаулы орта оқу орындарын да зерделеуден өткізіп, талапқа сай еместерінің жұмысын тоқтату керек. Және сұранысы жоқ мамандықтарды да жабуымыз қажет. Бүгін міне, сіздермен осы мәселелер төңірегінде ой бөлісу үшін кездесіп отырмын, – деді Премьер-Министр.
Кездесуде сөз алған М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков білім ордасында қолға алынып жатқан тың бастамалардан хабардар етті.
– Биыл біз сұранысы аз мамандықтарды қысқартып, оның орнына мехатроника сынды жаңа мамандарды дайындаудамыз. Қазір аталған мамандықта 40 студент оқып жатыр. Бұл білімгерлер келешекте ғылым мен техника саласының дамуына өлшеусіз үлес қосады деп сенеміз. Грант мәселесіне келсек, ТарМУ-да 12 мың студент білім алып жатса, соның 20 пайызы грантта. Түлектеріміздің 90 пайызы өңірде қалып, облыстың дамуына еңбек етіп жатыр. Осылайша біз Елбасының Жолдауы жүктеген міндеттерді қолдай отырып, білікті кадр дайындауда аянбай тер төгудеміз, – деді ректор.
Өз кезегінде Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлы да өз ойын ортаға салып, Үкімет басшысына бірқатар ұсыныстар айтты.
– Қазіргі таңда, бұл оқу орнында 1085 студент грантта оқып жатыр. Сондай-ақ, биыл Түркменстаннан 700, Өзбекстаннан 85 азамат келіп, бізде білім алуда. Сондықтан алдағы уақытта гранттар санын 2000-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Оқу ақысын көтерсек, облыстағы жастар басқа өңірлерге кетіп қала ма деген қорқыныш басым. Сондықтан нарыққа қарай халықтың қамын ойлап, бағаны көтермей отырмыз. Алайда, бізде қазір үлкен мәселе болып отырғаны – оқытушылардың жетіспеушілігі. Орыс тілінен сабақ беретін педагогтарымыз жоқтың-қасы. Осы мәселені министрлікпен бірлесе отырып, шешсек дейміз. Сондай-ақ, биыл университет оқытушыларын мектепке жіберіп, ал мектеп мұғалімдерін оқу орнына шақырып, білімгерлерге дәріс оқыту жобасын қолға алдық. Және студенттерге арналған жатақхана салу үшін орнын дайындап, демеушілермен келіссөздер жүргізудеміз. Осы сынды бастамаларымыз алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді Е.Әмірбекұлы.
Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов та кездесуде сөз алып, өз ұсыныстарын айтты. Ректордың көтерген мәселелерінің ішінде жас мамандарды жергілікті бюджет есебінен оқыту ұсынысы ерекше талқыға түсті. Ерболат Байұзақұлы тіпті өзі басқарып отырған университет ауданға қажетті білікті маманды дайындай алмаса, қазынадан бөлінген қаржыны қайтарып беруге дайын екенін де жеткізді. Ұсыныс Премьер-Министрді де қызықтыра түсіп, бұл мәселені жан-жақты саралау қажеттігін айтты.
Кездесуде бұдан бөлек, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова да сөз сөйлеп, білім беру саласының жыл ішінде жеткен жетістіктеріне тоқталды. Сондай-ақ, бірқатар колледж директорлары өздері басқаратын оқу орындарының тыныс-тіршілігін баян етсе, жастар атынан сөз алған Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжінің студенті Мұрат Асылхан мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық үшін Президентке және Үкімет басшысына алғысын білдірді.
Ал, жиынды қорытындылаған Бақытжан Әбдірұлы ең басты мақсат білікті кадр дайындау екенін тағы бір мәрте еске салып, педагогтардың бұл бағыттағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Өңірімізге іссапары барысында Премьер-Министр Б.Сағынтаев облыстық балалар ауруханасын аралап, медицина қызметкерлерімен кездесті. Содан соң «Тараз су» мекемесіне арнайы ат басын бұрып, онда тарифтерді төмендету бойынша қолға алынған шараларды талқылауға арналған жиын өткізді. Облыстағы монополиялық мекемелер, коммуналдық кәсіпорындар жетекшілері мен прокуратура өкілдері қатысқан басқосуда облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков баяндама жасап, электр жүйесі, газ, жылу, ауыз су тарифтері бағытында атқарылған жұмыстарды, ондағы мәселелерді жан-жақты әңгімеледі.
– Кешегі Үкімет отырысында көмір саласында бағаны тұрақтандыру бойынша берілген тапсырмаңызға сәйкес, облыс аумағындағы ірі көмір тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерлермен жиналыс өткізіп, олардың ішінен теміржол тұйықтары бар және көмір сақтау қоймалары жеткілікті 5 кәсіпкер іріктеліп алынып, көмір өндіру кен орындарымен тікелей келісімшартқа отыру мақсатында, «Шұбаркөл көмір» және «Қаражыра» акционерлік қоғамдары басшыларына хат жолданып, кәсіпорын басшылары келіссөздер жүргізуге жолға шықты, – деді Б.Орынбеков.
Үкімет басшысы өңірімізде атқарылған шаруаларға оң баға беріп, түйінді түйткілдерді министрліктермен бірлесе шешуді назарға алатынын жеткізді. Сондай-ақ, Елбасы Жолдауы аясындағы жұмыстардың жалғаса беретініне сенім білдірді.