Балтамырдың бабын тапқан «Адлер» | arainews.kz

Балтамырдың бабын тапқан «Адлер»

512

Агросекторды қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламалардың көбеюі аймақ экономикасының өзегі саналатын саланың дамуына тың серпін беріп келеді. Соның есебінен жер төсін емген диқан қауымның еңсесі тік. Әне-міне дегенше шаруалардың ала жаздай алқапта шүмектеп төккен терінің өтеуі болар, күзгі жиын-терім науқаны да аяқталуға таяу. Қыстың болар болмас суық лебі сезілгеннен шаруалар қант қызылшасын жинауға кірісіп те кетті. Қала іргесіндегі Байзақ ауданындағы «Адлер» шаруа қожалығында да қарбаласқа толы күзгі жиын-терім науқаны басталды.

Өткен жылы 76 гектар қызылша алқабынан 3135 тонна өнім жинаған қожалық басшысы тәтті түбірдің биыл да бітік шыққанын айтады.
– Қызылшаны жинауды көбіне қыстың лебі сезілгеннен бастаған дұрыс. Суыққа ұрынған тәтті түбір салмақты болады. Өйткені, осы кезде ғана қызылша өзіне керекті қанттылықты жинап алады. Міне, қазан айының ортасынан күздің қара суығы басталғаннан біз де іске кірістік. Қызылша жинаудың өзі қазір автоматтандырылған. Бұрынғы қол еңбегін заманауи «GRIMME» аталатын неміс комбайны ауыстырған. Бұл техника тәулігіне 7-8 тонна қызылшаны қазып, топырақтан тазартып, жүк көлігіне тиеу қабілетіне ие, – дейді шаруа қожалық басшысы Юрий Шейрер.
Шаруа қожалықтың иелігінде 104 гектар егістік алқабы бар. Мұнда қант қызылшасынан бөлек арпа, көпжылдық шөп және бақша дақылдары егілген. Қазіргі таңда «Адлер» шаруа қожалығында 20 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жалпы, ағымдағы жылы берекелі Байзақ өңірінде стратегиялық дақыл саналатын қант қызылшасы 2102,5 гектар алқапқа орналастырылған. Ауа райының құрғақ болғанына қарамастан шаруашылық, ішкі шаруашылық каналдарына енгізілген су алмастыру жүйелері өз нәтижесін берді.
– Ағын суды тиімді пайдалану мақсатында аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары, «ҚазСуШар» кәсіпорнының облыстық филиалына қарасты Байзақ өндірістік бөлімшесінің қызметкерлерімен бірлескен кезекшіліктер ұйымдастырылды. Соның арқасында қызылша дақылын орналастырған алқаптарға су тоқтаусыз берілді. Қызылша өсіруде судың рөлі өте зор. Сондықтан да стратегиялық дақыл егілген алқаптарға су бірінші кезекте жеткізілді.
Жалпы, биыл байзақтық шаруалар Тараз қант зауытына 38672 тонна қант қызылшасын өткізуді жоспарлап отыр. Тәтті түбір жинау науқанына 5 кешенді техника және 8 комбайн жұмылдырылды.
Бүгінгі таңда аудан бойынша 110 гектар алқаптан тәтті түбір жиналып, Тараз қант зауытына 3198,5 тонна қант қызылшасы өткерілді, – дейді Байзақ ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Болат Сағынбеков.
Қант қызылшасы ерекше күтімді қажет ететін дақыл саналады. Әрі тәтті түбір қант өндірісінде бағалы шикізат ретінде қолданылады. Сәйкесінше, қызылша алқаптарынан алынатын өнімнің еселеп артуы қант зауыттарын шикізаттың мол қорымен қамтамасыз етіп келеді. Бұл орайда, 2000 гектардан аса алқапқа балтамыр егіп, оның бабын тапқан байзақтық шаруалардың үлесі қомақты болмақ.

Шынболат Күзекбаев

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.